Үкіметте Ұлттық білім беру деректер қорын жаңғырту барысы қаралды

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Ұлттық білім беру деректер қорын жаңғырту мәселелері бойынша кеңес өткізді.

Оның барысында оқу-ағарту министрі мен «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасының Ұлттық білім беру деректер қорын жаңғырту барысы және оның негізінде Ұлттық білім беру платформасын дамыту жөніндегі атқарылып жатқан жұмыстар туралы есептері тыңдалды.

Шымкент қаласы, Түркістан, Ақтөбе және Алматы облыстары әкімдерінің орынбасарлары өңірлердегі білім беру ұйымдарын цифрландыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Жаңартылған жүйе арқылы 1-сыныпқа қабылдауға 490 мыңнан астам өтініш онлайн режимде берілген. Техникалық, орта білімнен кейінгі және кәсіптік білім беру ұйымдарына қабылдау үдерісі толық автоматтандырылған. Нәтижесінде колледждерге оқуға 220 мыңнан астам талапкер түскен.

Нұрлыбек Нәлібаев Ұлттық білім беру платформасын енгізу халыққа білім беру саласындағы мемлекеттік қызметтерді автоматтандыруды қамтамасыз етумен қатар, бюджет қаражатын едәуір үнемдеуге, үнемделген қаражатты білім беру саласындағы басқа да қажеттіліктерге бағыттауға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Кеңес қорытындысы бойынша мүдделі мемлекеттік органдарға тиісті тапсырмалар берілді.

#Білім беру #Нұрлыбек Нәлібаев #Цифрландыру

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу