Үкіметте денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту мәселелері қаралды

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту мәселелері бойынша кеңес өтті.

Кеңес барысында өңірлерде Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында аудандық ауруханаларға күрделі жөндеу жүргізу және реконструкциялау, денсаулық сақтау нысандарын салу, жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу мәселелері қаралды.

Жобаларды уақтылы жүзеге асыру, күн тәртібіндегі мәселелерді шешу және халықты, әсіресе ауыл тұрғындарын, заманауи әрі сапалы медициналық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударылды.

2026 жылдың соңына дейін «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 32 аудандық ауруханада жаңғырту жұмыстарын аяқтау бойынша тапсырма берілді.

Соңғы үш жылда еліміз бойынша 813 денсаулық сақтау нысаны салынды, оның ішінде 655 нысан — «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жүзеге асырылды.

Сонымен қатар республикалық маңызы бар нысандарды, сондай-ақ өңірлердегі ірі медициналық нысандарды салу жобаларын жүзеге асыру жалғасуда. Қазіргі уақытта республика бойынша шамамен 50 денсаулық сақтау нысанының құрылысы жүргізілуде.

Кеңес қорытындысы бойынша облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар әкімдіктеріне әрбір нысан бойынша түйткілді мәселелерді егжей-тегжейлі пысықтау, құрылыс жұмыстарын уақтылы аяқтау үшін қажетті шаралар қабылдау және жобалардың жүзеге асырылу барысына тұрақты бақылауды қамтамасыз ету тапсырылды.

#Денсаулық сақтау #Инфрақұрылымдық даму #Нұрлыбек Нәлібаев #Президенттің тапсырмасы

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу