ВАК-та «Еңбек» және «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламаларын іске асырудың алдын ала қорытындылары қаралды

Бүгін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Е. Тоғжановтың төрағалығымен өткен Жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында «Еңбек» және «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламаларын іске асырудың биылғы 7 айдағы алдын ала қорытындылары тыңдалды.

Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі «Еңбек» бағдарламасы аясында жыл басынан бері жұмыспен қамту шараларымен 335 мың қазақстандық қамтылғанын хабарлады.

Дегенмен, бірқатар өңірлерде бағдарламаны іске асырудың қарқыны төмен екендігі байқалады: Нұр-Сұлтан қаласында — микрокредиттер, гранттар беру, жастар практикасы бойынша; Алматы қаласында — жастар практикасы және қоғамдық жұмыстар бойынша; Атырау облысында — тұрақты жұмыс орындарын құру бойынша.

Сондай-ақ «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 6,3 мың жоба іске асырыла бастап, 153 мың жұмыс орны ашылғаны баяндалды.

Қостанай облысында жұмысқа орналастыру бойынша төмен қарқын тіркелді; басқа аудандардан келгендерге көтерме ақы төлеу бойынша Алматы қаласында, Түркістан және Ақмола облыстарында орындалмай отыр.

Премьер-Министрдің орынбасары өңірлердің әкімдіктерінің есептерін тыңдап, халықты жұмыспен қамту бойынша жұмысты жандандыру жөнінде жедел шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті.

Сондай-ақ отырыста «Жұмыспен қамтудың жол картасы» жобаларының тиімділік өлшемдері бекітілді.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша біздің алдымызда Бағдарламаға бөлінген 1 трлн теңгені барынша тиімді пайдалану міндеті тұр. Әрбір жоба бойынша әлеуметтік-экономикалық тиімділік мұқият бағаланатын болады: қанша жаңа жұмыс орны құрылды, салық түсімдерінің өсу қарқыны, адамдардың тұрмыс сапасына әсері және т. б. Бағдарламаның тиімділігін Үкімет ерекше бақылауда ұстайды», — деп қорытындылады Е. Тоғжанов.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу