Үкіметтің 2021 жылға арналған заң жобалау жұмыстарының жоспары орындалды — М. Бекетаев

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында әділет министрі Марат Бекетаев Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының ағымдағы жылғы жоспарының орындалу барысы және Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының 2022 жылға арналған жоспарының жобасы туралы баяндады.

«Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының екі мың жиырма бірінші жылға арналған жоспары 25 заң жобасын әзірлеуді және Парламент Мәжілісіне енгізуді көздейді. Қазіргі уақытта 25 заң жобасының 5-уіне Мемлекет басшысы қол қойды, 1-уін Парламент қабылдады, 18-і Парламенттің қарауында, бір заң жобасы бүгінгі отырыста қарастырылып, Парламентке енгізіледі», — деді министр.

Жыл барысында жоспарға Үкіметтің 4 қаулысымен түзетулер енгізілді, 3 заң жобасы бойынша Үкімет пен Парламентке енгізу мерзімдері ауыстырылды. Бұл қоғамдық бақылау, инновацияларды ынталандыру және цифрландыруды дамыту мәселелері жөніндегі заң жобалары. Үш заң жобасының атаулары өзгертілді. 

Жалпы соңғы жылдары Жоспардың орындалуы оң серпінді көрсетіп отыр. Ағымдағы жылы Жоспарға қосымша заң жобаларын енгізу бойынша түзетулер болған жоқ. 2021 жылға арналған Жоспар толықтай орындалды.

Одан соң Марат Бекетаев 2022 жылға арналған Жоспар жобасы туралы айтты. Әділет министрлігі Заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия мүшелерімен 2022 жылға арналған Жоспар жобасын әзірледі. Бастапқыда жоспар жобасында Парламентке 31 заң жобасын әзірлеу және енгізу қарастырылған болатын

Ағымдағы жылғы 10 қарашада Жоспар жобасын таныстыру барысында жоспарланған заң жобаларының негізгі ережелері, сондай-ақ оларды әзірлеу негіздері баяндалды. Ұсынылып отырған жоспар жобасы Президент Әкімшілігінің ескертулерімен пысықталды. Атап айтқанда, заң жобаларын Парламентке енгізу мерзімдері қайта қаралды, сондай-ақ тұжырымдамалары тиісті талқылауды талап ететін бірқатар бастамалар алынып тасталды. Қалған бөлігінде Жоспар жобасы өзгертілген жоқ.

«Пысықталған Жоспар жобасы 26 заң жобасын әзірлеуді көздейді. Бірінші жартыжылдықта – 7 заң жобасын, екінші жартыжылдықта – 19 заң жобасын», — деп қорытындылады әділет министрі.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу