Үкіметтің қолдау бағдарламалары ауылдың жаңа моделін қалыптастыруға бағытталады 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кезектен тыс өткен жаңа сайлаудағы жарқын жеңісі бүкіл ел көлеміндегі бетбұрысты сәт. Енді осының алдындағы қолға алынған реформалық шаралар бұрынғыдан да үлкен пәрмен алып, барынша тереңдетіле түспек. Әділет пен адалдық мәселесі алдыңғы қатарға қойылып отыр.

Әділетті жаңа Қазақстанды құру ісінде Үкіметке үлкен жауапкершілік артылатындығы белгілі. Оның алдында сан қабат күрделі жұмыстар тұр. Біз бүгін соның маңызды бір бөлігі – соңғы отыз жылда елімізді кернеп алған урбанизациялық үдерістер туралы айтып өтеміз. Үкіметтің қазіргі жасап жатқан жұмыстары жүйелі жолға түсе келе елімізде нарық экономикасына сай жаңа ауылдар бейнесін қалыптастыруға әкеледі деп күтілуде. 

УРБАНИЗАЦИЯ ҚЫРЛАРЫ

Урбанизация – еңбек бөлінісінің қоғамдық және аумақтық тұрғыдан тарихи қалыптасуынан пайда болып, әлемнің әртүрлі елдері мен өңірлерінің өзіндік ерек­шеліктеріне сәйкес дамитын әлеуметтік-экономикалық, демографиялық, географиялық секілді көп жақты қырлары бар күрделі құбылыс. Көне латын тіліндегі мағынасы «қалалық» деген ұғымды білдіреді. Яғни, ең қысқаша айтар болсақ, урбанизация, бұл – қала тіршілігі мен тұрмысының және мәдениетінің үстемдікке ие болуы.

Ауылдан Астанаға

Қазақстан жерінде Кеңес Одағының тұсында-ақ белсенді сипатқа ие болған осы құбылыс еліміздің тәуелсіздікке ие болуының нәтижесінде жаңа бір қырынан көрініс беріп, қазақ халқының көш-керуенін қалаларға қарай бағыттады. Ауылдан қоныс аударған әрбір төрт отбасының үшеуі қаланы таңдады. Осының нәтижесінде қалада тұратын қазақтардың үлес салмағы айта қалар­лықтай өсті. Егер тоқсаныншы жылдың басында қазақ халқы қалалықтардың 27%-ын ғана құраған болса, 1999 жылы 43%-ын құрады. Қазіргі көрсеткіштің бұдан да жоғары екені белгілі.

Қазақстанда қазір қалалық агломера­цияның дамуы ең алдымен Алматы қаласының бет бейнесінен байқалады. Бұл қала өзіне Талғар, Николаев, Қалқаман секілді бірнеше елді мекенді қосып алу арқылы барған сайын қанатын кең жайып келеді. Енді бір адым аттаса Қаскелеңге жетпек. Мамандардың айтысына қарағанда, Алматы төңірегі бір ядролы қалалық агломерация ретінде қалыптасып келеді.

Астананың қазіргі өсу, кеңею деңгейі де агломерациялану үрдісін байқатады. Ол маңайындағы Көктал, Мичурин, Кірпішті секілді елді мекендерді өзіне қосып алды.

Қарағанды, Теміртау қалаларының да бір-біріне жақын келуі тағы бір қызықты құбылыс. Бұл жерде екі орталықты қалалық агломерацияның пайда болу құбылысы байқалады. Осындай үдерістер еліміздің басқа өңірлері мен қалаларында да жүріп жатыр.

Қазақстанда ендігі салынатын қалалар мен кенттерді жоспарлағанда немесе бұрынғыларын қайта жаңғыртқанда оның адамзаттың жолында, тіршілік артериясының бойында орналасуын ескерген жөн. Қазір Алматы қаласы неге күрт дами бастады? Себебі, бұл қаланың арғы жағында алып Қытай тұр. Қала соның экономикалық қуатынан нәр алып, аз жылдың өзінде-ақ бүкіл Орталық Азияның ірі сауда орталығына айналып үлгерді. Бұрын ірі өнеркәсіптік қалалар мен Ресейге жақын орналасқан қалалар ғана жақсы дамып келген болатын. Енді Шымкент, Алматы секілді еліміздің оңтүстік-шығысында орналасқан қалалары да басымдықпен дами түсті. Бұл ненің белгісі? Бұл Қазақстанның бірте-бірте Батыс пен Шығыс ортасындағы көпірге айнала бастауының белгісі. Біздің географиялық орналасуымыздың ел болашағы үшін аса тиімді екендігінің бір көрінісі.

Қазақстандық құбылыс

Сөйтіп, тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстан­ның ең үлкен екі қаласы Алматы мен Астана өте жедел қарқынмен дамуда. Алматы халқының саны соңғы 6-7 жылда 160 мың адамға ұлғайып, қазір 2 миллионға жуықтап қалған. Бұл – ресми де­рек­тер.

Астананың қарқындылығы тіптен ерекше. Алғашқы жасалған қала дамуының жоспары бойынша Астана тұрғындарының саны 500 мыңдық белеске 2020 жылы жетеді деп жобаланған болатын. Дегенмен, өмірдің өзгерістері бұл жобаға қарағанда әлдеқайда жылдам болды. Астана 500 мыңдық белеске жобадағыдан 18 жыл бұрын, яғни 2002 жылы көтеріліп үлгерді. Егер елордаға халықтың осылайша ағылуы сақтала беретін болса, қазір 1,2 миллионның үстіне шығып отырған астаналықтар саны енді бір бес-алты жылда 1,5 миллиондық белеске шығуы да ғажап емес.

Рас, басқа қалаларға келіп қоныс теуіп жатқандар да жоқ емес. Бірақ оның есесіне ол қалалардың тұрғындары Аста­на мен Алматыға қарай жылжығанды жөн көреді және солай болып та жатыр.

Сонымен қатар кейбір өңірлердің табиғатының жағымдылығы және ондағы жүріп жатқан өзгерістер халықтың көшіп келуіне әсер етуде. Мәселен, Шымкент қаласы халқының саны жағынан өзінің алдында тұрған Қарағанды қаласын қуып жетіп, басып озды. Жалпы еліміздің оңтүстік өңірінде халық саны ұлғаю үстінде. Атырау, Ақтау қалалары да өсіп келеді.

Бірақ Астана, Алматы қалаларының қазіргі тартымдылығына ешбір өңір ілесе алмайды. Мұны қазіргі таңдағы Қазақстандағы урбандалу үрдісінің бір ерекшелігі ретінде атап көрсетуге болады. Бұл жағдай Қазақстанның жаңа астанасының шын мәнінде халықтың талғамынан шыға білгендігін, оның болашағына ел тұрғын­дарының үлкен сеніммен қарайтындығын білдіреді.

Сондай-ақ елдің бұрынғы астанасы Алматы қаласына қатысты ел басшы­лы­ғының саясаты дұрысқа шыққандығын өмірдің өзі көрсетіп отыр. Алматы үлкен сауда, қаржы және бизнес орталығы ретінде дамуға бет алды.

Урбандалудың қазіргі әсерінен елімізде үлкен-үлкен қалалық агломе­рациялар пайда бола бастады, ал кейбір ауылдар халықтан босап қалды. Бұл мәселеге мемлекет те араласып, реттеу тетіктерін іске қосуы тиіс. 

Қазақстанда Астана мен Алматыдан басқа да 80-нен астам қала бар. Ол қалалар өздері орналасқан өңірлердің негізгі қаңқасы іспетті. Өңірдегі тір­шіліктің негізгі тармақтары сол қалаларға келіп тоғысып, өзінше бір үйлесім тауып жатады. Бұл ретте облыс орталықтары маңызды рөл атқарады. Олардың көпшілігі әр өңірде, бүкіл Қазақстанның алып аумағын ортаға алып, иілген доға тәрізденіп шеңбер жасай орналас­қандықтан елдің орталығына қарағанда шекара маңайына жақын тұр.

Бұл орналасудың Қазақстан үшін елеулі маңызы бар. Біріншіден, ол еліміз­дің алып аумағына халықтардың шашы­рай орналасуына қызмет етеді. Екіншіден, өңірлер мен қалалардың әлі то­лық ашылып болмаған экономикалық әлеуетін іске қосып, оны тиімді пайда­ла­нуға, жер ресурстарын игеруге жәр­демдеседі.

Үкімет аймақтық даму жөнінде бағдарлама қабылдап, онда әр өңірдің өзіне тән ерекшелігін, тіршілік көздерін ескере отырып, негізгі даму бағыттарын айқындады. Қазір осыған байланысты көптеген шаралар қабылданып жүзеге асырылып жатыр. Соның экономикалық тиімді тәсілдерінің бірі – жеті бағыт бойынша белгіленіп отырған кластерлік даму жоспары.

Оның үстіне Мемлекет басшысының еліміздің 2020 жылға дейінгі даму бағыты мен жүйесін белгілеген Жолдауында өңірлік даму мәселесіне ерекше мән берді. Жолдаудың өзі негізгі екі басым бағытты қамтыған. Олар еліміздің индустриялық-инновациялық дамуы және өңірлердің дамуы. Міне, осы жағдайды пайдалана отырып, алдағы уақытта ауылдардың дамуына ерекше мән беруіміз, олардың даму жолдарын қарастыра отырып, ауылдық аумақтық дамудың қазіргі заман талабы мен Қазақстанның ішкі мүмкіндіктеріне сәйкес келетін өзіндік бір үлгісін таңдауымыз қажет.

Қай үлгіге жүгінеміз

Егер әлемдік тәжірибелерге назар аударсақ, ел халқының белгілі бір қалалар, әсіресе, астана айналасына ғана шоғыр­лануы негізінен дамушы елдерге тән құбылыс. 

Шынайы урбанизациялану толымды, жан-жақты табыстар арқылы қоғамның алға қарай серпілісінен көрінеді. Мәселен, адамдар қалада да, ауылда да жақсы тұрмысқа жетіп, бірақ соған қарамастан қаланы таңдап алып жатса, мұның жөні бөлек. Қазақстандағы урбанизациялану алдағы уақытта осындай жолға түседі деген сенімдеміз. Ол үшін әрине, орталықтар ғана емес, өңірлер де гүлденуі керек. Міне, сол кезде Астана, Алматы секілді еліміздің басты қалаларындағы тұрғындар санын осы қалалардың бас жоспарына сәйкес реттеп отырудың мүмкіндігі де пайда болады. Бұл осы қалалардың талапқа сай көркеюіне де алып келеді.

Қазақстандағы реформалар бірінші кезекте жұмысы тоқыраған ірі өндірістерге жан бітіруден басталды. Шикізат өндіру мәселесі шешілгеннен кейін енді соның күшімен ауылды көтеру қолға алынуда. Саясатымыздағы осы аздаған айырманың өзі көрші отырғанымызбен екі елде ішкі ерекшеліктердің мол екендігін білдіреді. Соның бастыларының бірі Қытайда халық көп, ал сол көп халықтың ауқымымен салыстырғанда жер көлемі аздық етеді. Ал Қазақстанда халық саны шамалы, сол шамалы халық санымен салыстырғанда жер ресурстарын айтарлықтай мол деуге болады. Қытайдың жер көлемі Қазақстаннан 3-4 есе артық болғанда халқының саны 100 еседей көп. Демек халықты қоныстандыру мәселесіндегі қытайлық үлгі Қазақстанға келе бермейді.

Канада үлгісі 

Урбанизациялану үрдістері жөнінен Қазақстанға үлгі алуға лайық елдер бар. Біздің Қазақстан үшін соның бірі, тіпті бірегейі алыстағы Канада елі деуге болады. Себебі, бұл елдің бізге арасы алыс болғанымен ұқсастығы көп.

Біріншіден, Канада да Қазақстан секілді жерге бай, ал сол жер көлемімен есептегенде халқының саны шағын мемлекет. Ел аумағы 9976 шаршы шақырымды (бізден үш есе үлкен), халқының саны 30 миллион адамды (бізден екі есе көп) құрайды. Қазақстанда 1 шаршы шақырымға 5,5 адамнан келсе, Канадада 3 адамнан келеді.

Тағы бір ұқсастық жағы, Канада да табиғи шикізат көздеріне өте бай. Темір, металл, мұнай, тағы басқа пайдалы кен орындары өзіне ғана емес сыртқа шығарып сатуға молынан жетеді.

Канада да біз секілді ірі индустриялық-аграрлық ел. Сыртқа бидай және басқа да өнімдер экспорттаумен айналысады. Ал табиғи климаттық жағдайы біздің солтүстік өңірлерге келіңкірейді.

Осыдан біраз жылдай уақыт бұрын «Қазақстан: Батыспен үнқатысу» атты халықаралық конференцияға қатысқан Канаданың бұрынғы Премьер-Министрі Жан Кретьен өзінің Қазақстандағы даму барысына айрықша ықылас қоятындығын айта келе, мұның себебін былай деп түсіндірген болатын. 

«Бүгін сіздердің елдеріңіздің алдынан кешегі біз секілді үлкен мүмкіндіктер ашылып отыр. Сіздердің табиғи ресурстарыңыз бүкіл әлемнің наза­рын өзіне аударды. Сіздердің географиялық орналасуларыңыз да ел экономикасын нәрлендіретіндей өте бір ұрымтал тұста тұр. Менің елім Канада өзінің АҚШ-пен көршілігін басты экономикалық артықшы­лығына айналдыра білді. Әрине, алыппен көрші болу оңай емес. Дегенмен, бүгінгі жаһандық экономикада халықаралық сауда мен оның барлық тиімді жақтары туралы әңгіме қозғалып жатқанда географиялық орналасу жөнінде адасуларға орын болмауы тиіс. Оның үстіне, сіздердің геосаясаттағы маңыздылықтарыңыз екі көршілеріңізден де әріде жатыр. Қарқынды дамып келе жатқан тағы бір алып ел Индиямен, ресурсқа бай Таяу Шығыспен жақын орналасуларыңыз, Орталық Азиямен көршіліктеріңіз әлемнің көз тіккен осы бір нүктесінде өте маңызды рөл ойнай алатындықтарыңызды білдіреді», — деді Канаданың бұрынғы Премьер-Министрі Жан Кретьен.

Міне, осы Канадада халықтың 80%-­ы қалаларда қоныс тепкен (ал бізде әзірге 53%-ы ғана). Канада урбандалудың жоғары деңгейіне жеткен ел. 

Әлем елдерінде «қала» деген ұғымның біртұтас өлшемдері қалыптаспаған. Көптеген елдерде ауыл шаруашылығы өндірісінен тыс тұрған және халық көбірек шоғырланған елді қала деп атайды. Біздің осы кезге дейінгі түсінігімізде көп қабатты үйлері мен мәдени-әлеуметтік ғимараттары мол кездесетін, ол үйлер бір орталықтан жылытылатын елді мекендер қала аталып келді. Ал енді дамыған батыста қала адамдары көпқабатты үйлерден қашып, алдында жері бар бір-екі қабатты жеке үйлерге шығып жатыр.

Сондай-ақ қаланың тағы бір өлшемі адамдар санына да қатысты. Ресейде қала атану үшін елді мекенде 12 мың адамның, Жапонияда 30 мың адамның болуы қажет болса, Канада үшін тұрғын саны 1 мыңнан асса, соның өзі жетіп жатыр. Біз үшін Канаданың осы бір тәжірибесі қызықты. Өйткені, мұндай шағын қалалар бізде жоқ. Оның есесіне бізде тұрғындар саны 10-15 мыңға жетсе де ауыл аталатын елді мекендер жеткілікті.

Канадада қаланы қалыптастырудың басты өлшеміне адамдардың саны емес, қалаға тән инфрақұрылымдардың болуы алынады. Канада – байтақ дала мен шағын қалалар елі. Жердің молдығы мен халық санының аз болуы осы үлгіні тиімді етеді.

Ал өз тәуелсіздігіне енді ие болып, әлеу­меттік-экономикалық реформаларды жаңа бастаған Қазақстан жағдайында ауыл еңсесі енді ғана түзеліп келеді. Көптеген ауылдарда әзірге мектеп пен емханадан басқа дұрыс жұмыс орындары да болмай отыр. Бірінші кезектегі міндет ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту. Үкімет осыған күш салуда.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚР Президенттігіне кандидат ретіндегі сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру Үкіметтің таяудағы мерзімге арналған басты міндеттерінің бірі болып отыр. Соған сәйкес жуырда өткен Үкімет отырысында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру мәселесі қаралды. Осыған сәйкес таяудағы кезеңде ауылдық жерлерде 700-ге жуық медицина мекемесінің ашылатындығы белгілі болды. Шалғай ауылдардың тұрғындарына медициналық қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында көлік медицинасы одан әрі дамытылмақ. Жоғары оқу орындарын бітірген медициналық кадрлардың ауылға қарай бағытталуы күшейтіліп, осыған сәйкес ынталандыру шаралары іске қосылғандығын денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният мәлім етті.

«Үкіметтің жұмысы негізінен экономиканы демонополизациялауға, кәсіпкерлік қызметті ынталандыруға және азаматтардың табысын арттыруға, білім беру мен денсаулық сақтау жүйелерін жаңғыртуға бағытталатын болады», — деп атап көрсетті Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов.

Елімізде осыған дейін қабылданған Ауылдық аумақтарды дамы­тудың 2004-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы, басқа да бағдарламалар мен ұлттық жобалар өз  кезеңінде ауылды аман алып қалуға бағытталған болатын. Бұл бағдарламалардың әзірге қол жеткізген жетістіктерінің бірі еліміздің әрбір ауылын жүздеген өлшемдерге сәйкес зерттеп, жағдайын айқындап бергендігі болды. Даму болашағына сәйкес ауылдар төрт топқа жіктелді. Бірінші, екінші топтағыларға, яғни болашағы барларына мемлекет тарапынан қолдау шаралары көрсетіліп жатыр.

Енді бірінші топтағы ауылдардың өзін аймақтар бойынша қайта жіктеп, олардың ішінде қалаға айналуға мүмкіндігі барларын анықтап алғанымыз жөн. Қазіргі кезде елімізде 7 мыңның үстінде ауыл болса, солардың мыңнан астамының даму әлеуеті жоғары деп табылып отыр. Міне, осының ішінде жақсы дамып келе жатқандарын қала қатарына қосу мәселесін, ол үшін оларға қалалық инфрақұрылымдарды қалыптас­тырумен қатар ауыл шаруашылығы өнім­дерін өңдейтін өндірістерді жобалап жүзеге асыруды қазірден бастап қарастырған жөн. Сонда елімізде таяудағы уақыттардың ішінде агроиндустриялық мақсаттағы көптеген шағын қалалар пайда болған болар еді.

Үкіметтің ауылға қатысты енді атқаратын жұмыстары да осы істерге қарай ойысатын болады.

Қазақстанның кең байтақ даласында күре жолдардың бойында, курорттық аймақтарда, сондай-ақ шекаралық өңірлерде шашырай орналасқан көптеген шағын қалалар пайда болатын болса, олардың тұрғындары сол өңірлерде өндірілетін өнімдерді өңдейтін шағын өндірістерде, қызмет көрсету мекемелерінде жұмыс істесе, тұрмыста Интернет пен ұялы байланысты пайдалану арқылы жан-жақтан жедел хабар алып тұрса, көліктер ағылып, жолдар сайрап жатса, Асан Қайғы аңсаған Жерұйық сонда жүзеге аспас па еді.

Кезінде Қаратау, Кентау, Жаңатас секілді көптеген шағын қалаларды салу арқылы ауыр өнеркәсіп дамытылды. Енді, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге сервистік қызмет көрсетумен айналысатын агроиндустриялық шағын қалалар шоғырын неге қалыптас­тырмасқа? Соның кезегі енді келген секілді.

Көркейген шағын қалалар

Бұл күндері шекара маңында орналасқан кейбір шағын қалалардың немесе аудан орталықтарының жақсы қарқынмен дами бастауы – тағы бір назар аударарлық құбылыс болып отыр. Еліміздің шығы­сындағы Майқапшағай кеденіне таяу орналасқан Зайсан қаласының келбеті жылдан-жылға өзгеріп, Қытай Халық Республикасымен арадағы үлкен бір сауда орталығына айналып келеді. Осындай ерекше жағдай Алматы облысындағы Панфилов ауданының орта­лығында да байқалады. Себебі, Жаркент қаласы да үлкен кеден жолының бойында тұр. Міне, осындай даму болашағы бар шекара маңындағы қалаларға қазірден бастап мән беріп, олар туралы жеке бағ­дарлама қабылдаса, кәсіптік түрін кеңейтіп, өнеркәсіп орындарының ашылуын ойлас­тырған жөн.

Жаңа заман бейнесі

Қазір Қазақстанда адамдар арасындағы қарым-қатынастар мен байланыс жасау мәселесін шешетін құралдар барған сайын көбейіп келеді. Шетелдік жеңіл көліктер қалаларға сыймай қаптап кетті. Интернет пен ұялы телефон байланысы жедел даму үстінде. Ал осыдан төрт жылдай уақыт бұрын ТМД ішкі істер министрлерімен болған кездесуде бірнеше жылдың ішінде Қазақстанда жеті спутниктің бола­тындығы мәлім етілді. Алматының маңынан «Алатау» ақпараттық технологиялар паркі де іске қосылды. Онда таяудағы уақыттардың ішінде арзан да сапалы компьютерлер шығарыла бастайды. Көп өтпей-ақ әрбір қазақстандық отбасында жеке компьютер болып, ол интернет желісіне қосылады. Сөйтіп, қазіргі қолға алынып отырған элекрондық үкімет құрудың ақыры ақпараттық қоғамның қалыптасуына алып келмек.

Шетелден жеңіл көліктердің ағылуы өз алдына, Өскеменде олардың бірнеше түрі шығарылуда. Ал Семейде шағын автобустар құрастыру өндірісі жолға қойылып жатыр.

Қазіргі уақыттағы тағы бір үлкен маңызды жаңалық елімізге құрылыстың жаңа технологияларының келуі. Құрылыс индустриясы дамыған сайын үй салудың, оны безендірудің бейнеті азая береді.

Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан жедел дамуы жағдайында үдей түскен осындай технологиялық оң өзгеріс­тердің барлығы ақыр аяғында қазақ ауылдарының дамуына, оларда да қалаға тән тұрмыстың қалыптасуына алып келеді деген үміт бар. Осы уақытқа дейін біздің байтақ елімізде технологиялық артта қалушылық салдарынан «қашықтық» атты ұғымның үлкен рөл атқарып келгені белгілі.

Жаңа технологиялар алысты жақын етіп, уақыт пен қаржы шығынын үнемдейді. Мұның өзі байланыс пен қарым-қатынас жүйесі дамыған сайын адамның қай жерде тұратындығының маңызы азая беретіндігін көрсетеді. Тұрғылықты мекенді таңдауда басты өлшемге оның табыс үшін тиімділігімен қатар, экологиялық тазалығы, табиғатының көркемдігі алына бастайды.

ХХІ ғасырдың осы бейнесі урбани­зациялық үрдістерге де үлкен әсер етеді. Қаладағы тұрмыс белгілері ауылға келеді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу