Елбасының Жарлығымен Серік Ахметов ҚР Премьер-Министрі болып тағайындалды

 

Бүгін ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің отырысына қатысты. Отырыс барысында Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі  лауазымына Серік Ахметовтің кандидатурасын ұсынды. 
 
Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Парламенті Мәжілісі фракциясының жетекшілерімен кеңескеннен кейін Премьер-Министрдің лауазымына Серік Нығметұлы Ахметовті тағайындау туралы ұсыныс енгізілгенін атап өтті. 
 
«Серік Ахметовтің ірі жобаларды жүзеге асыру саласындағы басқарушылық-әкімшілік жұмыстарда үлкен тәжірибесі бар. Бұл  біздің экономикамызды әлеуметтік жаңғырту, индустрияландыру және әртараптандыру курсын жалғастыруда өте маңызды. Ол Үкіметтің қазіргі кездегі жұмысын біледі әрі  қазір жүзеге асырылып жатқан бағдарламаларды әзірлеуге  ат салысты. Ол осының алдындағы лауазымында өзін жақсы жағынан көрсете білді.   Жаңа Үкіметтің жұмысын тиімді ұйымдастыруда Серік Ахметовтің кандидатурасы анағұрлым қолайлы деп санаймын. Қазақстан Республикасы Конституциясының 56 бабына сәйкес, Парламент Мәжілісінен Серік Ахметовті Қазақстан Ресупбликасының Премьер-Министрі лауазымына тағайындауға келісім беруін сұраймын», - деді Мемлекет басшысы.
 
Парламент Мәжілісінің депутаттары бірауыздан    Серік Ахметовтің кандидатурасын қолдады. Бұдан кейін Қазақстан  Президенті Серік Ахметовті Қазақстан Республикасының   Премьер-Министрі етіп тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды.
 
Өз сөзінде Серік Ахметов Мемлекет басшысына сенім білдіргені үшін алғыс айтты.
 
«Бұл Сіздің алдыңыздағы, ел алдындағы үлкен жауапкершілік.  Тәуелсіздіктің 20 жылы ішінде Өзіңіз құрып әрі басқарып келе жатқан мемлекетіміз қауіпсіздік пен ынтымақтастықтың Еуразиялық орталығына айналды. Жаңа елорданың  салынуы және Астанада  жаһандық деңгейдегі шаралардың өткізілуі - біздің еліміздің және Мемлекет басшысы ретіндегі Сіздің  халықаралық беделіңіздің мойындалуының дәлелі  болып табылады.  Сіздің басшылығымен еліміздегі әлеуметтік-экономикалық реформалар да табысты жүргізіліп келеді», - деп атап өтті Премьер-Министр.
 
Серік Ахметов Мемлекет басшысының жоғары сенімін ақтау үшін барлық күш-жігерін, білімі мен тәжірибесін жұмсайтынына сендірді. 
 
 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу