Маңғыстау облысында жыл басынан бері ШОБ-тен түсетін салық төлемдерінің көлемі 11,4%-ға өсті - әкімдік

Маңғыстау облысында 2015 жылдың басынан бері шағын және орта бизнестің салық төлемдерінің мөлшері 11,4 пайызға өсті, деп хабарлайды облыс әкімдігінде. 

«Облыста жыл басынан бері шағын және орта бизнестің салық төлемдерінің мөлшері 11,4 пайызға өсті», - деп хабарлады Маңғыстау облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы бастығының міндетін атқарушы Индира Құрман.

Оның айтуынша, жұмыс істеп жатқан шағын кәсіпкерлік нысандарының саны 16,5 пайызға көбейіп, шағын және орта бизнес саласында жұмыспен қамтылғандар саны 2,8 пайызға ұлғайды. Бұл халықтың белсенді тобының 34,7 пайызы. Өнім өндіру 9,8 пайызға артса, бюджетке түсетін салық төлемдерінің көлемі 11,4 пайызға көбейіп отыр.

Басқарма басшысының міндетін атқарушы атап өткендей, «Даму» қорының аясында облыстың барлық аудандарында Кәсіпкерлікті қолдау орталықтары ашылды.

«Осылайша,  «Бизнестің жол картасы -2020» бағдарламасының аясындағы қолдау шараларымен де барлық аудандар қамтылған. Биылғы жылы Ақтау қаласынан Кәсіпкерлікті қолдау орталығы ашылмақшы. Сондай-ақ, Мұнайлы ауданында бизнес-инкубатор мен кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы ашылады»,-деді экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы бастығының міндетін атқарушы.

Оның сөзінше, ағымдағы жылдың 2 айында 3 мың 35 адам жұмыспен қамтылған, бұл өткен жылдың көрсеткіштерімен салыстырғанда 22,8 пайызға көп.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу