Қазақстанда экономиканы дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған үш сценарийі әзірленді

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Қазақстанның 2023-2027 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы және 2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру жөніндегі заң жобалары қаралды. Тақырып бойынша Премьер-Министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров және Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов баяндама жасады.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров әзірленген Болжам мен заң жобалары туралы баяндады: елдің 2023-2027 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамының жобасы және Қазақстан Республикасы Заңының екі жобасы: «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2023-2025 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы»; «Республикалық және облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттері арасындағы 2023-2025 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы».

Ә. Қуантыровтың хабарлауынша, болжам 2021 жылы экономиканың өсуі бойынша қорытынды деректер, Халықаралық қаржы ұйымдарының әлемдік экономиканың өсуі мен экспорттық тауарлар бағасы бойынша күтулері ескеріле отырып қалыптастырылды.

Осылайша, Халықаралық қаржы ұйымдарының консенсус-болжамына сәйкес 2022 жылы мұнайдың әлемдік бағасы барреліне $104,2 деңгейінде күтілуде. 2023 жылы әлемдік экономиканың өсуі 3%-ды құрайды.

Сыртқы және ішкі параметрлердің өзгеруіне байланысты Қазақстан экономикасын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған үш сценарийі (базалық, оптимистік және пессимистік) әзірленді.

«Базалық сценарий кезінде мұнайдың орташа бағасын барреліне $85 деңгейінде және АҚШ долларының есептік бағамын 470 теңге деңгейінде пайдалану ұсынылады. Осы сценарий бойынша жалпы ішкі өнімнің орташа жылдық нақты өсуі 3,9%-ды құрайды, оның ішінде 2023 жылы – 4%. Оптимистік сценарий кезінде мұнайдың болжамды бағасы барреліне $110, АҚШ долларының бағамы – 440 теңге деңгейінде анықталды. Экономиканың орташа жылдық өсуі 4,2 % деңгейінде болжануда. Пессимистік сценарийде мұнай бағасы барреліне $60 және ЖІӨ-нің болжамды нақты өсуі орта есеппен 3,5%-ды құрайды», — деп түсіндірді ұлттық экономика министрі.

Инфляция барлық сценарийлерде 2023 жылы 7,5-9,5% деңгейінде, 2024 жылы – 4-5% деңгейінде, кейіннен 2025-2027 жылдары 3-4%-ға дейін төмендейді деп белгіленді.

Министрдің айтуынша, бюджеттік жоспарлау үшін негіз ретінде базалық сценарийді пайдалану ұсынылады. Осы сценарийге сәйкес ЖІӨ-нің нақты өсуі 2023 жылғы 4%-дан 2027 жылы 4,2%-ға дейін жеделдейді. Номиналды ЖІӨ 120,7 трлн теңгеден 177 трлн теңгеге дейін өседі. Экономиканың барлық базалық салаларында оң өсу күтілуде.

Мәселен, өнеркәсіпте орташа жылдық өсу қарқыны 3,1%-ды, оның ішінде өңдеу өнеркәсібінде – 3,5%-ды, тау-кен өндіру өнеркәсібінде – 2,9%-ды құрайды. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі көлемінің орташа жылдық өсуі 3,9%-ды құрайды. Құрылыс саласының болжамды өсуі орта есеппен 3,8%-ды, сауда – 5,7%-ды құрайды. 

«Мұнай өндіру 2023 жылы 92,6 млн тоннаны құрап, 2027 жылы 100 млн тоннаға дейін ұлғаяды. Ұлттық Банктің болжамы бойынша экспорт $81 млрд-тан $84,6 млрд-қа дейін, импорт $45,7 млрд-тан $53,5 млрд-қа дейін өседі», — деді ұлттық экономика министрі. 

Республикалық бюджет пен Ұлттық қордың келесі үшжылдыққа арналған параметрлерін қалыптастыру кезіндегі негізгі лейтмотив Мемлекет басшысының үнемді және жауапты бюджет саясаты тұжырымдамасын қамтамасыз ету бойынша қойған міндеттерін іске асыру болды.

Осылайша, 2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджеттің параметрлері бюджет саясатының кіріс базасын толықтырудың жаңа көздерін жинақтау және бюджет шығыстарын әлеуметтік-экономикалық дамудың басым бағыттарына шоғырландыру бағдарын ескере отырып айқындалған.

2023 жылы республикалық бюджеттің кірістері (трансферттерді есепке алмағанда) болжам бойынша ағымдағы жылдың нақтыланған жоспарынан 36,4%-ға өсумен 13,9 трлн теңгені немесе ЖІӨ-ге қатысты 11,5% деңгейін құрайды. Жоспарлы кезеңде олардың 2025 жылға қарай 16,2 трлн теңгеге дейін немесе 17,2%-ға өсуі күтіледі.

«Республикалық бюджетке түсетін қосымша түсімдер кіріс базасын кеңейту және салықтық әкімшілендіруді жақсарту, сондай-ақ көлеңкелі экономиканың үлесін азайту бойынша Үкімет қабылдап отырған шаралар есебінен қамтамасыз етіледі», — деді Ә. Қуантыров.

Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферттің көлемі жаңа бюджет қағидасымен шектелген, болжам бойынша олар мұнай секторы ұйымдарынан Ұлттық қорға түсетін тікелей салықтар көлемінен аспайтын болады.

Үкіметтің 2022 жылға арналған дағдарысқа қарсы шаралар жоспарының іс-шараларын және Мемлекет басшысының шешімі бойынша ұлттық ауқымдағы әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыруға Ұлттық қордан 2023 жылы 1 трлн теңге және 2024 жылы 400 млрд теңге көлемінде нысаналы трансферт тарту жоспарлануда.

«Республикалық бюджет шығыстары 2023 жылғы 21 трлн теңгеден 2025 жылы 22,7 трлн теңгеге дейін біртіндеп ұлғаяды деп болжануда. ЖІӨ-ге қатысты олардың 2023 жылғы 17,4%-дан 2024-2025 жылдары 16,2-15,5%-ға дейін төмендеуі болжанып отыр. Жалпы, контрциклдық бюджет қағидасын қолдану жоспарлы кезеңде республикалық бюджет шығыстарының өсу қарқынын ЖІӨ-ге қатысты 16,4% деңгейінде тұрақтандыруды қамтамасыз етеді. Бюджет тапшылығын ЖІӨ-ге қатысты 2023 жылы 2,7% деңгейінде одан әрі 2024-2025 жылдары 2,6 және 2,5%-ға дейін төмендете отырып, айқындау ұсынылады. Мұнай емес тапшылық деңгейі ЖІӨ-ге қатысты 2023 жылы 6,8%-дан 2025 жылы 5,3%-ға дейін төмендеумен болжанады, бұл Ұлттық даму жоспарының мәніне сәйкес келеді», — деді Ә. Қуантыров. 

«Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2023-2025 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» Заң жобасы Бюджет кодексінің жаңа талаптарын ескере отырып әзірленді. Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферттің мөлшері бюджет қағидаларына сәйкес мұнайдың кесімді бағасын ескере отырып айқындалды.

Осылайша, заң жобасында мұнайдың кесімді бағасы 2023 жылы барреліне $48,9, 2024-2025 жылдары барреліне $42,2 – 40,3 деңгейінде белгіленді.

Осыны ескере отырып, республикалық бюджетке кепілдендірілген трансферттің мөлшері 2023 жылы 2,2 трлн теңге, 2024 жылы 2 трлн теңге, 2025 жылы 1,9 трлн теңге көлемінде белгіленді.

«Қағидаларды жоспарлы кезеңде қолдану Ұлттық қордың валюталық активтерін 2023 жылы $66,7 млрд-қа дейін қалпына келтіруге, одан әрі 2024-2025 жылдары $78,8 дейін  – 93,2 млрд-қа дейін ұлғайтуға ықпал етеді. Біздің болжамдар бойынша Ұлттық қордан тартылатын қаражат пен орта мерзімді кезеңде шығыстардың өсу қарқынының жоғарғы шегін белгілеу фискалдық тәртіпті арттыруға және Ұлттық қордың жинақтау функциясын күшейтуге мүмкіндік береді», — деді ұлттыық экономика министрі.

Биыл 2020-2022 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттер туралы Заңның қолданылуының аяқталуына байланысты, келесі үш жылдық кезеңге арналған субвенциялар мен алып қоюлардың көлемін бекітуді көздейтін «Республикалық және облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қалалар, астана бюджеттері арасындағы 2023-2025 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы» заң жобасы әзірленді.

Жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі өңірлердің қаржылық дербестігін кеңейту және әлеуметтік игіліктер мен мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің қолжетімді болуын теңестіру, сондай-ақ орталық пен өңірлер арасындағы трансферттер көлемін біртіндеп қысқарту жөніндегі жаңа тәсілдер ескеріліп есептелді.

Осыны ескере отырып, үш донор өңір – Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары, Атырау облысы айқындалды, олар бойынша бюджеттік алып қоюлар мынадай көлемде айқындалды: 2023 жылы – 487 млрд теңге, 2024 жылы – 536 млрд теңге, 2025 жылы – 577 млрд теңге.

Ұлттық экономика министрлігінің басшысы атап өткендей, қалған 17 өңір бойынша бюджеттік субвенциялар көлемі 2023 жылы – 4,9 трлн теңге, 2024 жылы – 5,2 трлн теңге, 2025 жылы – 5,7 трлн теңгені құрады.

Жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі республикалық бюджеттің параметрінде ескерілді.

«Бюджет пен Ұлттық қордың болжамды параметрлері теңдестірілген және экономиканың үдемелі тұрақты өсуін қамтамасыз ету үшін әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерді қалпына келтіруге және тұрақтандыруға бағытталған», — деді Ә. Қуантыров.

ҚР Премьер-Министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев «2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджеттің жобасы туралы» заң жобасы туралы баяндады. Заң жобасы Бюджет кодексіне сәйкес, еліміздің 2027 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму болжамы негізінде әзірленді.

2023 жылы түсімдер 17,8 трлн теңге деңгейінде болжанып отыр.

Келесі жылы Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт ағымдағы жылмен салыстырғанда 1,8 есеге азая отырып, 2,2 трлн теңге мөлшерінде тартылатын болады.

«Бюджет тапшылығы 2023 жылы жалпы ішкі өнімнің 2,7%-ынан кезең-кезеңмен 2025 жылы жалпы ішкі өнімнің 2,5%-ына дейін төмендеуімен жоспарланған. 2023 жылы шығыстар кірістер мен тапшылықты ескере отырып, 2022 жылдың жоспарынан 2,2 трлн теңгеге ұлғаяды және 21 трлн теңгені құрайды», — деді Е. Жамаубаев. 

Бюджет параметрлері бюджеттік заңнамамен орнатылған кепілдендірілген трансферт, шығыстардың өсу қарқыны және бюджет тапшылығы бойынша ережелерге сәйкес келеді.

Осы жылы 2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын қалыптастыру жалпы сипаттағы трансферттерді қалыптастырумен тұспа-тұс келді. Жергілікті бюджеттер базасына барлық ағымдағы нысаналы трансферттер берілді. Атап айтқанда, 2023 жылы – 2,8 трлн теңге, 2024 жылы – 3,2 трлн теңге, 2025 жылы – 3,6 трлн теңге берілді.

Егер бюджет шығыстарының құрылымын қарайтын болсақ, оның негізгі үлесі әлеуметтік салаға келеді.

«2023 жылы әлеуметтік салаға 8 трлн теңге көлемінде қаражат жоспарланды. Шығыстар зейнетақы мен жәрдемақы төлеуге, білім беру, денсаулық сақтау салаларын, мәдениет және спортты дамытуға, жастарды ынталандыруға бағытталатын болады», — деді қаржы министрі.

Экономиканың нақты секторын дамытуды қолдауға 2023 жылға 2,1 трлн теңге көзделді. Аталған бағыттың басымдықтары:

  • өңдеу өнеркәсібін дамыту;
  • аймақтарда инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруды жалғастыру;
  • кәсіпкерлікті, кіші және орта бизнесті дамыту және қолдау;
  • көлік және газ тасымалдау жүйесін дамыту болып табылады.

Өз кезегінде Ұлттық Банк төрағасының орынбасары Ұлттық банктің елдің 2023-2027 жылдарға арналған макроэкономикалық даму болжамдарын әзірлеуге қатысқанын айтты. 

«Біздің болжамымыз бойынша, инфляция 2023 жылдың соңына қарай базалық мөлшерлемеге қатысты қабылданатын шешімдер, контрциклдық бюджет қағидаларын іске асыруды жоспарлау, сыртқы инфляциялық қысымды рет-ретімен төмендету және осы жылғы жоғары база есеп айырысуларынан шығу аясында қазіргі деңгейден 7,5-9,5%-ға дейін баяулайды. Қазіргі уақытта Ұлттық Банкте кезекті болжамды раунд өткізіліп жатқанын, оның нәтижесі осы жылғы 5 қыркүйекте жарияланатынын атап өтемін .Орта мерзімді кезеңде жаңа күтпеген өзгерістер орын алмаса, инфляция 2024 жылдың соңына қарай нысаналы дәлізге жуықтайтын болады», — деді А. Баймағамбетов.

Төлем балансының ағымдағы шоты 2022 жылы экспортталатын шикізатқа жоғары баға аясында $7,2 млрд деңгейінде қалыптасқан профицит 2023 жылы $6,2 млрд-қа дейін қысқаратын болады.

2023 жылы төлем балансының әдіснамасы бойынша, тауарлар экспорты үкімет белгілеген шикізаттың жоғары бағасын сценарийлік түзетуге байланысты $80,9 млрд-қа дейін 0,9%-ға аздап төмендейді.

Ұлттық банк төрағасы орынбасарының айтуынша, тауар импорты жоғары деңгейде қалып, $45,7 млрд болады. Шетелдік өнімге өсіп келе жатқан сұраныс халық пен бизнестің қажеттіліктерін өтеу үшін қазақстандық өндірістің жетіспеушілігіне, сондай-ақ фискалдық шығыстардың үлкен көлеміне байланысты.

«Дайын тауарлардың экспорты төмен деңгейде сақталған кезде шикізат бағасының өсуімен ғана қамтамасыз етілетіндіктен, ағымдағы шот профициті тұрақсыз болып табылады. Төлем балансының сыртқы шоктарға орнықты болуы – Үкіметтің шикізаттық емес экспортты өсіруге және тұтынушылық нарықтарды отандық тауарлармен толықтыруға бағытталған мақсаттарды іске асыру жұмысының тиімділігін арттыруды талап етеді», — деді А. Баймағамбетов. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу