«Самұрық-Қазына» АҚ басқармасының жаңа құрамы бекітілді
ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен «Самұрық-Қазына» АҚ директорлары Кеңесінің отырысы өтті. Онда компания басқармасының жаңа құрамы бекітілді.
Ұлттық холдингте еске салып өткендей, трансформация бағдарламасы аясында 2016 жылдың 5 қаңтарынан бастап Қор қызметі жаңа басқару құрылымы мен штаттық кестеге көшірілді. Осыған орай «Самұрық-Қазына» директорлар Кеңесінің шешімімен «Самұрық-Қазына» АҚ Басқармасының төмендегідей жаңа құрамы бекітілді.
Осылайша, ұлттық холдингтің жаңа құрамында: басқарма төрағасы - Өмірзақ Шөкеев.
Стратегия және активтер портфельін басқару жөніндегі басқарушы директор - Балжит Каур Грюал. АҚ мәліметінше, оның банктер мен қаржылық компаниялар, ұлттық әл-ауқат қорларындағы жоғары басқарушылық халықаралық тәжірибесі 15 жыл;
Қаржы және операциялар жөніндегі басқарушы директор - Елена Бахмутова, бұған дейін ол Қордың басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқарған болатын. «Самұрық-Қазына» Қорына дейін ҚР Ұлттық банкі қаржылық қадағалау департаментінің директоры, Қазақстан Республикасы қаржы нарығы мен қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау жөніндегі агенттігінің төрайымы қызметтерін атқарған;
Құқықтық сүйемелдеу және тәуекелдер жөніндегі басқарушы директор - Ғани Битенов. Халықаралық (Bracewell&Giuliani) және қазақстандық заңгерлік компанияларда 10 жылдан астам уақыт жетекші қызметтер атқарған.
Активтерді оңтайландыру жөніндегі басқарушы директор - Берік Бейсенғалиев. Осыған дейін ол Қордың бизнесті дамыту жөніндегі бас директоры болып еңбек етті.
Ұлан Тәжібаев – адам ресурстарын басқару жөніндегі басқарушы директор болып тағайындалды. Бұған дейін Қордың аппарат басшысы болып еңбек еткен.
«Директорлар кеңесі «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма мүшесі Б.Бейсенғалиевтің «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ директорлары кеңесіне мүше етіп сайлауға рұқсат берді», - деп хабарлайды ұлттық холдингте.
Сондай-ақ, жаңа ұйымдастырушылық құрылымда Басқарма төрағасының орынбасары лауазымдары қысқартылып, басқарушы директорлар саны екі есеге азайтылған.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз