04 Шілде 2023, 18:00
Үкіметте ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен Астананы сумен тұрақты түрде қамтамасыз ету және Мемлекет басшысының елорданы дамыту мәселелеріне арналған кеңесте берген тапсырмаларын орындау шаралары талқыланды.
Астана әкімі Жеңіс Қасымбек бүгінде су қысымы қалыпқа келтіріліп, қаланы сумен тұрақты түрде қамтамасыз ету жолға қойылғанын мәлімдеді. Маусым айында Астана су қоймасынан су құбырының алғашқы бөлігі іске қосылып, тәулігіне 90 мың текше метрге жуық су беру қамтамасыз етілді. Сондай-ақ жаңа сорғы-сүзгі стансасын кезең-кезеңімен пайдалануға беру басталды. Жүйе реттелгеннен кейін тәулігіне 35 мың текше метрлік бірінші қондырғы іске қосылады. Тамыз айында жалпы 105 мың текше метрді қосу арқылы толық жобалық қуатына жету керек.
Ұзақ мерзімді шаралар шеңберінде Қ. Сәтбаев атындағы каналдан су құбырын жүргізе отырып, төртінші сорғы-сүзгі стансасын іске қосу жоспарланып отыр. Ауыз су мен техникалық судың резервтік көзі ретінде Нұра жерасты суы кен орнынан су құбырын тарту және Тельман сорғы стансасын кеңейту жоспарланған.
Әлихан Смайылов тиісті құжаттарды ресімдеуге және барлық техникалық мәселелерді шешуге қатысты Қ. Сәтбаев атындағы канал арқылы қаланы сумен қамту бойынша жұмысты жеделдету қажеттігін атап өтті.
«Экология министрлігі бұл үдерісті кешіктірмеуі тиіс», — деді Әлихан Смайылов.
Кеңес барысында елорда әкімі Жеңіс Қасымбек қаланы дамытудың 2035 жылға дейінгі жаңа бас жоспарын әзірлеу, көші-қон ағынын реттеу және Астананың 2050 жылға дейінгі даму стратегиясына түзетулер енгізу жөніндегі шаралар туралы баяндады.
Бұл ретте Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында елорда аумағын көгалдандырудың жалпы тұжырымдамасы әзірленді. Биылдың өзінде қалада 1 млн-ға жуық жасыл желек отырғызу жоспарланып отыр. Сонымен қатар қоғамдық кеңістіктерді жақсарту және жалпы абаттандыру бойынша шаралар қабылданатын болады.
Әкімдік сонымен қатар тұрғын үй қорын жаңғыртудың мемлекеттік бағдарламасы жобасын әзірледі. Оның аясында 2029 жылға дейін 14 мыңға жуық азаматты қоныстандыру жоспарланып отыр. Сондай-ақ бүгінгі таңда 52 проблемалық үлестік құрылыс нысанының 16-сы аяқталмаған күйде қалып отыр. Бұл 32 үй немесе 4 мыңнан астам үлескерге қатысты мәселе жыл соңына дейін шешіледі.
Жылумен қамтамасыз ету бойынша 3-ЖЭО мен 2 газ қазандығы құрылысының 1-кезеңі жүргізіліп жатыр. Оны осы жылдың жылыту маусымы басталғанға дейін аяқтау жоспарланып отыр. Сонымен қатар қаланы газбен қамту және қосалқы электр стансаларының қуатын арттыру жұмыстары жалғасып келеді.
Көлік ағынын жеңілдету мақсатында әкімдік биыл 30 жобаны жүзеге асыруды, оның ішінде Тәуелсіздік көпіріндегі қозғалысты қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар өнеркәсіпті дамыту қорының тетігі арқылы отандық автобустарды сатып алынып, қоғамдық көлік паркі 400 бірлікке ұлғайтылады.
Әлеуметтік нысандарға келетін болсақ, жыл соңына дейін 18 мың орындық 11 мектеп салу жоспарланып отыр. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Оқу-ағарту министрлігі және Samruk-Kazyna Construction-мен бірлесіп 88 мың оқушыға арналған 24 мектептің құрылысына жер телімдері ресімделді. Алдағы уақытта 16,4 мың оқушыға арналған мектеп құрылысы үшін тағы 17 инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ. Нәтижесінде 2025 жылға дейін жаңа 125,4 мың орын ашылады. Бұл ретте балаларды мектепке дейінгі біліммен толық қамту үшін 8 мыңнан астам жаңа орын ашылмақ.
Сонымен қатар елордада 2 перинаталды орталық салу жоспарланса, биыл жеке инвестиция есебінен 3 амбулаториялық-емханалық кешеннің құрылысы басталуы тиіс.
#Әлихан Смайылов #ҚР Премьер-министрі #Инфрақұрылымдық даму #су ресурстары«Елорданы дамыту мәселелері Мемлекет басшысының ерекше бақылауында. Мемлекеттік органдар тарапынан талап етілетін шешімдерді жедел әрі дұрыс қабылдау қажет. Сондай-ақ әкімдіктен тиісті жобаларды жүзеге асыру үшін дер кезінде шаралар қабылдау талап етіледі. Енді біз мүмкіндігінше барлық нысандарды инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге және келешектің дайындығын жасауға тиіспіз», — деді Әлихан Смайылов.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу