2018 жылы өз ісін енді бастаған 30 мың кәсіпкер оқытылады — ҚР ҰЭМ

Бүгін ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында өткен брифинг барысында Ұлттық экономика министрлігінің кәсіпкерлікті дамыту департаментінің директорының орынбасары Шыңғыс Ахметов Президенттің бес әлеуметтік бастамасын іске асыру аясында 2017–2021 жылдарға арналған Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасына енгізілген өзгерістер туралы айтып берді.

Президенттің бес әлеуметтік бастамасын орындау үшін шағын несие беруді көбейту мақсатында қосымша 20 млрд теңге бөлінген.

«Өткен жылы 40 млрд теңгеге жуық игерілді. Биыл игеру сомасын біз 62 млрд теңгеге дейін жеткізуге тиіспіз. Орта есеппен, шағын несие беру нарығы 171 млрд теңгені құрайды, яғни коммерциялық шағын несие беретін ұйымдар мұндай ақша көлемін жыл сайын игереді. 62 млрд теңге дегеніміз нарық игеретін қаражаттың тең жартысы, демек, бұл несиелендіру нарығы үшін мемлекет тарапынан тамаша қолдау болмақ», — деп атап өтті Шыңғыс Ахметов. 

2017 жылы Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы іске асырыла бастаған.

«Біз түрлі салаларда істі жаңадан бастап жатқан кәсіпкерлер аталған бағдарламаға қатысуға әзір екенін көрдік. Бұл негізінен сауда, өңдеу өнеркәсібі, бөлшек сауда қызметтері. Бағдарламаны іске асырудың алғашқы жылы оны жетілдіру қажеттігін көрсетті», — деп түсіндірді Ш. Ахметов.

Мәселен, 2017 жылы Бағдарламамен несие алушыларды қамтуды арттыру үшін оған келесі өзгерістер енгізілген.

Кәсіпкерлікті дамыту департаменті директорының орынбасарының айтуынша, бұрын бизнесті қолдау үшін мемлекет бөлген қаражат есебінен коммерциялық емес жылжымайтын мүлікті сатып алуға тікелей тыйым салынған еді. Басқаша айтқанда, жылжымайтын мүліктің сатып алу мақсатын өзгертуге: коммерцияландыру үшін бірінші қабаттардағы пәтерлерді, ЖТҚ арналған жер телімдерін сатып алуға болмайтын. 

Өз ісін енді бастаған кәсіпкерлер үшін коммерциялық нысандар көбіне олардың қымбат болуы себебінен қолжетімсіз болғанын ескере отырып, өзгерістер енгізілді, оған сәйкес бюджет қаражаты есебінен бір жыл ішінде сатып алу мақсатын міндетті түрде өзгертумен коммерциялық емес мақсаттағы жылжымайтын мүлік нысандарын сатып алуға рұқсат берілді.

«Яғни, ісін жаңадан бастаған бизнеске сол пәтерлерді сатып алып, бір жыл ішінде оларды бизнесіне сай жабдықтап, содан кейін коммерциялық нысан ретінде жұмыс істеу мүмкіндігі жасалды», — деп нақтылады Ш. Ахметов. 

Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының негізгі операторлары қалаларда — екінші деңгейлі банктер мен шағын несие беру ұйымдары.

«Елімізде жұмыс істейтін барлық ірі банктер Бағдарламаның қатысушысы болып табылады. Екінші деңгейлі банктер арқылы ақшаны орналастыру бізге басты мәселелердің бірін шешуге мүмкіндік береді. Мақсатымыз – ақша үлестіру емес, жұмыс орны, жұмыспен қамтудың артуы, жұмыссыздықтың азаюы сияқты оң ықпалын алу. Өз жобаларын қолға алғандарға қаржыландыру жасау», — деді департамент басшысы.

Екінші деңгейлі банктердің инфрақұрылымы жобаларды сапалы іріктеу үшін қолданылады. Осы мақсаттарда банктен қаржыландыру жүйесі пайдаланылады. Ақша қайтарымсыз болған жағдайларда банктер қол қойылған несие келісімшартына сәйкес ақшаны өз есебінен қайтаруға міндетті болады.

Шыңғыс Ахметов кепілдендірудегі жаңашылдықтар туралы айтты.

«Кепілдендіру – азаматтардың осы санаты үшін аса маңызды құрал. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жұмыссыздар көбіне банктердің несие беруі үшін шектелген азаматтары санатына жатады. Яғни бұл азаматтардың көбіне кепілге қоятын пәтерлері, жылжитын, өтімді мүлкі болмайды», — деп атап өтті ол.

Осы мәселені шешу үшін өткен жылы алғаш рет шағын несиелерді кепілдендіру құралын іске қосу туралы бастама көтерілген. Бұрын шағын несиелер бойынша мұндай құрал қолданылмаған. Негізгі шарттары мынадай: ісін жаңа бастаған кәсіпкерге шағын несие көлемінің 85%-ына, 50% — жұмыс істеп тұрған бизнеске. Қалаларда «Даму» қоры, ауылдарда «ҚазАгроКепіл» АҚ кепіл болады. Негізгі шарттары жеңіл. Бір ғана шектеуі бар — мемлекеттен кепілдік алатын субъект кепілдік күшінде болған және несие төлеу кезеңі ішінде басқа қаржыландыру көздерінен қосымша несие ала алмайды.

Сонымен қатар Ш. Ахметов өткен жылы ақшалай қаражат «Нұрбанк», «Банк ЦентрКредит», «АТФ», «Сбербанк», «Халық банкі», «Форте банк», «Еуразиялық банк» және екі шағын несие ұйымы — «Ырыс» пен «Ырыс Қызылорда» тәрізді банктерде орналастырылғанын айтты. Өткен кезең бойынша орташа чек 10,5 млн тг құрады, қарыз мерзімі 51 ай. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жұмыссыздар негізінен сауда, көлік секторларына, тамақтандыру және тұру қызметтеріне, өңдеу өнеркәсібіне қызығушылық танытады.

«Биыл қосымша лимиттер бөлінетіндіктен, Бағдарламаға бірқатар өзгерістер әзірлеп қойдық. Негізгі өзгерістер қаржыны шағын жобаларға бағыттаумен байланысты. Себебі қалаларда 10,5 млн теңге салмақты қаражат», — деп ақпараттандырды Ш. Ахметов.

Биылдан бастап Бағдарламаға түзетулер енгізілген соң оған бизнесі үш жылдан бері жұмыс істеп тұрған өзін-өзі жұмыспен қамтығандар қатыса алады. Үш жылдан артық жұмыс істеп жүрген жеке кәсіпкерлер оған қатыса алмайды.

Сонымен қатар оқыту бағдарламалары бойынша мәселелерге баса назар аударылған.

«Біз барлық түпкі қарыз алушыларымызды қарыз бен шағын несиелер алғанға дейін «Бизнес жүргізу негіздері» базалық курсынан өтуге шақырамыз. Бұл өте маңызды. Себебі іс жүзінде кәсіпкерлерден шағымдар түседі. Бизнес жүргізудің негіздері мен дағдыларын білмей бизнестің өзін ең жаман салдарға әкеледі. Мұндай мысалдар көп», — деді Шыңғыс Ахметов.

Екі күндік, жеті күндік және айлық курстар бар. Ауыл тұрғындары үшін «Бастау Бизнес» бағдарламасы бойынша курстардан міндетті түрде өту талабы қойылған. Өткен жылы осы бағдарлама бойынша 15 мың адам оқытылды. Олардың 8 мыңы бизнес-жобаларын қорғап шықты.

Тағы бір жаңашылдық оқыту алдында міндетті түрде тестілеуден өту болады.

«Бұл Джузи әдістемесі, ол дүние жүзінде белсенді қолданылады. Негізгі мәні – әр адам бизнеспен айналыса алмайтынын ұғыну. Тестілеу барысында бұл адамға бизнеспен айналысуға бола ма әлде жалдамалы жұмысшы ретінде біліктілігін арттыру керек пе, сол анықталады», — деді ҚР ҰЭМ өкілі.

Мысалы, өткен жылы осындай тестілеуге 23 мың адам келген. Оның ішінде 15 мыңына бизнеспен айналысуға ұсыныс берілген, ал қалғандарына Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының бірінші бағыты аясында біліктілігін арттырудан өтіп, жалдамалы жұмысшы ретінде жұмысқа орналасу ұсынылған.

Биыл Бағдарлама бойынша оқыту ауылдық жерлерді ғана емес, қалаларды да қамтымақ. Барлығы өзі ісін жаңа бастаған 30 мың кәсіпкер оқытылып, кейін олар «Атамекен» ҰКП тарапынан қолдау мен қаржыландыруға ие болады.

 

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу