Үкіметте кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларын қайта қарастыру мәселесі талқыланды

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың төрағалығымен өткен кеңесте шағын және орта бизнесті мемлекеттік қолдаудың барлық шарасына аудит жүргізу мәселесі талқыланды. Жиынға Ұлттық банк, «Атамекен» ҰКП және мемлекеттік орган өкілдері қатысты.

Бүгінде шағын және орта бизнесті қаржылық және инфрақұрылымдық қолдау шаралары аясында 80 құрал қолданылады.

Қаржы министрлігі мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігіне мониторинг жүргізетін «e-Minfin» ақпараттық жүйесін әзірлеп, іске қосты. Бағалау үш тиімділік көрсеткіші бойынша жүргізіледі: бюджеттік, қаржы-экономикалық және әлеуметтік-экономикалық. Сондай-ақ көрсетілген мемлекеттік қолдау шаралары туралы мәліметтерді автоматты түрде алу мақсатында он оператормен жасалған интеграция аяқталды. Бүгінде бұл құрал 27 мемлекеттік орган мен ұйымның 260-тан астам пайдаланушысына қолжетімді.

«Атамекен» ҰКП мәліметінше, мемлекеттік қолдау аясында 2022 жылы 21 913 ШОБ субъектісіне сервистік қолдау көрсету бойынша 26 195 қызмет көрсетілген. 39 474 клиентке ақпараттық-кеңес беру қызметі бойынша 136 129 кеңес берілді. 24,7 млрд теңгеге 2676 жобаны қаржыландыруға қолдау көрсетілді. Жобалар аясында 3104 жұмыс орны ашылды. Жаңадан 1435 кәсіпорын ашылып, 340 ШОБ субъектісіне келісімшарт жобалары әзірленді.

#Ерұлан Жамаубаев #ШОБ

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу