23 Мамыр 2017, 06:37
ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Коммерциялық емес ұйымдардың қызметі мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралды.
ҚР дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев заң жобасы мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты жетілдіруге бағытталғанын, оның қазіргі тетігі 10 жылдан астам уақыт жұмыс істеп тұрғанын баяндады. Мақсатты топтардың қажеттіліктерін зерттеу және талдау, ҮЕҰ-дың ұсыныстары негізінде мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қалыптастыру үдерісіне бірыңғай тәсілдемелерді анықтау, сондай-ақ әлеуметтік жобаларды іске асырудың ашықтығын қамтамасыз ету ұсынылған.
Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс нәтижелерін бағалау үдерісін енгізу жоспарланған, ол жобаның тиімділігін айқындауға және халықтың қызмет көрсету сапасына қанағаттануы дәрежесін анықтауға мүмкіндік береді. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында қызмет көрсету сапасын бағалау сапасына, шарттарына, мазмұнына, критерийлеріне қойылатын бірыңғай талаптар енгізіледі. Министрлік ҮЕҰ-мен бірге стандарттардың 6 түрін ұсынады.
Заң жобасына өзгерістердің тағы бір блогі құзыретті органға мәліметтер ұсынатын ҮЕҰ-дың тізімін оңтайландыруға қатысты.
«Қазіргі уақытта барлық коммерциялық емес ұйымдар, олар 50 мыңнан асады, жыл сайын министрлікке есептілік тапсыруға міндетті. Аталған норманы енгізген соң олардың саны 2,5 есеге қысқарады», - деп атап өтті Н. Ермекбаев.
Заң жобасы ҮЕҰ-дың, сарапшылардың, халықаралық ұйымдардың қатысуымен министрліктің түрлі диалог алаңдарында талқыланған. Сәйкес заң жобасын қабылдау қоғамның әлеуметтік мәселелерді шешуге қатысу деңгейін, азаматтардың жүргізіліп жатқан мемлекеттік саясатқа сенімін арттыруға мүмкіндік береді.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу