Үкіметте экология және қоршаған ортаны қорғау мәселелері қаралды

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында экология және қоршаған ортаны қорғау мәселелері қаралды.

Атқарылып жатқан жұмыстар туралы экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев, энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев, индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев, ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров, Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин, Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов, Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек баяндады.

Ү.ж. 1 қарашада Глазго қаласында өткен БҰҰ СОР26 саммиті шеңберінде Қазақстан климаттың өзгеруіне қарсы күреске бейілділігі туралы ұстанымын растады.

Қазақстан парниктік газ шығарындыларын 15%-ға азайту міндеттемесін қабылдай отырып, Париж келісімін әлемде алғашқылардың бірі болып ратификациялады. ҚР алға қойған мақсатына қол жеткізу үшін ұлттық деңгейде айқындалған үлес (ҰДАҮ) жаңартылды, сондай-ақ жаңа Экологиялық кодекс қабылданды.

2030 жылға қарай жаңартылатын көздерден алынатын энергия үлесі 3%-дан 15%-ға дейін 5 есеге, газ генерациясы есебінен энергия үлесі 20%-дан 40%-ға дейін 2 есеге артады. Көмірден өндірілетін энергия үлесін 70%-дан 40%-ға дейін төмендету жоспарлануда. 2025 жылға қарай 2 млрд-тан астам ағаш отырғызу есебінен көміртекті сіңіру әлеуеті артады.

Қазақстанның көміртегі бейтараптығына қол жеткізуі бойынша қабылданған міндеттемелер шеңберінде 2060 жылға қарай Үкімет энергетика, өңдеу өнеркәсібі, ауыл және орман шаруашылығы, көлік, ТКШ және қалдықтарды кәдеге жаратуға баса назар аудара отырып, экономиканың барлық секторларында елеулі реформаларды көздейтін стратегиялық құжат әзірлеуде.

Көміртекті бейтараптығына жерді пайдалану мен суды пайдаланудың тұрақтылығын, экономиканың энергетикалық тиімділігін арттыру, электрлендіру және экологиялық таза және жаңартылатын энергия көздерін кең ауқымда пайдалану арқылы қол жеткізіледі.

Парниктік газ шығарындыларын азайту жөніндегі жоспарларды іске асыру кезінде нарық тетіктері мен жеке инвестициялардың әлеуеті барынша пайдаланылатын болады.

БҰҰ СОР26 саммитінің қорытындысы бойынша Қазақстан орман және жерді пайдалану жөніндегі декларацияға, сондай-ақ жастарды оқыту және тарту жөніндегі міндеттемеге қосылды.

Бүгінгі таңда Аралдағы экологияны жақсарту жұмыстары аясында теңіздің құрғаған түбіне 1,1 млн га жерге сексеуіл отырғызу жалғасуда. А.ж. сексеуіл егу 100 мың га алқапта, келесі 4 жылда жыл сайын 250 мың га алқапта жүргізілетін болады.

Қоқыс тастайтын жерлерді жою және оған жол бермеу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі таңда 7,3 мың полигонның 86%-ы (6,3 мың) жойылды. Рейдтік іс-шаралар жүргізілді, 17 мыңға жуық құқық бұзушы жауапкершілікке тартылды.

2022 жылдан бастап Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Өскемен, Ақтөбе және Қарағанды қалаларында қоқысты қайта өңдеу зауыттарын салу жобалары іске асырыла бастайды.

Атмосфералық ауа сапасын жақсарту, қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру, елдің су объектілерінің экожүйелерін, биоалуантүрлілікті сақтау және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды дамыту жөніндегі шаралар «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасында көзделген.

Үкімет басшысы Ұлттық экономика министрлігіне 2022 жылдың 1 сәуіріне дейін көміртектік бейтараптыққа қол жеткізу жөніндегі Стратегияның пысықталған жобасын енгізуді тапсырды.

Экология министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, қолданыстағы заңнаманың жаңа талаптарына сәйкес құрылыс полигондарын құру мәселесін пысықтау, сондай-ақ еліміздің 10 қаласында ірі кәсіпорындардың ластаушы заттар шығарындыларын азайту көрсеткіштеріне қол жеткізу және жол карталарын әзірлеу  бойынша шаралар қабылдау тапсырылды.

Энергетика министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, жеке сектор мен шаруашылық жүргізуші субъектілерді газдандыру мәселелерін жандандыру тапсырылды. «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасына сәйкес 2025 жылға қарай халықты газдандыру үлесі 60%-ға жетеді, 11,7 млн адам газға қол жеткізеді.

Барлық өңірлердің әкімдіктеріне экологиялық жағдайды жақсарту жөніндегі Жол карталары шеңберінде 2021 жылға жоспарланған барлық іс-шаралардың орындалуын қамтамасыз ету тапсырылды.

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-ботқа жазылыңыз

Жазылу