Премьер-Министр: Министрлердің шетелдік сапарларын жылдың соңына дейін тоқтата тұру қажет

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев министрлерге жылдың соңына дейін шет мемлекеттерге сапар жасауды тоқтата тұруды тапсырды.

«Президенттің бізге берген тапсырмасы анық әрі нақты. Оның барлығы белгіленген мерзімде және сапалы орындалуы тиіс. Сондықтан біздің бәрімізді де ауқымды  жұмыс күтіп тұр. Елбасымен бірге болатын сапарлар болмаса, бүкіл шетелдік сапарларды жылдың соңына дейін тоқтата тұру керек. Аса бір қажеттілік туындай қалса, онда менің жеке өкімім бойынша шығасыздар. Еліміздің өңірлеріне жұмыс сапарларыңызды да келісім бойынша жасайсыздар», – деді Б. Сағынтаев  Үкімет отырысын өткізу барысында.

«Сіздерге Үкімет басшылығы тарапынан қандай шешімдер керек, тез арада анықтап, ұсыныстарыңызды енгізіңіздер», – деді Үкімет басшысы.

«Біз қабылдаған шешімдердің барлығы қарапайым xалыққа түсінікті әрі жеңіл болуы тиіс. Біздің кез келген шешімдеріміз жұртшылыққа дер уақытында жетіп, мақсат-міндеттер мен оларды шешудің жолдарын үнемі түсіндіріп отыру керек», – деді ол.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу