Вице-премьер Қ.Көшербаев Жамбыл облысына жұмыс сапарын жасады

ҚР Премьер-Министрдің орынбасары Қырымбек Көшербаев бастаған үкіметтік топ бүгін Жамбыл облысына жұмыс сапарын жасады.

Жұмыс тобы Қаратау қаласында болып, моноқалаларды дамыту кешенді жоспарының іске асырылу барысы мен тұрғын үйлерді жаңарту жұмыстарының барысымен танысты. Вице-премьер осы жерде химиялық кәсіпорындарының инвесторларымен және Талас ауданының тұрғындарымен кездесті, Қаратау және Жаңатас моноқалалары басшыларының есептерін тыңдады.

Үкіметтік делегация сондай-ақ «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автомагистралінің құрылыс барысымен танысты.

Таразда жұмыс тобы ТКШ жаңарту бағдарламасы бойынша жөндеуден өткізілген тұрғын үйлерді аралады. Бүгінгі таңда қаладағы 1135 көппәтерлі тұрғын үйдің 800-ден астамы жөндеу жұмыстарына мұқтаж. Ағымдағы жылы ТКШ жаңарту бағдарламасы бойынша Тараз қаласындағы 46 көппәтерлі үйдің күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарына республикалық бюджеттен қажетті қаржы бөлінді.

Үкіметтік топ сапар барысында сондай-ақ, «Таразэнергоорталық» АҚ-ның жұмысымен танысты. Және облыс әкімдігінде агроөңдеуші логистикалық орталықтың инвестициялық жобасының таныстырылымы өтті.

Облыс активімен болған кеңесте жұмыс сапарының қорытындысы шығарылып, өңірді дамытудың негізгі басымдықтары нақтыланды және проблемалық мәселелер талқыланды.

Қ.Көшербаев облыстағы мемлекеттік және салалық бағдарламалардың іске асырылу барысына баға берді.

«Жамбыл облысында моноқалаларды дамыту бағдарламасы жүзеге асырыла бастады. Жылу беру маусымы сәтті басталды, бағалар мен тарифтер әкімдіктердің бақылауында. Тағы бір айта кететін жайт, Қаратау мен Жаңатаста «ЕуроХим» химиялық концерні жұмыс істей бастайды, концерн өңір экономикасына екі млрд. жуық АҚШ долларының инвестициясын  салады. «Қазфосфат» ЖШС өндірістік қуатын жаңартуға және дамытуға ағымдағы жылы13 млрд. теңге бөлініп отыр. Инвесторлардың үлесі өңірдің дамуына елеулі серпін береді»,- деп атап көрсетті вице-премьер өз сөзінде.

 

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу