25 Қараша 2016, 08:25
ҚР Сыртқы істер министрлігінде Қазақстанның бітімгерлік бастамаларына және алда 28 қарашада өтетін «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл: Нәтижелер. Жетістіктер. Болашаққа көзқарас» халықаралық конференциясына арналған «Тәуелсіздік туы астында» атты тарихи-құжаттамалық көрмесі ашылды.
ҚР Президентінің мұрағатымен бірлесіп ұйымдастырылған көрмеде Қазақстан Республикасының тәуелсіздік алғалы қол жеткізген жетістіктерін көрсететін 326 бірегей экспонат ұсынылды, олар бес бөлімге бөлінген – «Егеменділік. Алғашқы қадамдар», «Мемлекетаралық қатынастардың құқықтық негізі», «Қазақстан және БҰҰ», «Сыртқы саяси ынтымақтастық» және «Сыртқы экономикалық дипломатия».
Іс-шараға сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко, Қазақстан Республикасының Президенті мұрағатының директоры Борис Джапаров, Парламент Мәжілісінің депутаты Мұхтар Ерман, дипломаттар, сарапшылар, сонымен қатар БАҚ өкілдері қатысты.
Р. Василенко көрме ашылуында ұсынылған құжаттардың тарихи маңыздылығы туралы, Қазақстанның халықаралық аренадағы тәжірибелік қадамдары мен еліміздің маңызды бітімгерлік бастамалары туралы сөз қозғады. Ол Қазақстанның тәуелсіздік жылдары өзінің көпжақты ынтымақтастық, әлем бойынша берік бейбітшілік, қауіпсіздік және даму қағидаларын ұстанатын ел екенін көрсеткенін атап өтті.
«Асылында, Қазақстан әлемнің құрметті әрі жауапкершілігі мол еліне айналды, бұл бүгінгі көрмеден де көрініс тауып жатыр», - деді Р. Василенко.
Сыртқы істер министрінің орынбасары, сондай-ақ, тарихи өлшем бойынша қысқа ғана уақыттың ішінде Қазақстанның көмек алушы елден донор мемлекетке айналғанын, және Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бітімгерлік бастамалары мен халықаралық беделінің арқасында биылғы жылдың шілдесінде маңызды саяси орган - БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің құрамына таңдалғанын айтып өтті.
«Әлем. ХХІ ғасыр» Мемлекет басшысы манифестінің негізгі идеяларын іске асыру, БҰҰ-ның лаңкестікпен және экстремизммен күрес бойынша әлеуетін күшейту, Ауғанстанның әрі қарай тұрақтануы біздің басты назарымызда болады. Біз Қазақстан Қауіпсіздік Кеңесінің өзге мүшелерімен өзара іс-қимылындағы жұмысымен әлемдік қауымдастықтың жоғарғы сенімін ақтайды деп ойлаймыз», - деді Р. Василенко.
Б. Джапаров көрме тұжырымдамасы мен ұсынылған құжаттар туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Сонымен қатар, ол «тәуелсіздікке қол жеткізген жас мемлекеттің алдында экономиканы көтеру, демократияны дамыту және әлеуметтік қоғам құру міндеттері тұрғанын, және осы қажеттіліктерді Қазақстан Президент Н. Назарбаевтың басшылығымен тамаша жүзеге асырғанын және Орталық Азия өңірінде күмәнсіз көшбасшыға айналғанын» сөз етті.
М. Ерман өз сөзінде осындай шараларды өткізудің маңыздылығын айтып, «көрнекі құралдар арқылы жұртшылықты ақпараттандырудың оң танымдық-тәрбиелік әсер беретінін» атап өтті.
Сонымен қоса, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты алдағы Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі мен Парламент Мәжілісі ұйымдастыратын «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл: Нәтижелер. Жетістіктер. Болашаққа көзқарас» халықаралық конференциясы туралы сөз қозғады. Конференцияға Ресей, Германия, АҚШ, ТМД және Латын Америкасы елдері және т.б. мемлекеттердің парламент өкілдері мен жетекші сарапшылары қатысатын болады. Ол алдағы конференция барысында Швеция мен АҚШ ғалымдары «Қазақстан 2041: келесі 25 жылға сценарий» атты бірлескен баяндама ұсынатынын айтты. Ол Қазақстанның жақын болашақтағы перспективаларының көрінісі мен елдің қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуындағы оң үрдістерді сақтап қалуға қажетті ұсыныстардан тұрады.
Шара қатысушылары, сондай-ақ, Қазақстанның жаһандық және өңірлік қауіпсіздікті нығайту бойынша халықаралық бастамаларының, соның ішінде Семей ядролық сынақ полигонының жабылуы, Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақты құру, АТОМ жобасына бастамашылық ету, Азиядағы өзара іс-қимыл мен сенім шаралары кеңесін өткізу және Әлем және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі және т.б. маңыздылығына баса назар аударды.
Бұл көрме Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығында ҚР СІМ мен Президент мұрағаты ұйымдастырған үш көрменің қорытынды көрмесі болып табылады. Биылғы жылдың наурызында – Қазақстанның БҰҰ-мен ынтымақтастығының 24 жылдығына арналған, тамызда Семей ядролық сынақ полигоны жабылуының 25 жылдығына арналған мұрағат материалдары ұсынылған.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу