30 Наурыз 2017, 09:24
«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі салымшыларына көппәтерлі тұрғын үйден бөлек, жеке тұрғын үйлер де қолжетімді болады. Бұл туралы «Қазақстанның Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевпен «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында салынып жатқан нысандарды аралау барысында мәлім етті.
«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша жеке тұрғын үйлер құрылысының пилоттық жобасы Ақтөбеде жүзеге асырылуда. ЖАО кезегінде тұрған ҚТҚЖБ салымшылары 2017 жылғы сәуір айында әкімдіктен жолдама алады. Егер азаматтар ҚТҚЖБ салымшылары болып табылмаса, тұрғын үй-құрылыс жинағы есепшотын аша алады. Ыңғайлы болу үшін, банк биылғы 1 сәуірден бастап есепшот ашу үшін алынатын барлық комиссияны алып тастады.
Л. Ибрагимованың айтуынша, содан кейін салымшылар бағдарламаға қатысу үшін қажетті қаражаттың бастапқы 30% жинап, төлем жасау қабілетін бағалаудан өтуі керек.
«Бұл әкімдік тұрғын үйді жер телімімен әрі тиісті инфрақұрылымымен қоса ұсынатын алғашқы пилоттық жоба болады. Аталған бағдарлама еліміздің барлық өңірінде мұқтаж халыққа көппәтерлі тұрғын үйлерді ғана емес, сонымен бірге жер телімі бар жеке тұрғын үйлерді де ұсынуға мүмкіндік береді деген сенімдеміз», - деп түйіндеді сөзін Л. Ибрагимова.
Еске сала кетейік, ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапарымен Ақтөбе облысында жүр, онда өңірде ҚР Президентінің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауының іске асырылу барысын тексеруде және ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарды, құрылыс, білім беру және медицина нысандарын аралауда.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу