Үкіметте инфрақұрылымды дамыту және отандық әуежайларға инвестициялар тарту мәселелері талқыланды

Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр орталық және жергілікті атқарушы органдармен ел әуежайларының қызметін дамыту мәселелері бойынша кеңес өткізді.

Бүгінгі таңда азаматтық авиация саласының негізгі көрсеткіштері тұрақты өсімді көрсетіп отыр.

2022 жылдың қорытындысы бойынша әуежайларда 21,1 млн жолаушыға қызмет көрсетілді, бұл 2021 жылмен салыстырғанда (18,2 млн адам) 16%-ға артық.

Өсу қарқыны биыл да сақталып отыр.

Биылғы 1 қыркүйектегі Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында әуежайларды жүктерді жинақтау және тарату бойынша бәсекеге қабілетті және сапалы қызмет көрсететін мультимодальды орталықтар ретінде дамыту қажеттігін атап өтті.

Кеңес барысында инфрақұрылымды дамыту, әуежайларға инвестиция тарту мәселелері қаралды.

Жеке инвестициялар есебінен Алматы, Шымкент, Қызылорда қалаларының әуежайларында жаңа жолаушылар терминалдарын салу бойынша ірі жобаларды іске асыру жұмыстары жалғасуда. Құрылыс келесі жылы аяқталады деп жоспарланған.

Сонымен қатар Көлік министрлігі авиаотынның жетіспеушілігі, әуежайларда арнайы техника мен жабдықтардың тозуы, тариф саясаты, сондай-ақ әуежайлардағы кедендік және салықтық рәсімдер сияқты елдің транзиттік әлеуетін дамытудың тежеуші факторларын айтты.

Кеңес қорытындысы бойынша мемлекеттік органдарға талқыланған мәселелерді кезең-кезеңімен шешу бойынша бірқатар тапсырмалар берілді.

Анықтама: ағымдағы жылдың 8 айында қызмет көрсетілген жолаушылар саны 28 %-ға артып, 17 млн адамды құрады (2022 жылы – 13,3 млн адам).

#Роман Скляр #Азаматтық авиация #Инфрақұрылымдық даму

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу