Үкімет білім беру саласын жетілдірудің жүйелі мәселелерін қарады

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында білім беру саласын жетілдірудің жүйелі мәселелері қаралды.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов, Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов баяндама жасады.

«Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру аясында білім беру мазмұнын жаңғырту, оның жаңа инфрақұрылымын құру, педагогтар мен білім алушыларды әлеуметтік қолдау бойынша шаралар әзірленді.

2024 жылға қарай педагогтардың жалақысы мен студенттердің шәкіртақысы 2 есеге ұлғаяды. 800 жаңа мектеп салынып, 5000 ауыл мектебі жаңғыртылады. Колледждерде 9-сынып негізінде оқу толығымен тегін болады. Колледждерді бизнеске сенімді басқаруға беру тәжірибесі жалғасады (қазіргі уақытта 10 колледж берілді).

Университеттердің білім беру бағдарламалары кәсіптік стандарттар негізінде 100% жаңартылады, бұл түлектердің жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін арттырады. Талантты жастардың елден кетуін қысқарту мақсатында шетел университеттерінің филиалдарын ашу жоспарлануда. Отандық 20 жетекші ЖОО өңірлердің өсу нысанасына айналады. Назарбаев университетінің тәжірибесі бойынша инновациялар мен жаңа технологияларды дамытумен айналысатын екі озық ЖОО құрылатын болады.

Жоғары білімнің қолжетімділігін арттыру үшін 2025 жылға дейінгі гранттар саны 50%-ға артады. Жыл сайын жас ғалымдарға 1000 грант бөлінеді, ал 500 қазақстандық ғалым әлемнің танымал ғылыми орталықтарында тағылымдамадан өте алады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша осы жылдың сәуір айында белгіленген үлгідегі құжаттарды бере отырып, қазақстандықтардың өз бетінше оқу нәтижелерін тануды көздейтін Үздіксіз білім беру тұжырымдамасы қабылданады.

Үкімет басшысы Білім және ғылым министрлігіне 2021 жылғы желтоқсанға дейін мектепке дейінгі білім беруді қаржыландырудың ваучерлік тетігін апробациялауды аяқтауды және 2022 жылдан бастап оның жаппай енгізілуін қамтамасыз етуді, осы жылдың 1 сәуіріне дейін әлемдік практикада қабылданған, балабақшалардың жұмыс сапасының көрсеткіштерін («Starting well» рейтингінде) бекітіп, енгізуді тапсырды.

«Балабақшалардың жұмысы ата-аналардың қанағаттану деңгейін, балалардың ерте даму көрсеткіштерін, тамақтану сапасын, жұртшылықтың бағасын ескере отырып бағалануы тиіс», — деді А. Мамин.

Өңірлер әкімдіктеріне жеке балабақшалар желісін дамыту есебінен 2021 жылы 32 мың орынға дейін мектепке дейінгі білім беру орындарын ашуды қамтамасыз ету, 200 жаңа мектепті пайдалануға беру, сондай-ақ қалалық және ауылдық мектептердегі оқыту жағдайларын теңестіру, оның ішінде ауылдық жерлерде жоғары білікті педагогтарды бекіту бойынша нақты шаралар қабылдау тапсырылды.

Білім және ғылым министрлігіне, облыс әкімдіктеріне биылғы 25 наурызға дейін 5 мың ауыл мектебін жарақтандыру, жөндеу, орта қауіпсіздігі жағдайлары, мектеп жиһаздарын жаңарту, кітапханалар мен мектеп асханаларын жаңғырту бойынша нақты индикаторлары бар жаңғырту жөніндегі жол картасын енгізу тапсырылды.

Үкімет басшысы биыл колледждерде кадрлар даярлауға арналған мемлекеттік тапсырысты 20 мың орынға ұлғайтуды, сондай-ақ 9 және 11-сынып түлектерімен алдын ала кәсіптік бағдарлау жұмысын жүргізуді тапсырды.

Білім және ғылым министрлігіне 20 аса мықты ЖОО-ны іріктеп, осы жылдың 25 наурызына дейін Жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігі жөніндегі кеңестің қарауы үшін олардың тізбесін Үкіметке енгізу тапсырылды.

«Білім беру жүйесін кешенді жаңғырту бәсекеге қабілетті экономиканың негізгі факторы болатын сапалы адами капитал қалыптастыру үшін қажетті жағдайлар жасауға мүмкіндік береді», — деді А. Мамин.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу