ҚР Үкіметі құрылымында өзгерістер орын алды

Бүгін Астанада ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Үкімет құрылымындағы өзгерістерді таныстырды. 

К.Мәсімов ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері министрлігін құру және мемлекеттік қызмет істері министрі лауазымына Талғат Донақовты тағайындау туралы Жарлығын оқыды.
 
«Министрлік құрылымында негізгі қызметтері жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылықтарды ескерту, анықтау, алдын кесу, ашу және тергеу болатын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы құрылды», - деп атап өтті К.Мәсімов.
 

Премьер-Министр ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қайрат Қожамжаровты Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының төрағасы қызметіне тағайындау туралы өкімін оқыды. 
 
Премьер-Министр Т.Донақов пен Қ.Қожамжаровтың Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссияның жұмысына белсенді қатысқанын баса айтты.  
 
«Тәжірибелеріңіздің мол екеніне және Елбасының тапсырмаларын әрдайым орындап жүргендеріңізге сенімдімін. Жаңа қызметте де барлық шешімдер орындалады деген ойдамын», - деп түйіндеді К.Мәсімов. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу