Үкіметте кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік реттеу мәселелері талқыланды

ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов 2020 жылға дейінгі кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік реттеу кешенді тұжырымдамасының   негізгі бағыттары талқыланған кеңес өткізді.

ҚР Экономикалық даму және сауда министрі Ерболат Досаев мәлім еткендей, «Кешенді тұжырымдаманың негізгі тұрғылары бизнес-қауымдастықтың қатысуымен, Елбасы тапсырмаларын орындау аясында, сондай-ақ халықаралық тәжірибені есепке ала отырып әзірленді».

Тұжырымдаманың мақсаты - кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік реттеудің тиімді жүйесін құру болып табылады. Оған қол жеткізу үшін «рұқсат беру заңнамасының жаңа қағидаларын енгізу, бизнестің өзін-өзі реттеуін дамыту үшін жағдай жасау, салық және кеден әкімшілендіруін жетілдіру, тұтынушыларды қорғау деңгейін арттыру, сондай-ақ бизнесті ашу мен жабу үрдістерін жеңілдету» сияқты мәселелерге қатысты бірқатар жүйелі міндеттерді шешу қажет.

ҚР Экономикалық даму және сауда министрі «мемлекет пен бизнес әріптес болуы қажет және мемлекеттің өз функциясын жүзеге асыруы қызмет көрсету сипатында болуы тиіс»,- деп атап өтті.

Сонымен бірге, «Тұжырымдаманың міндеті - өзін-өзі реттеуді әкімшілік енгізу емес, оның қалыпты дамуы мен кезең-кезеңмен енгізілуі үшін жағдай жасау», - деді Е. Досаев.

Министрдің пікірінше, «бизнес үшін заңнаманы үнемі жеңілдету қажет емес. Кейде керісінше, заң бұзушылар үшін жауапкершілікті қатайту керек».

Кеңесті жұмысын қорытындылай келе, ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов ҚР Экономикалық даму және сауда министрлігіне «Атамекен» ҰЭП-мен бірлесіп «дөңгелек үстел» барысында бизнес-қауымдастықтың ұсыныстары мен ескертпелерін назарға алу үшін Тұжырымдаманың бағыттарын талқылауды тапсырды. «Жалпы алғанда, Тұжырымдаманың тұрғыларын мақұлдауды ұсынамын», - деп қорытындылады Үкімет басшысы.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу