Астанада Үкіметтің кезекті отырысы өтті

Үкімет мүшелері егін орағының мәселелерін, сондай-ақ әлеуметтік – кәсіпкерлік корпорацияларын (ӘКК) дамыту Тұжырымдамасының жобасын талқылады.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің жауапты хатшысы Евгений Аманның хабарлауынша «еліміздегі егін орағы аяқталып қалды». «15 млн.гектардың немесе астықты алқаптың 99,7% дәнді-дақылдары бастырылды. 9,6 ц/га шығымдылық бойынша шамамен 14 млн. тонна астық бастырылды. Қалған 52 мың га алқаптың дәнді-дақылдарын жинап алу жұмыстары жүріп жатыр. Бұл негізінен оңтүстік өңірдегі жүгері мен күріш дақылдары»,- деді жауапты хатшы.

Отырыста сонымен қатар астық нарығындағы жағдай және қуаңшылықтың зардаптарын азайту шаралары да қаралды. Талқылау қорытындысы бойынша Премьер-Министр «биылғы ауа-райының күрделі болуына қарамастан, астықтың шығымдылығы жаман болмағанын» атап өтті.

"13 млн. тонна тауарлық дәнді-дақылдың арқасында және осыған дейінгі қалған астықтың көлемін есепке алғанда біз экспорттық әлеуеттің былтырғы қарқынын сақтаймыз деп ойлаймын. Өңірлер мемлекеттік қорға астық сатып міндетін орындауы және жиналған астықтың сақталуын қамтамасыз етуі тиіс. Сондай-ақ астықт ішкі және сыртқа нарықтарға өткізу жұмыстарына кірісу керек»,-деді С.Ахметов.

Сонымен бірге Премьер-Министр облыстардың әкімдеріне «бидай дақылын мақсатты пайдалану мен бірінші сұрыпты ұн бағасының тұрақтылығын жеке бақылауда ұстауды» тапсырды.

Отырыста экономикалық даму және сауда министрі Ерболат Досаев сөз сөйлеп, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларды (ӘКК) дамыту Тұжырымдамасының жобасын ұсынды.

ЭДСМ басшысы «ӘКК жұмысы кәсіпкерлік қызметті дамыту үшін қолайлы жағдай туғызуға, өндірісті жаңғыртуға, жаңа өндіріс орындарын құруға, инвестиция тартуға және үкіметтік бастамаларды іске асыруға бағытталғанын» айтты.

ӘКК-нің түйінді мәселелерінің ішінде ЭДСМ басшысы «коммерциялық және коммерциялық емес міндеттердің араласып кетуін, бекітілген даму стратегиясының жоқтығын, ӘКК-ні қаржыландырудың жетімсіздігін, корпоративтік басқару деңгейінің төмендігін, сондай-ақ активтерді басқарудағы тәжірибенің аздығынан болатын инвестициялық портфель сапасының төмендігін» атап өтті.

ӘКК-нің тиімділігін арттыру мақсатында ЭДСМ ӘКК-ні дамыту Тұжырымдамасының жобасын дайдындады. Тұжырымдама аясында ӘКК рөлі мемлекет пен бизнестің әріптестігі негізінде өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал етуге саяды. 

«Келешекте ӘКК активтерді тиімді басқаратын, аймақтың өсу нүктесіндегі, оның ішінде инвестициялар тарту арқылы, экономикалық белсенділікке себепші болатын және бәсекеге қабілетті өндірісті қалыптастыруға серпін беретін өңірлік даму институттарына айналуы тиіс», - деді ЭДСМ басшысы.

ӘКК қызметінің тағы бір маңызды қыры «өңірдің әлеуметтік маңызды жобаларын әрі қарай іске асыру үшін жергілікті бюджетке дивиденд түрінде таза пайдасының белгілі бір бөлігін бағыттап отыратын оның әлеуметтік жауапкершілігі болып табылады»,-деді Е.Досаев.

Премьер-Министр Серік Ахметов «ӘКК өңірлердегі бірден-бір даму институты екенін» атап өтті. «Бүтіндей алғанда ӘКК жетілдіруге бағытталған ұсыныстарды қолдай отырып, оларды әлі де пысықтауымыз керек», - деді С.Ахметов.

Премьер-Министр «барлық ӘКК-нің шығынсыз жұмыс істеу сатысына шығудың» қажеттілігіне тоқталды. «Бұл маңызды мәселе барлық облыстар әкімдерінің бақылауында болуы тиіс. Сондай-ақ Тұжырымдама аясында әрбір ӘКК-нің даму жоспарын қайта қарап, бекітіп, олардың жұмысының тиімділігін бағалауды орталық деңгейде жүргізу мәселесін қою керек»,- деді үкімет басшысы.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу