06 Мамыр 2026, 08:35

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың энергетикалық жүйенің сенімділігін қамтамасыз ету және инфрақұрылымды жаңғырту жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру аясында Қазақстан Республикасының Үкіметі Абай облысындағы жылу желілерін жөндеуге резервтен шамамен 2,5 млрд теңге бөлді. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.
Қаражат алдағы жылыту маусымының тұрақты өтуін қамтамасыз ету үшін Семей қаласындағы жылумен қамту нысандарын жөндеуге бағытталады.
Семей қаласында 340 мыңға жуық халық тұрады. Орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйесі 70 мыңнан астам тұтынушыны, соның ішінде көпқабатты және жеке тұрғын үйлерді, сондай-ақ әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын жылумен қамтамасыз етеді.
Қаладағы сыртқы жылу желілерінің жалпы ұзындығы – 325,5 шақырым. Желілердің тозу деңгейі 58,2% немесе 189 шақырым, бұл инфрақұрылымды кезең-кезеңімен жөндеу және жаңғырту жұмыстарын жалғастыру қажет екенін көрсетеді.
Кейінгі жылдары қалада 54 шақырым жылу желілілерін ауыстыру, күрделі жөндеу, реконструкциялау жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде тозу деңгейі 75%-дан 58%-ға дейін төмендеді.
2025–2026 жылдардағы жылыту маусымына дайындық аясында Семей қаласындағы жылумен қамту нысандарында бірінші кезектегі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл ретте қажетті қаржыландырудың 70%-ы Үкімет резерві есебінен қамтамасыз етілді.
Бөлінген қаржы 2026–2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындық шеңберінде жылу желілерінің ең маңызды учаскелерін жаңартуды жалғастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл Семейдегі жылумен жабдықтау жүйесінің сенімділігін арттырып, қысқы жүктеме кезінде жүйенің тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.
#Жылумен жабдықтау #Инфрақұрылымдық даму #Президенттің тапсырмасы #Энергетика #Үкімет қаулыларыҚазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу