20 Ақпан 2019, 17:35

Үкімет үйінде Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен жұмыс кеңесі барысында Президенттің «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауында берген тапсырмаларын орындау аясында «қарапайым заттар экономикасы» салаларының өндірістерін дамыту мәселелері қаралды.
Кеңес барысында құрылыс материалдарын шығару, сондай-ақ жеңіл, жиһаз және азық-түлік өнеркәсіптерін дамыту жөніндегі жол карталарының жобалары қаралды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің деректері бойынша, жол карталарының негізгі мақсаты — үш сала бойынша өндіріс көлемдерін ұлғайту. Сонымен қатар, отандық тауар өндірушілерді қаржылық және сервистік қолдаудың және олардың бәсекеге қабілеттігін арттырудың, нарықтарды қазақстандық өнімдермен молықтырудың, импортты алмастыруды, инфрақұрылымдық базаны дамытудың, сондай-ақ техникалық реттеу және «сұр» импортпен күрес саласындағы тиімділікті арттырудың қолданыстағы құралдарын жетілдіру мәселелері талқыланды.
Мәселелерді талқылауға Премьер-Министрдің Бірінші орынбасары А. Мамин, Премьер-Министрдің орынбасары Ө. Шөкеев, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Ж. Қасымбек, ұлттық экономика министрі Т. Сүлейменов, қаржы министрі Ә. Смайылов, ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі А. Евниев, «Қазақстанның индустрияны дамыту институты» АҚ басқарма төрайымы Д. Жүнісова, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Э. Жұмағазиев қатысты.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу