20 Қазан 2024, 12:02
Үкімет Қазақстан Республикасының 2029 жылға дейінгі инвестициялық саясатының тұжырымдамасын бекітті. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.
Құжат Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын, 2024 жылғы 2 ақпандағы инвестицияларды тарту бойынша Кеңес отырысының хаттамалық тапсырмасын іске асыру шеңберінде әзірленді және елімізде жаңа инвестициялық циклды іске қосуға бағытталған.
Жаңартылған Тұжырымдама Қазақстанның 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарында белгіленген стратегиялық міндеттерді орындауды көздейді және оның 2029 жылға дейінгі негізгі мақсаттары негізгі капиталға инвестицияларды ЖІӨ-ге 23%-ға дейін ұлғайтуды, тікелей шетелдік инвестицияларды (ТШИ) кемінде $150 млрд тартуды және жыл сайын ЖІӨ-ге кемінде 2% деңгейінде ТШИ таза ағынын қамтамасыз етуді қамтиды.
Осы мақсаттарға қол жеткізу үшін Тұжырымдамада 3 негізгі бағыт бойынша 46 іс-шара көзделген: инвестициялар тарту экожүйесін одан әрі дамыту; институционалдық негіз бен инфрақұрылымды дамытуға жәрдемдесу; экономиканың инвестициялық әлеуетін ашу.
Бірінші бағыт инвестицияларды тартудың үш деңгейлі жүйесін (сыртқы, орталық, өңірлік) жетілдіру, салалық және өңірлік тәсілді енгізу жолымен инвестицияларды таргеттеу жөніндегі тәсілдерді жақсарту, Ұлттық цифрлық инвестициялық платформаны (ҰЦИП) толыққанды іске қосу және бизнес-қоғамдастықпен жұмысты күшейту жөніндегі шараларды қамтиды.
Инвестицияларды тартудың сыртқы деңгейін күшейту үшін орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың инвестициялар үшін нақты «тапсырыстарды» қалыптастыру үшін шетелдік мекемелермен тиімді өзара іс-қимылы жолға қойылады. Бәсекелестік артықшылықтары бар басым салаларды айқындауға және ОМО, ЖАО және квазимемлекеттік сектор субъектілерінен қажеттіліктерді жинауға негізделген инвестициялық ұсыныстарды тұрақты қалыптастыру бойынша міндеттемелерді енгізу жоспарлануда. Бұл шетелдік мекемелердің елдік инвестициялық бағдарламаларын неғұрлым тиімді іске асыруға мүмкіндік береді және басым салаларға таргеттеуге мүмкіндік береді.
Инвесторлармен кері байланыстың тиімділігін арттыру үшін «Күрделі мәселелер мен инвесторлардың шағымдарының тізілімін» жүргізу көзделеді.
Өңірлік деңгейде жұмысты күшейту мақсатында әкімдердің басшылығымен Инвестициялық өңірлік бағдарламалар (ИӨБ) жасалады және өңірлік инвестициялық штабтар құрылады.
Сонымен қатар инвестициялар тартудың экожүйесін күшейту үшін «жасыл дәліз» тетігі нормативті түрде бекітіледі. «Жасыл дәліздегі» жобалар арнайы қолдау мен ерекше шарттарға ие болады.
Сондай-ақ сот дауларын шешу үшін АХҚО заң құзыретін қолдану мүмкіндігі қаралатын болады.
Барлық салалық бағыттар бойынша инвестициялық штаб жанынан тұрақты негізде жұмыс топтары жұмыс істейді.
Тұжырымдаманың екінші бағыты мемлекеттік қолдау шараларын (инвестициялық преференциялар және т.б.) ұсынудың тиімділігін арттыру, мемлекеттік-жекешелік әріптестік саласындағы саясатты жетілдіру, Арнайы экономикалық аймақтарды (АЭА) дамыту, сондай-ақ бизнес инфрақұрылымына шығыстарды өтеуді ұсыну жөніндегі шараларды көздейді.
Инвестициялық преференцияларды беру кезінде салалық және өңірлік ерекшеліктерді ескере отырып, инвесторлар үшін қарсы міндеттемелерді (экспортқа бағдарлану, жұмыс орындары және т.б.) енгізе отырып, сараланған тәсіл қолданылады. Ірі индустриялық жобалардың өнімдерін сыртқы нарықтарға шығару бойынша Жол карталары әзірленетін болады.
Сондай-ақ салықтық шегерімдер арқылы инвестициялық жобалар үшін инфрақұрылымды жүргізуге арналған шығыстарды өтеу тетігін енгізу мүмкіндігі қарастырылды.
Бірыңғай құқық қолдану практикасы үшін МЖӘ және концессиялар саласындағы заңнама біріктіріледі. МЖӘ жобаларына қойылатын біліктілік талаптарын біртіндеп жеңілдету жоспарлануда.
АЭА тиімді жұмыс істеуі үшін инфрақұрылым толығымен тартылатын болады. Тиімсіз АЭА-ны индустриялық аймақтарға қайта ұйымдастыру, рұқсат етілген қызмет түрлерін оңтайландыру және АЭА резиденттері үшін қарсы міндеттемелерді енгізу көзделеді.
Үшінші бағытта экономиканың инвестициялық әлеуетін ашу бойынша қаржыландырудың баламалы көздерін дамыту, ЕДБ-ні несиелеуді ынталандыру және қор нарығын дамыту жөніндегі іс-шаралар көзделген.
ЕДБ-ні несиелеуді ынталандыру үшін корпоративтік табыс салығының сараланған ставкаларын қоса алғанда, фискалдық жеңілдіктер кешені әзірленетін болады. Қарыз алушыларды бағалау жүйесін жақсарту үшін кредиттік бюро мен мемлекеттік ақпараттық жүйелерді интеграциялауды жалғастыру жоспарлануда.
Инвестициялық және венчурлік қорлар үшін жаңа заңнамалық база құруды қоса алғанда, қаржыландырудың баламалы көздерін дамыту жөніндегі шаралар кешенін әзірлеу көзделген. Инвестициялық қорларды – ETN, ESG және хедж-қорларды дамыту жөніндегі жұмыс жалғастырылады. Жеңілдетілген мемлекеттік несиелеу мен экономикалық шығындар деңгейін төмендету үшін синдикатталған қаржыландыру, кредиттер портфелін секьюритилендіру және үлестік қаржыландыру құралдарын жетілдіру жалғасады.
Бағалы қағаздар нарығы туралы заңнама шетелдік капиталды тарту үшін ESMA стандарттарына сәйкес келтіріледі. Шетелдік инвесторлар жергілікті нарықтарға, ал қазақстандық инвесторлар KASE арқылы шетелдік бағалы қағаздарға тікелей қол жеткізе алады. Clearstream-мен (бағалы қағаздардың халықаралық орталық депозитарийі) ынтымақтастық кеңейеді, осы жүйеде қазақстандық бағалы қағаздардың тізімі ұлғаяды.
Сондай-ақ халықаралық климаттық келіссөздер үшін мамандандырылған бөлімшелер құруды және кредиттік портфельдердің көміртегі ізін бағалау бойынша ұсынымдар әзірлеуді қосқанда, «жасыл инвестицияларды» ынталандыру жөніндегі шаралар көзделеді. Көміртекті бейтараптық стратегиясы 2060 жылға дейін қалдықтарды азайту және парниктік газдарды сіңіруді арттыру жобаларын қаржыландыру үшін «көміртегі» қорын құрады.
Айта кету керек, бүгінгі таңда Үкімет жанындағы Инвестициялық штабқа үлкен өкілеттіктер берілген.
Металдарды терең өңдеу, мұнай, газ және көмір химиясы, туризм, энергетика, машина жасау сияқты басым салаларда жобалар іске асырылды.
Жыл басынан бері Инвестициялық штабпен жалпы сомасы шамамен $45 млрд болатын 88 инвестициялық жоба қаралды, инвесторлармен тұрақты байланыс орнатылды.
Инвестициялық жобаларды сүйемелдеу үшін ұлттық цифрлық инвестициялық платформа жұмыс істейді, онда 755 жоба тіркелген.
Бұдан басқа, жобаларға бастамашылық ету тетігі әзірленді, онда әкімдіктер өңірлік ерекшеліктер мен артықшылықтарды ескере отырып, жобаларға өтінімдерді өздері жібереді.
Заңнаманы жетілдіру шеңберінде инвестициялық масштабта 80 нормативтік-құқықтық актіге қажетті өзгерістер мен толықтыруларды жедел енгізу жөнінде тапсырмалар берілді.
#Инвестициялар #Инвестштаб #Президенттің тапсырмасыҚазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу