Қазақстанда туризмді дамыту саласы Жаңғырту 3.0-дің алты басымдығының біріне айналды

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен ҚР Үкіметі отырысында тарихи және мәдени мұраларды сақтау, сондай-ақ, ішкі және сыртқы туризмді дамыту мәселелері талқыланды.

Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының айтуынша, 2015 жылы барлық республикалық музейлер мен қорық музейлері республикалық мемлекеттік мекеме мәртебесінен мемлекеттік қазыналық кәсіпорынға ауысқанын атап өтті. Бұл оларға ақылы қызметтер көрсетуге, соның есебінен жеке ғылыми-әдістемелік базаларын дамытуға мүмкіндік берді.

Сонымен қатар Қазақстанның ұлттық музейі, Орталық мемлекеттік музей, Ә. Қастеев атындағы мемлекеттік өнер музейі, Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты ғылыми зерттеулер жүргізуге лицензия алды. Бұл оларға қазақстандық және шетелдік ғылыми орталықтармен, университеттермен, мұрағаттармен, кітапханалармен тығыз байланыс орната отырып, жеке ғылыми-зерттеу базасын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Барлық республикалық музейлерде онлайн-экспозициялар, 3D-галереялар мен турлар іске қосылған, QR-кодтар арқылы ақпараттандыру жүйесі енгізілуде.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, Алматыда «Мәдениеттерді жақындастыру орталығы» мемлекеттік музейі құрылған, оған ЮНЕСКО-ның ІІ дәрежелі орталығы мәртебесі беріледі. Мәлім болғандай, бұған дейін БҰҰ Ассамблеясы Қазақстанның 2013-2022 жылдар аралығын Мәдениеттерді жақындастырудың халықаралық онжылдығы деп жариялау туралы бастамасына қолдау көрсеткен болатын. Осындай шешімді ЮНЕСКО-ның бас конференциясы қабылдады. Астанада Бейбітшілік және келісім сарайы негізінде Бейбітшілік және келісім музейі ашылады.  

2020 жылға дейін туристік саланы дамытудың жаңа тұжырымдамасының жобасы әзірленді. Құжат әлемге бай тарихи-мәдени мұраны, бірегей табиғи аймақтарды, Қазақстанның үлкен жетістіктерін кеңінен таныту шараларын сәйкестендіруді қарастырады. Солардың қатарында, Универсиада, ЭКСПО – 2017 және өзге де жаһандық жобалар бар. Туристік бағдарлар логистикасы, туризмнің зәкірлік кластерлерін дамыту мен оларды брендтеу жұмыстары өз алдына жеке бағыт ретінде қаралған.  

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу