18 Қаңтар 2018, 08:35
Бүгін Жолдаудың «Тиімді мемлекеттік басқару» атты сегізінші бағыты аясында жекешелендіруді жүзеге асыру мәселелеріне арналған баспасөз конференциясында ҚР ұлттық экономика вице-министрі Серік Жұманғарин бүгінде жекешелендіруден Ұлттық қорға 7,4 млрд теңге түскенін хабарлады.
Вице-министрдің айтуынша, Елбасы Жолдауын іске асыру аясында барлық мемлекеттік органдардың, ұлттық кәсіпкерлер палатасының, квазимемлекеттік сектордың өкілдерінен тұратын жұмыс тобын құру мәселесі аяқталуға жақындап қалды.
«2018 жылдың тамыз айына дейін біз бұл міндетті аяқтаймыз, яғни, Жекешелендірудің кешенді жоспарын жүзеге асырудың нәтижесін Үкіметке баяндаймыз және жоспар бірқатар кәсіпорындармен толықтырылады деп ойлаймын», — деді вице-министр.
Серік Жұманғариннің айтуынша, бүгінде жекешелендіруден Ұлттық қорға 7,4 млрд теңге түскен.
«Мемлекет басшысының жекешелендіруден түскен қаражат ҚР Ұлттық қорына жіберілетіні туралы тапсырмасы бар. Сәйкесінше, олар Ұлттық қордың басқару ережелеріне орай инвестицияланатын болады. Бұл – болашақ ұрпаққа арналған қор. Бүгінде жекешелендіруден Ұлттық қорға 7,4 млрд теңге түсті. Бұл негізінен республикалық меншік нысандарын сатудан түскен қаражат», — деді Серік Жұманғарин.
Вице-министр, сондай-ақ, квазимемлекеттік секторға тиесілі нысандардан түсетін қаражат та Ұлттық қорға салынатынын түсіндіріп өтті. Алайда, жергілікті атқарушы органдардың объектілерін сатудан түсетін қаражат жергілікті бюджетке аударылады және жергілікті бюджет шығыстарына арналған бюджет кодексіне сәйкес жұмсалады.
Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты өзінің Жолдауында мемлекеттік органдарға бағынышты ұйымдардың санын қысқарту есебінен жекешелендіру жоспарын кеңейте отырып, оны іске асыруды жеделдету қажет екенін тапсырды. Жекешелендіру рәсімі аясында орындауға тиісті екінші міндет — әкімшілік шығындарды азайту үшін ведомствоға бағынышты нақты қажетті ұйымдарды мүмкіндігінше біріктіру.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу