2017 жылы Алакөл көлінің курорттық аймағының инфрақұрылымы жақсартылады

Бұл туралы Үкімет үйінде Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауын іске асыру жұмыстарының қорытындысы бойынша өткен баспасөз конференциясында журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, ҚР инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек хабарлады.

«Біз ҚР Мәдениет және спорт министрлігімен туризм мәселелері жөнінде белсенді түрде жұмыстар атқарудамыз. Бізде туристік ахуалды жақсарту үшін инфрақұрылымды дамытудың нақты шаралар жоспары бар», – деді спикер.

Ж. Қасымбек Алакөл көлінің курорттық аймағындағы жағдайға ерекше тоқталып өтті.

«2017 жылы Алакөл көлінің курорттық аймағына апаратын Үшарал - Достық жолының құрылысы басталады», – деді ол.

Министрдің айтуынша, жыл сайын Алакөлге баратын Алматы облысы тұрғындарының өзі 500 мың адамға жетеді. 

«Жаңа жол құрылысы мен таяу орналасқан Үшарал қ. әуежайының жағдайларын жақсарту арқылы аталған курорттық аймақтың туристік әлеуетін жақсарту көзделген. Түркістан, Бурабай, ШҚО курорттық аймағы бағыттарына да дәл осындай жоспарларымыз бар», – деп сөзін түйіндеді Ж. Қасымбек.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу