Қазақстанда Судьялардың әдеп кодексi қабылданды

Бүгін Астанада өтiп жатқан республика судьяларының VII съезінде Судьялардың жаңа әдеп кодексi қабылданды.

«Судьялардың әдеп кодексі қабылданды. Мен Қазақстанның судьялар корпусын осындай маңызды шарамен құттықтаймын. Біздің өмірімізде кәсіби қызмет нормаларын ұстанудың және тұрмыстағы жүріс-тұрыс тәртібіміздің жаңа кезеңі бастау алды», - деп құттықтады ҚР Жоғарғы сот төрағасы Қайрат Мами.

Айта кетейік, жаңа Әдеп кодексі қолданыстағы кодекске сабақтастығын сақтады. Соған қарамастан құрылым құрылымдарында, түсініктер мазмұнында, қағидаларда және баптар секілді көптеген ережелерде жаңашылдық бар.

Судьялардың әдеп кодексінің жобасы судьялар қауымдастығының пікірлері мен ұсыныстары ескеріле отырып және, сәйкесінше, Қазақстан Республикасының Конституциясы, «Сот жүйесі мен судьялар мәртебесі туралы» Конституциялық заң негізінде әзірленген.

Онда халықаралық актілер – Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы, Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пакт, «Судьялар тәртібінің бангалорлық кодексі» және т.б. ескерілген.

 Жобада судьяның кәсіби және моральдық бейнесіне қойылатын талаптар да бар. Кодекстің қабылдануы судьялар тәртібінің бірыңғай этикалық стандарттарын бекітуге ықпал етіп, қоғамның сот билігіне деген сенімін арттыра түседі.  

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу