Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №78

2018 жылғы 26–31 наурыз аралығындағы аптаның айшықты оқиғалары

Дүйсенбі күні, 26 наурызда ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев 05.03.2018 ж. «Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» орындау аясында Жол картасын іске асыру мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Кеңес барысында еліміздің орталық және солтүстік өңірлерін газдандыру үшін «Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды – Теміртау – Астана» бағытындағы «Сарыарқа» магистральді газ құбырының құрылысы мәселелері талқыланды.

Сол күні Бақытжан Сағынтаев БҰҰ Дүниежүзілік туристік ұйымының (ЮНВТО) Бас хатшысы Зураб Пололикашвилимен кездесу өткізді.

27 наурызда Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен ҚР Үкіметінің кезекті отырысы өтті. Онда 2015–2019 жылдарға арналған ҚР Индустриялық-инновациялық дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру қорытындысы, ҚР-да тілдерді дамыту мен қолданудың 2011–2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру қорытындысы, сондай-ақ, мемлекеттік қала құрылысы кадастрының қызметі мен оны енгізу мәселелері қаралды.

Сонымен қатар осы аптада Бақытжан Сағынтаев азаматтық авиация және көрмеден кейін «Астана Экспо–2017» нысандарын пайдалану мәселелері жөнінде кеңестер өткізді.  

Осы жылдың 28–29 наурызында ҚР Премьер-Министрі Б. Сағынтаев Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың тапсырмасымен Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарында жұмыс сапарымен болып қайтты. Сапардың мақсаты — Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік, Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері Жолдаулары мен «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» үндеуінің жүзеге асырылу барысымен танысу.

Жұма күні, 30 наурызда ҚР Премьер-Министрі Б. Сағынтаев «Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» іске асыру процесін заңнамалық қамтамасыз ету мәселелері жөнінде кеңес өткізді.

Сол күні Үкімет үйінде Бақытжан Сағынтаев ҚР Үкіметінің жобалық басқаруының мақсатты индикаторларына қол жеткізу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстары мен биылғы жылға арналған жоспарлары жөнінде кеңес өткізді. Цифрландыру және экономика салаларын технологиялық жаңғырту мәселелері талқыланды.

Бұдан өзге, 30 наурызда ҚР Премьер-Министрі Б. Сағынтаевтың төрағалығымен «Самұрық–Қазына» ҰӘҚ» АҚ Директорлар кеңесінің, Мұнай–газ саласына қатысты мәселелер бойынша ведомствоаралық комиссияның отырыстары өтті.  

Сенбі күні, 31 наурызда Бақытжан Сағынтаев ел экономикасын цифрландыру барысында халықаралық тәжірибені қолдану мәселелері жөнінде кеңес өткізді.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу