Астанада «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауы өтуде

«Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауы үш аталым бойынша өткізіледі: «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар», «Халық тұтынатын үздік тауарлар» және «Үздік азық-түлік тауарлары».

Байқауға «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-байқауларында жеңіп шыққан 145 кәсіпорындар мен жеке кәсіпкерлер қатысуда.

«Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауы мен «Ұлы дала елі» Отандық тауар өндірушілер форумының бір алаңда өткізілуі елдегі ірі тапсырыс берушілер (мемлекеттік органдар, ұлттық холдингтер, ұлттық компаниялар) мен отандық тауар өндіруші кәсіпорындардың басын қосуға мүмкіндік беріп, оның аясында өткен В2В сипатындағы кездесулерде аталған саладағы көптеген мәселелер талқыланды. Сондай-ақ, тапсырыс берушілер Қазақстанда қандай тауарлар өндірілетінін өз көзімен көру мүмкіндігіне ие болды.

Айта кетер болсақ, ҚР Үкіметі отандық өндірушіні қолдау, оның ішінде нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру, оларды ұзақ мерзімді тапсырыс келісім-шарттарымен қамтамасыз ету және бір-бірімен байланысты өндірістер құру бойынша тұрақты жұмыс жүргізеді.

Еске салсақ, «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауы 2001 жылдан бастап өткізіледі. Байқау жүлдегерлері әр аталым бойынша І, ІІ және ІІІ дәрежелі «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауының дипломдарымен және таным белгісімен марапатталады. Сондай-ақ, олар төрт жыл бойы байқау белгісін жарнамалық мақсаттарда қолдану құқығына ие болады.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу