Үкімет отырысында өңірлердің жылу беру маусымына дайындығы тыңдалды

Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында өңірлердің алдағы жылу беру маусымына дайындығы туралы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов, Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, ҚР Президентінің мемлекеттік орман қорын ұлғайту жөніндегі тапсырмаларының іске асырылу барысы туралы Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов баяндама жасады.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары өңірлік штабтың тұрақты бақылауында екенін атап өтті. Оның айтуынша, Кентау қаласындағы жылу орталығында 1956 жылдан бері күрделі жөндеу жүргізілмеген. Ғимараттың тозу деңгейі 85%-дан асқан. Биыл 6 қазандықты реконструкциялау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«Атап айтқанда, төрт қазандықтағы жұмыстар толық аяқталды. Қалған екі қазандықта құрылыс-монтаждау жұмыстары кестеге сәйкес жүргізіліп келеді. Бұдан бөлек, екі қазандықта ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, толық аяқталды. Жылыту маусымына 6 қазандық дайын», — деді Дархан Сатыбалды. 

Облыс әкімінің айтуынша, Кентау қаласын тұрақты жылумен қамту үшін 3 қазандық жеткілікті, 3 қазандық резервте болады. Бүгінгі таңда қоймада 13,7 мың тонна көмір бар. Одан бөлек, 44 мың тонна көмір тасымалдауға келісімшарт түзіліп, тасымалдау жұмыстары басталды. Жалпы, 107 мың тонна көмір қажет.

«Кентау қаласындағы 6,6 шақырым магистралды жылу желілері қайта жаңартылған. Одан бөлек, 14,5 шақырым жылу желілерін реконструкциялау бойынша жоба әзірленді, оның жалпы құны 7,6 млрд теңгені құрайды. Бюджеттік өтінім жауапты министрлікке ұсынылды», — деді Түркістан облысының әкімі.

Үкімет отырысында Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов баяндама жасап, өңірдің жылу беру маусымына дайындығы туралы есеп берді.

Әкімнің айтуынша, облыста жылу беру маусымына дайындық жөніндегі барлық жоспарлы жұмыс аяқталды. 490 жылумен жабдықтау нысаны жұмыс істеп тұр. Облыс орталығында жылу беру маусымы 30 қыркүйектен басталды, ал, аудандарда 18 қыркүйек пен 1 қазан аралығында іске қосылды. 

«Бүгінгі таңда 580 білім беру мекемесі, 361 денсаулық сақтау нысаны, 989 көп пәтерлі тұрғын үй жылумен қамтылды. Жалпы, облыста 15 қазанға дейін жылу қосуды аяқтау жоспарланып отыр», — деді Ғауез Нұрмұхамбетов.

Оның мәліметінше, өңір халқының қажеттілігі үшін 285 мың тонна көмір дайындалған. Теміржол тұйықтарында 34 мың тонна көлемінде қор бар. Көмір жеткізу күн сайын жүзеге асырылуда.

Облыс басшысы Петропавл 2-ЖЭО-ға қатысты мәлімет келтіріп, жылу беру маусымында 11 қазандық агрегаты, 7 турбоагрегат жұмыс істейтінін айтты. 

«№1 қазандық агрегатында, №6 турбоагрегатта жұмыстар жалғасуда. Жөндеу жұмыстары кестеге сәйкес жүріп жатыр. Оған 17,6 млрд теңге бөлінді. Бүгінгі күні №1 түтін құбыры 144 метрге дейін көтерлді. Пайдалануға беру 2025-2026 жылдардағы қысқы жылыту маусымына жоспарланып отыр. Екі түтін құбырына (№2 және №3) сараптама жүргізілді, олар жұмысқа жарамды күйде», — деді ол.

Ал, 2-ЖЭО-ге көмір жеткізу кестеге сәйкес жүргізілуде. Қазіргі мәлімет бойынша қорда 193,8 мың тонна көмір және 627 тонна мазут бар. 

«Жылыту маусымының өтуі ерекше бақылауда», — деп түйіндеді сөзін облыс әкімі. 

Өз кезегінде Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай өңірдегі әлеуметтік нысандар жылу беру маусымына толық дайын екенін жеткізді. 

Қазіргі таңда өңір бойынша жылыту маусымына дайындық келесідей:

- тұрғын үйлер – 100% (1930 бірлік);

- білім беру нысандары – 100% (334 бірлік);

- денсаулық сақтау – 100% (104 бірлік);

- әлеуметтік нысан – 100% (117 бірлік);

- қазандықтар – 100% (407 бірлік);

- сумен жабдықтау және су бұру желілері – 100% (4,5 шақырым);

- жылумен жабдықтау желілері – 100% (26,8 шақырым).

Облыс әкімінің мәліметінше, Ақтау қаласы бойынша тозуы жоғары 11,5 шақырым жылу желілерін жаңарту жұмыстары аяқталу сатысында тұр. 

«Құрылыс-монтаждау жұмыстары 5 участкеге бөлінді. Оның 4 участкесі бойынша жұмыстар аяқталып, сумен толтыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Үкімет тарапынан жасалған қолдаудың арқасында жобаны іске асыруға қосымша Үкімет резервінен 5 млрд теңге бөлінді», — деді Нұрдәулет Қилыбай.

Маңғыстау облысы әкімінің баяндамасында айтылғандай, жылу беру маусымына дайындық бойынша жерасты бөлігіндегі жұмыстар толық аяқталған. Жерүсті бөлігіндегі жұмыстар аяқталу сатысында тұр. Жобаға сәйкес, қалған жұмыстар қазан айының 12-не дейін аяқталады. Қала ішіндегі магистралды және шағынауданішілік жылу желілері бойынша гидравликалық сынақ жұмыстары 15 қазанда аяқталады. Әдетте, өңір бойынша жылыту маусымы 15 қазаннан басталады. Болжам бойынша қазан айында ауа райы күндіз +22°C, түнде +14°C болады деп күтілуде.

Үкімет отырысындағы екінші мәселе бойынша Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов баяндама жасады. Ол өңірде ҚР Президентінің мемлекеттік орман қорын ұлғайту жөніндегі тапсырмаларының іске асырылу барысы туралы айтты.

Отырыс барысында Олжас Бектенов Павлодар облысында ағаш отырғызу көрсеткіші төмен екенін ескерткен болатын. 

«Иә, шынында да 2022 жылы қаржыландырудың болмауына байланысты, облыста «Орман өсіру жұмыстарына» дайындық шаралары іске асырылмады. Сол себепті, өткен жылы аймағымыз – «Кешенді ағаш отырғызу» бойынша жоспарлы көрсеткішке қол жеткізе алмады. Сондықтан, біз туындаған жағдайды түзету үшін – биыл бұл бағытта қажетті қаражат бөлдік. Сондай-ақ Еуразиялық үздік кәсіпорындарымен «Орман дақылдарын отырғызу» бойынша екі жылдық меморандум жасалды. Нәтижесінде, көктемде 6,7 млн түп қарағай көшетінің 2,2 млн түбі отырғызылды. 23 қыркүйектен бастап 700 гектардан астам аумаққа қалған 4,5 млн түп көшет отырғызу жұмыстары жүргізілді. Осылайша, жоспар 100%-ға орындалады», — деді облыс әкімі Асайын Байханов. 

Оның айтуынша, келесі жылғы болжамды көрсеткіш – 1,400 гектарды құрайды. Нақты айтқанда, оның 800 гектары, яғни 60%-ы жергілікті қаражат есебінен болса, қалғаны – Еуразиялық үздік кәсіпорындарының қаржысымен жүзеге асырылады. 

«Келесі жылы да 2 уақытша және 1 тұрақты «Орман тәлімбағын» құру жоспарда бар. Бұл – жыл сайын, аймақтағы орман шаруашылығының отырғызу материалы қажеттілігін өтеуге мүмкіндік береді. Алдағы уақытта біз орман алқабын одан әрі 5,3 мың гектарға ұлғайтуды көздеп отырмыз. Сондықтан,аталған бағытта облысымызда жүргізіліп жатқан жұмыс жалғасуда әрі тұрақты бақылауда», — деді өңір әкімі Асайын Байханов. 

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу