ҚР АШМ-де Өсімдіктер карантині саласындағы меморандумға және ҚР-дан ҚХР-ға шошқа етін экспорттауға қойылатын талаптар бойынша хаттамаға қол қойылды

Бүгін Мемлекет басшысының экспорттық әлеуетті арттыру жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева Қытай Халық Республикасы Бас кеден басқармасы министрінің орынбасары Ван Лин Цзюньмен кездесу өткізді.

Кездесу барысында қазақстандық тауарлардың ҚХР нарығына қолжетімділігін кеңейту мәселелері талқыланды, сондай-ақ біздің өнімдерімізді экспорттау үшін маңызды құжаттарға қол қойылды. Бұл өсімдіктер карантині саласындағы меморандум және ҚР-дан ҚХР-ға шошқа етін экспорттауға қойылатын талаптар жөніндегі хаттама.

Екі ел арасындағы сауданы дамыту, сондай-ақ, Жол картасының іс-шараларын жүзеге асыру мақсатында 2018 жылдың қараша айында Шанхай қаласында ҚР АШМ мен ҚХР ГТУ ведомстволары арасында қол қойылған қазақстандық өнімді Қытайға экспорттауға қойылатын талаптарды келісу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жол картасының 14 пунктінен 6 пункт орындалды. Барлығы 18 хаттамаға қол қойылды, бұл екі ел арасындағы тауар айналымын арттыруға мүмкіндік береді.

Осы жылдың 7 айында екі ел арасындағы АӨК өнімдерінің тауар айналымы 24,5%-ға өсіп, $297 млн құрады. Сонымен қатар, ҚХР-ға қазақстандық АӨК өнімінің экспорты ақшалай мәнде 41%-ға өсіп, $196 млн құрады.

Топ-10 өнімге дәнді дақылдар (бидай, арпа), ұн, өсімдік майы және майлы тұқымдар, мақта талшығы, азықтық дақылдар, кондитерлік өнімдер кіреді. Перспективалы өнімдер — ет, ет және сүт өнімдері, соя, жүгері. Қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдері Қытайда жоғары сапалы, экологиялық және табиғи болып жоғары бағаланады.

Қазақстандық өнімдер үшін Қытай нарығына қол жеткізу сауда айналымын ұлғайту үшін ғана емес, сондай-ақ, Қазақстан аумағында ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге қытайлық инвестицияларды тарту үшін де маңызды мәнге ие.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу