Қазақстанда ТКШ-да 32 МЖӘ пилоттық жобасы іске асырылады

Бүгін ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында өткен баспасөз конференциясында «ТКШ ҚазОрталығы» АҚ басқарма төрағасы  Нұрсұлтан Жиенбаев тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуда мемлекеттік-жекешелік әріптестік қағидасын дамыту туралы айтты.

Мемлекет басшысы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту бойынша міндет қойған болатын.

Нұрсұлтан Жиенбаев айтып өткендей, 2017 жылы Мемлекет басшысының Жолдауын орындау мақсатында ҚР ИДМ Құрылыс және ТКШ істері комитеті «ТКШ ҚазОрталығы» АҚ-мен бірге Қазақстанның инфрақұрылымдық-тұрғын үй кешеніне МЖӘ енгізу бойынша жұмысты жандандырды. Барлық өңірлерден МЖӘ пилоттық жобаларының тізімі жасалды (32 жоба). Олардың ішінде — Алматы облысы Қапшағай қаласы тазартқыш құрылымдарды жөндеу және салу, Маңғыстау облысы Құрық ауылында тұщытқыш зауыт құрылысы, Астана қаласының кәріз-тазартқыш құрылымдарын салу және «Қызылорда Су Жүйесі» мемлекеттік-коммуналдық кәсіпорнын сенімді басқаруға беру бар.

Секторда коммерцияландыру үдерісі толық қарқынмен жүріп жатыр, ал МЖӘ тетігі арқылы бюджеттен тыс қаражат тарту аса өзекті.  

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Жиенбаев тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылым нысандарының әлеуметтік және стратегиялық мәнін ескере отырып, кірісті өндірумен рентабельді жобалар бойынша коммерциялық тартымды секторларда МЖӘ тетіктерін енгізу қажет екенін баса айтты.  

«Соңғы уақытта Үкімет сектордың инвестициялық тартымдылығын арттыру бойынша бірқатар шаралар қабылдады. Тарифтік реттеу жетілдірілуде, қайтарымды қаржыландыру енгізіліп жатыр», — деді Нұрсұлтан Жиенбаев.

Қазіргі уақытта «ТКШ ҚазОрталығы» ҚР ҰЭМ-мен бірге МЖӘ негізінде инфрақұрылымды жаңғырту мәселелері бойынша стратегия әзірлеу мақсатында іске асырылып жатқан жобалардың мәртебесі мен оларды дайындау проблемалары туралы ақпаратты жандандыру бойынша жұмыс жүргізуде.

Нұрсұлтан Жиенбаев ҚР заңнамасына сәйкес МЖӘ жобаларын іске асыруға бастамашы болу, сараптама даярлаудың барлық мәселелері әкімдіктердің құзыретіне жататынын атап өтті. Аталған жұмыста, ТКШ ҚазОрталығы басшысының пікірінше, жергілікті атқарушы органдар қолданатын шараларды күшейту қажет.

Қорытындылай келе, ТКШ саласында мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамыту бойынша «ТКШ ҚазОрталығы» ұсыныстары айтылды. Осылайша, ведомство салаға МЖӘ енгізу үдерістерін үйлестіруді, саланың бірыңғай операторын құруды ұсынады, оның негізгі қызметі ТКШ секторын әрі қарай реформалаумен байланысты ҚР заңнамасына өзгерістер енгізу,  сектордағы МЖӘ жобалары бойынша үлгілік құжаттама әзірлеу, әлеуетті инвесторлар үшін тұрғын-үй коммуналдық инфрақұрылым нысандарының мәліметтер базасын қалыптастыру және МЖӘ жобаларын іске асыруға мониторинг жүргізу болмақ.

Оған қоса, Нұрсұлтан Жиенбаев «ТКШ ҚазОрталығы» МЖӘ жобаларын әдістемелік қолдау көрсетуге және жобаларды әзірлеу мен іске асырудың барлық мәселелері бойынша кеңес беруге дайын екенін жеткізді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу