Үкімет сағатында мал шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу және экспорттауды дамыту мәселелері талқыланды

24 маусым күні Мәжілісте Үкімет сағаты өтті. Онда еліміздегі мал шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу және экспорттауды дамыту мәселелері талқыланды. ҚР ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров баяндама жасады.

«Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді дамыту және оның үлесін өндірілетін шикізаттың 70% дейін жеткізу қажеттігін атап өтті. Осыған байланысты ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді дамыту Үкіметтің тұрақты бақылауында», — деді министр.  

2023 жылдың қорытындысы бойынша тамақ өнімдерін өндіру көлемі өткен жылдың қорытындысынан 1,5%-ға өсіп, 3,1 трлн теңгені құраған. Салаға келіп жатқан инвестициялар легі өсуде, өткен жылы тамақ өнімдері өндірісінің негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі 3,9%-ға өсіп, 151 млрд теңгені құрады.

АӨК өнімдерінің экспорт көлемі 2022 жылдың деңгейінде сақталып, 2023 жылы $5,4 млрд құрады.

Өткен жылғы қолайсыз климаттық жағдайларға қарамастан, сала өндіріс көлемінің артуы есебінен құлдырауға жол бермеді. Қайта өңделген өнімдердің экспорттағы үлесі 42,6%-ға жетіп, $2,3 млрд құрады.

Экспортқа шығарылған өңделген мал шаруашылығы өнімдерінің көлемі $187 млн құрады. Бұл барлық өңделген өнім экспортының 8,2%-ын құрайды. Дегенмен, бұл үлесті арттырудың әлеуеті зор.

Бұл ретте заттай түрде өңделген сүт өндірісі 2,9%-ға (582 мың тоннадан 599 мың тоннаға), сары май 18,6%-ға (26-дан 31 мың тоннаға), ірімшік пен сүзбе 10,5%-ға (40-тан 44 мың тоннаға дейін), салқындатылған ет 9,8%-ға (73-тен 80 мың тоннаға дейін), шұжық өнімдері 0,9%-ға (66,7-ден 67,3 мың тоннаға дейін) өсті.

Алайда құрғақ сүт өндірісі 25,4%-ға (7,4-тен 5,5 мың тоннаға), ет консервілері өндірісі 3,9%-ға (6,4-тен 6,0 мың тоннаға дейін) төмендеді. Осы өнімдер шұжық өнімдерімен бірге Қазақстан Республикасының импорт бөлігінде көш бастап тұр.

Даму жылдарында ірі қара және ұсақ мал етінің, жұмыртқаның, қышқыл сүт өнімдерінің және басқа да бірқатар позициялардың экспортын ұлғайтуға мүмкіндік туды, бірақ нарықтарды ашу бойынша да, отандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру бөлігінде де көптеген жұмыстар атқарылуда.

«Жиынтығы қайта өңдеуді дамытуды қиындататын саланың келесідей проблемаларға ерекше назар аударылды. Біріншіден, шикізаттың жетіспеушілігі және қымбаттылығы.  Статистикаға сәйкес, мал шаруашылығындағы шикізат жеткілікті болғанымен, деректер нақты жағдайға сәйкес келмейді. Мысалы, ресми статистикаға сәйкес жыл сайын шамамен 6,5 млн тонна сүт өндіріледі, бірақ оның тек 2,1 млн тоннасы 180 кәсіпорында өңделеді. Бұл факт мал шаруашылығында да, өсімдік шаруашылығында да статистикалық деректерді бұрмалаудың көп жылдық тәжірибесінің болуымен түсіндіріледі. Осыған байланысты Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің төрағалығымен статистикалық деректерді өзектендіру бойынша арнайы жұмыс тобы құрылды. Комиссия жүргізілген жұмыстың нәтижесінде 2 млн бас мал мен 3 млн тонна сүт есептен шығарылды», — деді ведомство басшысы.  

Оның айтуынша, өсімдік шаруашылығында жұмыс жалғасуда. Релеванттық деректер жоспарлау мен ішкі нарықты реттеу бойынша шешімдер қабылдау сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Екіншіден, импорттың жоғары үлесі. Егер тұтас сүт пен ашытылған сүт өнімдеріне отандық өндіріс ішкі қажеттілікті жабатын болса, онда сатып алушы ішетін йогурттардың, қаймақтың, айранның және басқа да өнімдердің кең ассортиментін көреді. Бірқатар басқа атаулар бойынша қиындықтар бар.

Импорттың негізгі үлесін кілегей, май, құрғақ сүт, ірімшік және сүзбе алады. Тек соңғы жылдың өзінде сүт өнімдерінің импорты шикі  сүтке қайта есептегенде 2022 жылғы 580 мың тоннадан 2023 жылы 800 мың тоннаға дейін өсті.

Арзан импорттың қысымынан басқа, отандық дайын өнімдердің жоғары өзіндік құнын көреміз. Мысалы, қазақстандық сары майдың өзіндік құны – килограмына 3100 теңге. Ал импорттың орташа бағасы – килограмына 1800-2300 теңге. Бұл жерде техникалық регламенттерге және тұтынушылардың өнімнің құрамы мен сапасы туралы хабарсыздығына да байланысты, бірақ мұндай бәсекелестік ішкі өндіріске кері әсерін тигізеді. Сапасы төмен өнімдер мәселесін шешу үшін жауапты мемлекеттік органдардың қолдауы қажет. Сондай-ақ спрэд пен сары май, ірімшік пен ірімшік өнімі арасындағы және барлық басқа позициялар арасындағы айырмашылығы жайлы үлкен түсіндіру жұмыстары қажет. Бұл мәселеде Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауы керек.

Үшіншіден, қайта өңдеу саласы дамуының тежеуші факторы жеңілдетілген қаржыландырудың, негізгі де, және айналым да қаражаттың болмауы болып табылады.

Төртіншіден, отандық өңдеу кәсіпорындарында моральдық және физикалық тұрғыдан тозығы жеткен жабдықтар үлесінің жоғары болуы, жоғары технологиялық өндірістердің болмауы.

Қазақстандық ет өнімдерін өндірушілер шетелдік әріптестерінің алдында бәсекеге қабілетсіз, өйткені олар қан, ішектер және де басқа да төменгі бөліктері сияқты барлық компоненттерді пайдалана алмайды.

Бағалау мәліметтеріне сәйкес, ұшаның еттен басқа компоненттерінен қазақстандық өндірушілердің табатын пайдасы бір бастан шамамен $70 болса, ал көрші елдерде олардың құны $200-ден $500 дейін құрайды, бұл сатып алушыларға тартымды баға ұсынуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар қайта өңделген премиум өнімдер сияқты жоғары маржалық бағыттарды дамыту үшін ғылым мен өндірістің тығыз өзара іс-қимылы бойынша жұмыс; салқындатылған еттің ұзақ сақталуын қамтамасыз етуге арналған әзірлемелер қажет. Бұл экспорт географиясы мен кірістілігін кеңейтуге мүмкіндік береді.

Бесіншіден, теріні өңдеуде мәселе шикізаттың төмен сапасында жатыр. Терінің жылдық өндіріс көлемі 3,5 млн дананы құрайды, оның шамамен 600 мыңы қайта өңдеуге және экспортқа жіберіледі.

Малдың көп бөлігін сою кезінде терілер былғары кәсіпорындарының талаптарына сәйкес келмейді (кесу, зиянкестердің зақымдануы және т.б.). Нәтижесінде, 2023 жылы өндірілген терілердің 15%-ы қайта өңдеуге және экспорттауға жұмсалды.

«Мұнда мәселенің шешімі – терілер мен жүннің сапасы маңызды емес өндірістерді дамыту, мысалы-желатин мен жемшөп қоспаларын өндіру немесе жылу оқшаулағыш материалдар жасау. Қайта өңдеу өнеркәсібін дамыту мәселесін кешенді түрде қарастыру қажет, бұл қазақстандық қайта өңдеу кәсіпорындарының тиімділігін арттыру, оның ішінде олардың кірістілігі мен маржиналдылығын арттыру сияқты жүйелі шешімдерді талап етеді. Бұл өз кезегінде оларға шикізаттың әділ бағасын төлеуге көбірек мүмкіндік береді. Бизнес қоғамдастықпен және барлық мүдделі мемлекеттік органдармен түйткілді мәселелерді талдау және талқылау нәтижесінде Қайта өңдеу өнеркәсібін дамытудың алдағы 5 жылға арналған кешенді жоспарын әзірленді», — деді Айдарбек Сапаров.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамытудың 2028 жылға дейінгі кешенді жоспары әзірленіп, Үкіметке бекітуге ұсынылды. Құжат қайта өңдеуді қолдаудың жаңа шараларын, жаңа нарықтарды ашуды, сондай-ақ қазақстандық өңдеушілерді қолдау үшін қорғау шараларын қолдануды көздейді.

Бірінші. Шикізат мәселесін жүйелі түрде шешу үшін әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы агроөнеркәсіптік кешен саласындағы ірі өнеркәсіптік инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тарату шеңберінде шаралар қабылдануда.

100,0 млрд теңге сомасына 65 тауарлық сүт фермасын қаржыландыру жоспарланған. Бұл жылына 372 мың тонна сүт өндіруді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл шаралар ауыл шаруашылығы саласында бұрын-соңды болмаған және бұл іс жалғасын табады.

Бұл ретте Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2024 жылдан бастап бұл бағдарлама көп бағыттарды қамтиды. Енді тауарлық сүт фермаларын, суландыруды, көкөніс қоймалары мен құс фабрикаларын қаржыландырумен қатар, тағы 8 бағыт, оның ішінде ауыл шаруашылығын қайта өңдеу бойынша кәсіпорындар да қаржыландырылатын болады.

Анықтама ретінде:

- етті мал шаруашылығы кәсіпорындары (5000 бастан);

- жеміс сақтау қоймалары (1000 тоннадан);

- өндірістік жылыжайлар;

- ауыл шаруашылығы өнімдерін, оның ішінде жүн мен терілерді терең өңдеу кәсіпорындары;

- қуаттылығы жылына 25 тонна тауарлық балық балық және басқа да су жануарларын өсіруге арналған балық шаруашылықтары;

- өнімділігі тәулігіне 1 тонна болатын балықты кесуге, одан әрі терең өңдеуге және сақтауға арналған зауыт;

- осы Қағидалар шеңберінде агроөнеркәсіп кешеніндегі жобалар үшін орау материалдарын өндіретін кәсіпорындар;

- құс шаруашылығындағы асыл тұқымды репродукторлар.

Екіншіден, шикізаттың өзіндік құнын төмендету үшін шаралар кешені қабылданды.

Өңдеуге арналған шикізат құнының 70%-ға дейінгі бөлігін азықтың құны құрайды.

Олардың құнын арзандату мақсатында өндірісті қарқындату, егістерді әртараптандыру және оларды суландыру шаралары іске асырылады.

Биыл алғаш егіс жұмыстарына жеңілдікті кредит беру көлемі 580 млрд теңгені құрайды (бұрын 180 млрд.теңге болатын). Бұл 9 млн га немесе 38% ауыл шаруашылығы дақылдарын (бұрын егістікпен қамту 15%-дан аспайтын) қамтуға мүмкіндік берді.

«Ағымдағы жылы азықтық дақылдар көлемі 3,4 млн гектарға жеткізілді, бұл 2023 жылғы деңгейден 314 мың гектарға көп. 2026 жылға қарай азықтық дақылдардың егіс алаңдарын 3,6 млн гектарға дейін жеткізу жоспарлануда», — деп сендірді сала басшысы.

Оның сөзінше, өнімділікті арттырудың басты қағидасы – минералды тыңайтқыштарды қолдану. Мәселен, өткен жылы жыл бойына (егіс, сүрі жерлер, күзгі қолдану) 670 мың тонна егілген болса, биылғы жылы 1,5 млн.тонна тыңайтқыштар енгізу жоспарланған, қазіргі таңда оның 962,5 мың тоннасы сатып алынды.

Бұдан басқа Азық-түлік корпорациясының желісі бойынша фермерлерге 235 мың тонна көлемінде арзандатылған бағамен өткізу үшін тұрақты жемдік қор құрылды.

«Жоғарыда аталған барлық шаралар өңдеу саласын жеткілікті көлемде сапалы, қолжетімді мал шаруашылығы шикізатымен қамтамасыз етуге ықпал етеді», — деп атап өтті министр.

Үшінші шара технологиялық тұрғыдан артта қалу мәселелерін шешуді көздейді.  Жүйелі негізде шешу үшін өнімді өткізу арналары жолға қойылған әлемдік алпауыттарды шақыру арқылы, сондай-ақ жұмыс істеп тұрған ет комбинаттары үшін нарықтарды кеңейтуге техникалық мамандарды тарту және ғылыми әзірлемелерді жүргізу арқылы ел ішінде технологияларды дамыту шараларын қабылдау жоспарлануда. 

Төртіншіден, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін әртүрлі өнім түрлерінен сынамалар мен талдауларды жүргізетін ситуациялық штаб жұмыс істейді. Ветеринария комитетінің атынан министрлік те штабтың мүшесі болып табылады және шикізаттың, яғни шикі сүттің немесе еттің сақталуына жауапты. Ветеринария комитеті сонымен қатар эпизоотиялық қауіп бар аймақтардан өңделген өнімдерді әкелуге тыйым салады. Бұл бағытта штабқа кіретін барлық жауапты мемлекеттік органдардың үйлестірілген жұмысы қажет.

«Министрлік тарапынан ветеринариялық зертханалардың материалдық-техникалық базасын жақсарту үшін 2023 жылы Үкімет резервінен масс-спектрометриялық детекторы бар тиімділігі жоғары сұйық хроматографтың 9 бірлігін сатып алуға 3,8 млрд теңге бөлінді. Егер бұрын біз сүтті 5 компонентке тексере алсақ, енді осы зертханаларды енгізгеннен кейін 70-тен астам компонентке тексерілетін болады, бұл сүт өнімдерінің, оның ішінде импорттық сүттің сапасын бақылауды едәуір арттырады», — деді Айдарбек Сапаров.

Ветеринариялық зертханалардың материалдық-техникалық базасын одан әрі жақсарту үшін 2025-2027 жылдарға жалпы сомасы 7,1 млрд теңгеге қосымша бюджеттік өтінім дайындалды. Мемлекеттік инвестициялық жоба Ұлттық экономика министрлігінің қарауында.

Бесіншіден, Кешенді жоспардың негізгі блогы ішкі және сыртқы нарықтарда өткізу нарықтарын кеңейту мәселесі болып табылады. Мысалы, министрлік мал шаруашылығы өнімдерінің экспорттық нарықтарын ашу бойынша белсенді жұмыс жүргізуде.

Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта Еуразиялық экономикалық одақ елдері, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдері, Еуропалық одақ елдері, Моңғолия, Әзірбайжан, Грузия, Иран, Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері және басқа елдерге (Түркия, Қытай Халық Республикасы, Жапония және Корея) қазақстандық мал шаруашылығы өнімдерінің жекелеген түрлері бойынша экспортқа қойылатын ветеринариялық талаптар келісілген.

Тәжікстанға, Бахрейнге, Катарға, Кувейтке және Оманға жануарлар мен мал шаруашылығы өнімдерін экспорттау жеңілдетілген тәртіппен жүзеге асырылады.

Қытай нарығын ашу бойынша үлкен жұмыс жүргізілді. Нәтижесінде ағымдағы жылдың 7 ақпанынан бастап Қазақстан Республикасының бүкіл аумағы жоғары патогенді құс тұмауынан, ал Қазақстанның оңтүстік-шығыс облыстары аусылдан таза деп танылды.

Осыған байланысты, қытай тарапы Қазақстанның барлық аумағынан құс еті мен ілеспе өнімдерді әкелуге және Қазақстанның оңтүстік-шығыс аумағынан аша тұяқты жануарларға және тиісті өнімдерді әкелуге енгізілген шектеулерді алып тастады.

«Қытайға терінің, қосалқы өнімдердің экспорттық нарықтарын ашу бойынша жұмыс жалғасуда - бұл бағытта талаптарды келісу және хаттамаларға қол қою бойынша үлкен жұмыс жүргізіліп жатыр. Биылғы жылы жұмысты аяқтауды жоспарлап отырмыз, бұл қазақстандық зауыттарға қосалқы өнімдер мен терілерді сату мен кейіннен экспорттаудан қосымша табыс табуға мүмкіндік береді», — деді министр.

Сонымен қатар Сауда және интеграция министрлігімен бірлесіп, өңделген өнімнің экспортын дамыту және ілгерілету бойынша шаралар қабылдануда, мысалы:

– экспорттаушылардың көлік шығыстарының бір бөлігін өтеу,

– экспорттаушыларға сервистік қолдау көрсету (сауда-экономикалық миссияларға, халықаралық көрмелерге, форумдарға, жәрмеңкелерге қатысуға, шетелдік сертификаттау мен аккредиттеуден өтуге, сыртқы нарықтардағы тауарларды жарнамалауға жұмсалатын шығындарды өтеу),

– халықаралық нарықтарға шығу кезінде әлеуетті экспорттаушыларды қолдау және оқыту.

– агроөнеркәсіптік кешен өнімдерін экспортқа жылжыту үшін елшіліктер жанынан жаңа штат бірліктерін (атташелер) құру мәселесі пысықталуда (бірінші кезеңде 6 елде: Қытай Халық Республикасы, Америка Құрама Штаттары, Біріккен Араб Әмірліктері, Ресей Федерациясы, Түркия, Италия - Еуро Одақ елдеріне шығу үшін).

Сонымен қатар Айдарбек Сапаров ішкі өткізу нарығын кеңейту үшін мемлекеттік ұйымдардың азық-түлік тауарларын сатып алу кезінде басым жағдайлар жасау есебінен реттелетін сатып алулардағы қазақстандық қамтуды ұлғайту жөнінде шаралар қабылдау қажет екенін атап өтті.

Алдын ала бағалау бойынша Қазақстанда азық-түлік өнімдері бойынша реттелетін сатып алу көлемі жылына 300 млрд теңгені құрайды. Мәселен, «Ұлттық режимнен алып тастауды белгілеудің кейбір мәселелері туралы» Үкімет қаулысы шеңберінде Министрлік мемлекеттік ұйымдар тек отандық өндірушілерден сатып алатын азық-түлік тауарларының тізбесін бекітті.

«Бұл отандық өндірістің дамуына оң әсер тигізеді. Бұл мәселе бойынша қазақстандық қамтуды растауға қатысты әлі де проблемалар бар, олар бойынша Үкімет жұмыс істеуде. Реттелетін сатып алулардағы кейтерингтік қызмет көрсету нарығы да үлкен өткізу нарығы болып табылады. Мысал ретінде жер қойнауын пайдаланушы компанияларды тамақпен қамтамасыз ету, сондай-ақ армияның, түзеу мекемелерінің қажеттіліктеріне сатып алу, ұлттық компаниялардың ұшақтарының бортында азық-түлік сатып алу болып табылады. Қазақстандық азық-түлік өнімдері бірінші кезекте осы мақсаттарға пайдаланылуы тиіс деп санаймын. Алайда, қазақстандық өндірушілер үшін бұл нарыққа қолжетімділік өте шектеулі. Дегенмен, бұл көп жағдайда біздің қайта өңдеу өнімдерін импорты бойынша да ұстанымдарымызды түзетуі мүмкін», — деді сала басшысы.

Оның айтуынша, кейтеринг нарығы жылына шамамен 190 млрд теңгені құрайды, салыстыру үшін ұлттық режимнен алынуға жататын АӨК өнімдерінің нарығы жылына шамамен 70 млрд теңгені құрайды. Алайда, кейтерингтік қызметтерді жеткізушілерге әсер етудің жұмыс істейтін тетіктері әзірге жоқ, бұл бағытта жұмыс күшейтілетін болады.

«Супермаркеттердегі сөрелерге қолжеткізу бойынша біз «Сауда қызметі туралы» заңда депутаттардың қазақстандық тауарлар үшін сөрелердегі орынды қамтамасыз ету бөлігіндегі бастамасын қолдаймыз. Отандық өндірушілерді қолдау және кедендік ресімдеу кезінде импорттық өнімнің құнын төмендетуді болдырмау мақсатында бағалардың ең төменгі деңгейі қолданылатын тауарлардың тізбесін кеңейту бойынша жұмыс жүргізілуде. Қазіргі уақытта бұл ұсыныстарды мүдделі мемлекеттік органдар ведомствоаралық комиссия шеңберінде пысықтауда. Кешенді жоспарда жүн мен теріні өңдеуді дамытуға ерекше орын бөлінген. Осы жерде айта кететін жайт, бұл саланы дамыту функциясы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінен 2022 жылдың аяғынан бастап қана Ауыл шаруашылығы министрлігіне берілген», — деді министр.

Сондықтан 2023 жылдан бастап Инвестициялық субсидиялау ережесінде жүн және тері өндіру мен өңдеу жобасын іске асыру құнының 25 пайызын өтеу көзделген.

Тері өңдеу бойынша Солтүстік Қазақстан және Алматы облыстарында жалпы қуаты 6,8 мың тонна азықтық қоспаларды өндіретін 2 жоба іске асырылды. Бұл қуаттылығы 4,8 мың тонна  СК «Протеин» және қуаттылығы 2 мың тонналық «Бату Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Қазіргі уақытта Алматы қаласында қуаты жылына 7 мың тонна болатын желатин өндіретін «Iskefe Holding» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің инвестициялық жобасы пысықталуда.

Жүн өңдеу үлесінің төмендігі мәселесінің шешімі қылшықты және жартылай қылшықты жүнді өңдеуге маманданған кәсіпорындар құру болып табылады. Мұндай кәсіпорын Ақтөбе облысында салынып жатқан «KAZFELTEC» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі зауыты болып табылады, ол жылу оқшаулағыш материалдарды дайындау үшін қылшықты жүнді пайдаланатын болады. Кәсіпорынның қуаттылығы - жылына 2,1 мың тонна жүн өңдеу.

Сонымен қатар Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің ғалымдары жүнді жылыжайлар үшін гидропоника ретінде пайдалану тиімділігін зерттеуді аяқтауда. Оң нәтижелер алынды, олар жыл соңына қарай ауқымды өндіріске берілетін болады.

Өз кезегінде отандық өңдеу кәсіпорындарын ынталандыру үшін тері мен жүнді өңдеуге тапсырған кезде фермерлерді субсидиялау жоспарлануда. 

Өнеркәсіптік көлемді қалыптастыру мақсатында елдің барлық өңірлерінде, оның ішінде ауыл шаруашылығы жануарларының терісі мен жүні бойынша дайындаушы орталықтарды құру жоспарлануда.

Инвестициялық жобаларды іске асыру үшін Солтүстік Қазақстан тәжірибесіне сүйене отырып, Аграрлық несие корпорациясы және Қазақстанның Даму Банкі арқылы, сондай-ақ несиелер мен лизинг бойынша пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау арқылы жеңілдетілген несиелендіру көзделетін болады.

«Жалпы Ауыл шаруашылығы өнімдерін  қайта өңдеуді дамытудың кешенді жоспары шеңберінде 5 жыл ішінде 372 млрд теңгеден астам, оның ішінде инвестициялық мақсаттарға 150 млрд теңге және айналым мақсаттарына – 222 млрд теңге бағыттау жоспарлануда.Жоспарды іске асыру тамақ және өңдеу өнеркәсібінің дамуына жақсы серпін береді, өңделген өнімдердің жалпы өндірісін 1,4 есеге ұлғайтуға және агроөнеркәсіптік кешен өнімдерін өңдеу үлесін арттыруға мүмкіндік береді», — деп түйіндеді баяндамасын Айдарбек Сапаров.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу