ҚР Премьер- Министрінің орынбасары Қырымбек Көшербаев жұмыс сапарымен Ақтөбе облысына барды

5 желтоқсан, сәрсенбі күні ҚР Премьер- Министрінің орынбасарыҚырымбек Көшербаев бастаған үкіметтік топ жұмыс сапарымен Ақтөбе облысына барды.

Үкіметтік топ алдымен Хромтау қаласындағы «Қазхром» ТҰК» АҚ-на қарасты Дөң тау–кен байыту комбинатының кен байыту және кен ірілендіру фабрикасында болды. 1938 жылы құрылған Дөң КБК кен қоры жөнінен әлемде екінші орын алатын және сапасы жағынан теңдессіз саналатын Оңтүстік-Кемпірсай кен орнынан хромит кенін өндіріп келеді.

Одан әрі жұмыс тобы «Керамика» АҚ керамикалық плиталар шығаратын зауытта болды. Бұл кәсіпорынға жалпы сомасы 222 млн. теңге несиенің пайыздық мөлшерлемесін субсидияландыру бөлігінде «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде мемлекеттік қолдау көрсетілді.

Қ. Көшербаев Хромтаудағы тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасының орындалу барысымен танысты. Бағдарлама шеңберінде Хромтау ауданында бес көпқабатты тұрғын үй жөнделген. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 76,5 млн теңге бөлінді.

Сапар барысында арнайы топ Алға ауданындағы «Париж коммунасы ХХІ» ЖШС болып, Бестамақ мал шаруашылығы кешенінің 2-ші кезеңінің іске асырылу барысымен танысты. Кешенде мал азығы зауытын құру және шошқа ұстау, оларды азықтандыруға арналған 24 мал шаруашылығы орнын салу қарастырылған.

Вице-премьер Қ. Көшербаев Ақтөбедегі «Izet Greenhouse»ЖШС-не қарасты жылыжай кешеніндегі ауылшаруашылығы көрмесіне де ат басын бұрды. «Izet Greenhouse» жылыжайы Үдемелі индустриялық- инновациялық даму Мемлекеттік бағдарламасы аясында «Қазагроқаржы» АҚ–ның қолдау көрсетуімен облыс тұрғындарын жергілікті көкөніспен қамтамасыз ету мақсатында салынды. Кешеннің жобалық қуаты жылына 1500 тонна көкөніс өсіруге жетеді.

Түс ауа жұмыс тобы тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы қаржыландырылып отырған «Нұр Ақтөбе» жаңа тұрғын үй шағын ауданының құрылыс барысымен танысты. Кешенде әр шаршы метрі 90 мың теңге болатын жайлылығы жағынан 3- ші деңгейдегі 1,2,3 бөлмелік пәтерлер салу қарастырылған.

Келесі кезекте делегация мүшелері Ақтөбе ЖЭО–ның жылу беру маусымында қаланы жылумен қамтамасыз ету барысын байқап көрді. Қазіргі уақытта ЖЭО-ның белгіленген электрлік қуаттылығы 102 МВт-ты құрайды, жылу қуаты -1139 сағатына Гкал. Осыған қатысты « Самұрық – Энерго» АҚ-да өткен талқылауда Ақтөбе қаласы ЖЭО-ны 2020 жылға дейін кезең- кезеңмен жаңғырту белгіленді.

Облыс активімен өткен кеңесте жұмыс сапары қортындыланып, аймақты дамытудың негізгі басымдықтары айқындалды және орталық мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен көкейкесті мәселелер талқыланды.

Қ.Көшербаев өңірде мемлекеттік және салалық бағдарламаларды жүзеге асыру жайына баға беріп, облыста өндіріске жаңа технологиялар енгізудегі жинақталған оң тәжірибені атап айтты.

Вице-премьер бүтіндей алғанда жылу беру маусымын сәтті бастап, баға мен инфляцияның негізсіз өсуіне жол бермей, қуаңшылық жылындағы шаруалардың алдындағы қиыншылықтарды еңсере білген Ақтөбе облысы үстіміздегі жылғы 28 қарашада барлық деңгейдегі әкімдердің қатысуымен өткен кеңейтілген кеңесте ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев алға қойған ұзақ мерзімді және стратегиялық міндеттерді тиімді орындауға қабілетті екенін атап көрсетті.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу