Үкімет еліміздегі ірі мұнай-газ және мұнай-газ-химия жобаларын дамыту жөніндегі кешенді жоспарды бекітті 

ҚР Үкіметі ірі мұнай-газ және мұнай-газ-химия жобаларын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекітті. Премьер-Министр Әлихан Смайылов тиісті қаулыға қол қойды.

Қабылданған кешенді жоспар мұнай-газ, мұнай-газ өңдеу, сондай-ақ мұнай-газ-химия салаларында 20 маңызды жобаны іске асыруға бағытталған. Жобаларды іске асыруға $37,3 млрд көлемінде инвестициялар тарту көзделіп отыр. 

Атап айтқанда, құжатта 2027 жылға қарай Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған кен орындарында мұнай өндіру деңгейін 105,5 млн тоннаға дейін және газ өндіру деңгейін 82,1 млрд м3 дейін арттыруға бағытталған ірі мұнай-газ жобаларын іске асыру жоспарланған.

Сонымен қатар Кешенді жоспардағы газ өңдеу зауыттарының құрылысы ішкі нарықтың қажеттіліктерін қанағаттандыруға айтарлықтай әсер ететінін атап өткен жөн.

Бұдан басқа ішкі нарықты мұнай өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында үш жобаны іске асыру көзделген. 2029 жылға қарай Шымкент МӨЗ-інде өндіріс қуаты 6-дан 12 млн тоннаға дейін артады деп жоспарланып отыр. Нәтижесінде елімізде жылына 18 млн тонна мұнай өнімдері өндірілетін болады. Өз кезегінде зауытқа мұнай жеткізуді қамтамасыз ету үшін Кеңқияқ-Атырау мұнай құбырын жылына 6 млн-нан 15 млн тоннаға дейін және Кеңқияқ-Құмкөл мұнай құбырын жылына 10 млн-нан 20 млн тоннаға дейін кеңейту жобалары іске асырылатын болады.

Мұнай-газ-химия саласына қатысты қуаты 9,1 млрд м3 газ тазартқыш кешенінің инфрақұрылымдық жобасымен қуаты 1,25 млн тонна полиэтилен өндіретін бірінші интеграцияланған газ-химия кешенін салу сияқты жобаларды іске асыру мұнай-газ және химия өнімдерін өндіру көлемін едәуір ұлғайтуға, ірі инвестициялар тартуға және Теңіз кен орны шикізатының барлық әлеуетін пайдалануға мүмкіндік беретінін атап өткен жөн.

Сонымен қатар геологиялық барлау жобаларын іске асыру және кен орындарын игеру аясында инвестициялардың жалпы көлемі шамамен $10 млрд-ты құрайтын 7 жоба көзделген. Оның ішінде Қаламқас-теңіз және Хазар кен орындарын өндіру жұмыстарына дайындау, Өріктау газ конденсаты кен орнын дамыту, сондай-ақ Қаратон-Подсолевой геологиялық барлау негізгі жобалар болып табылады.

#Әлихан Смайылов #ҚР Премьер-Министрі #Жанар-жағармай материалдары #Мұнай-газ саласы #Үкімет қаулылары

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу