Үкіметте мемлекеттік сатып алулар жүйесінің жаңа тұжырымдамасы талқыланды

Бүгін Үкімет үйінде Премьер-Министр Серік Ахметовтің төрағалығымен мемлекеттік сатып алулар жүйесін әрі қарай жетілдіру мәселелеріне арналған отырыс өтті.

Селекторлық режимде өткен отырыста қаржы министрі Болат Жәмішев жүйені әрі қарай жақсартудың, сатып алу процестерінің ашықтығын және қолжетімділігін қамтамасыз етудің жаңа жолдарымен таныстырды.

Электрондық сатып алулардың өміршеңдігін және әлеуеттілігін атап көрсеткен министр, мемлекеттік сатып алулар веб-порталындағы мәліметтермен таныстырды, анықталған проблемаларға, сатып алу бағалары мониторингінің модуліне, келісімшарт бойынша міндеттемелерді қамтамасыз ету мәселелеріне тоқталды.

Жүйенің жұмысын әрі қарай жақсарту мәселесі бойынша министр, сатып алулармен айналысатын орталықтандырылған (біртұтас) орган құруды ұсынды. Бұл орган құқықтық және техникалық құзырсыздықпен байланысты проблемаларды және мемлекеттік сатып алулар веб-порталына қосу мәселелерімен айналысатын болады.

«Жүйені орталықтандыру шарасы сатып алу процестерінің ашықтығын қамтамасыз етеді, сыбайлас жемқорлықты азайтады, конкурстардың өтпей қалуына жол бермейді, тапсырыс беруші мен сатып алуды орталықтан ұйымдастырушының арасындағы өзара бақылауды күшейтеді», - деді Б.Жәмішев. Министр сондай-ақ сатып алуды орталықтан ұйымдастырушы органның құрылымы мен құзырлығына және тапсырыс берушінің өкілеттіліктеріне тоқталды.

Отырысты қорытындылаған Үкімет басшысы, мемлекеттік органдарға, бизнеске, экономика салаларына қатысты талқыланып отырған мәселенің маңыздылығына тоқталды және «электрондық сатып алудың балама жүйесі жоқ, сондықтан да мемлекеттік сатып алулар жүйесінің жаңа тұжырымдамасын егжей-тегжей зерделеу және оны ілкі жоба форматында сынақтан өткізу керек», деп атап көрсетті. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу