12 Мамыр 2017, 10:18
Бүгін Құрлықтық хоккей лигасы мен «Барыс» ХК Астанада хоккей жұлдыздарының аптасы – 2018-ді өткізу туралы келісімге қол қойды.
Салтанатты шараға ҚХЛ президенті Дмитрий Чернышенко, Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев пен «Барыс» хоккей клубының президенті Асқар Шопобаев қатысты.
Қол қойылған меморандумға сәйкес, Хоккей жұлдыздарының аптасы Астанада 2018 жылғы 10-14 қаңтар аралығында өтеді деп жоспарланған және ол ӘХЛ жұлдыздарының матчы, ЖХЛ Шақыру кубогы мен ҚХЛ жұлдыздарының матчы, сондай-ақ шеберлік шоуынан тұрады.
Астанаға Хоккей жұлдыздарының 2018 жылғы аптасын өткізу құқығын беру шешімі Лигаға үміткер төрт қаладан келіп түскен өтінімдерді қарау нәтижесінде қабылданды. Олардың ішінде Владивосток, Қазан және Хельсинки қалалары бар. Әрбір өтінімді барлық талаптар бойынша бағалау жұмыстарын жүргізген ҚХЛ арнайы комиссиясы жұмысының қорытындысы бойынша, Лига басшылығы Астана қаласын таңдады.
Осылайша, Қазақстан астанасы хоккей маусымының басты шоуын өткізу құқығына ие болған тарихтағы тоғызыншы және «Шығыс» конференциясындағы (Челябі-2013 пен Уфа-2017-ден кейінгі) үшінші қалаға айналды.
«Астана Хоккей жұлдыздарының аптасы-2018-ді өткізу орны ретінде жайдан жай таңдалған жоқ. Қазақстан астанасы – дамыған инфрақұрылымы, ҚХЛ-дағы заманауи әрі жабдықталған ареналардың бірі бар қолайлы қала. Қазақстан тұрғындарының хоккейді ұнататыны, олар ойынды жақсы түсінетіні, сол себепті де Жұлдыздар аптасының өтуін құптап, шараның барлық қонақтары мен қатысушыларын қуана қарсы алатындығы көпшілікке мәлім. Астана-2018 жұлдыздық шоудың көпжылдық тарихында есте қаларлық шараға айналатынына сенімдімін», - деді ҚХЛ президенті Дмитрий Чернышенко.
Ә. Исекешев осы меморандумның Астана үшін маңызы зор екенін атап өтті.
«Лиганың үздік ойыншыларының ойындар топтамасы «Барыстың» жанкүйерлері үшін ғана емес, сонымен қатар Астананың барлық тұрғындары үшін ұмытылмас спорт мерекесіне айналатыны сөзсіз. Қаламыз бірнеше күнге Еуразияның хоккей астанасына айналады», - деді әкім.
Сондай-ақ, Ә. Исекешев елорда басшылығы жарыстардың жоғары деңгейде ұйымдастырылып өткізілуі үшін барлық шараларды қабылдайтынын айтты.
Өз кезегінде «Барыс» хоккей клубының президенті Асқар Шопобаев бүгінгі күннің тек «Барыс» пен Астана үшін ғана емес, оған қоса бүкіл Қазақстан үшін де маңызды тарихи күн екенін айтып өтті.
«Хоккей мерекесінің аптасына айналған «ҚХЛ жұлдыздарының матчын» Қазақстанда өткізу – еліміздегі осы тамаша ойынды жоғары бағалайтындардың бұрыннан келе жатқан арманы», - деді ол.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу