ҚР вице-премьері Роман Скляр Иордания өкілдері палатасының төрағасы Атеф Ат-Тараунамен кездесті

Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Иорданияның парламентаризм желісі бойынша ғана емес, өзара қызығушылық тудыратын басқа да салалардағы екіжақты қатынастарын талқылады.

Барлығымыз білетіндей, екіжақты қатынастардың мықты іргетасын ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Иордан Хашимит Королі Абдалла ІІ қалаған, олардың арасында тығыз, достық қатынастар орнаған.

Саяси өзара іс-қимылдың кеңеюімен қатар, екі ел арасындағы тауар айналымының өсуі байқалады. Осы орайда, Қазақстан мен Иордания арасындағы сауда-саттықты одан әрі ұлғайтып, қазіргі уақытта бүкіл әлемде өзекті болып табылатын азық-түлік қауіпсіздігі желісі бойынша екіжақты ынтымақтастықты өсіруге зор мүмкіндіктер бар. Бұл ретте, келешекте Қазақстан оны қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаруы мүмкін.

«Осы орайда, ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық басым бағыттардың бірі деп болжаймын. Біз ұзақ мерзімді келісімшарттар негізінде Иорданияға астық экспортын жолға қоюға дайынбыз», — деп атап өтті Роман Скляр.

Қазақстан өз тарапынан Иорданияны, Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы (ИЫҰ) шеңберінде азық-түлік өзара көмек жүйесін құруға ықпал ететін Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам Ұйымына (АҚИҰ) қосылуға шақырады.

«Штаб-пәтері Нұр-Сұлтанда орналасатын АҚИҰ-ның жұмыс істеуі ИЫҰ мүшелерінің экономикалық ынтымақтастықтағы сапалы жаңа қадамы болып, азық-түлік резервтерін құру есебінен мұқтаж мұсылман елдеріне азық-түлік көмегін көрсетуге ықпал ететініне сенімдіміз», — деді Роман Скляр.

Бұдан өзге, тараптар әуе қатынастары саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Роман Скляр Иорданияның әуе компанияларын Қазақстандық тараппен ынтымақтастыққа шақырды, сондай-ақ, біздің ел одан әрі тиімді өзара іс-қимылдар аспектілеріне талдау жасайтынын қоса айтты.

Өз кезегінде Иордания тарапының өкілдері Қазақстан аумағына ауыл шаруашылығы өнімін экспорттауға қызығушылықтарын білдірді, сондай-ақ жылы қарсы алғаны үшін ҚР Үкіметіне алғыс білдіріп, біздің елдер арасындағы өзара қатынастардың жоғары деңгейін атап өтті.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу