2012 жылы Қазақстанда 16 мыңнан астам өрт болған - ҚР ТЖМ

Қазақстанда 2012 жылдың 12 айында 16 904 өрт болған, оның салдарынан туындаған материалдық шығын 5,6 млрд теңгеге жеткен, деп хабарлады бүгін Төтенше жағдайлар министрлігінің Өртке қарсы қызмет комитеті төрағасының орынбасары Владимир Беккер. 

«2012 жылдың 12 айында республикада 16 904 өрт болған, оның салдарынан материалдық шығын 5,615 млрд теңгені құраған. 2011 жылмен салыстырғанда өрт саны 11%-ға, ал материалдық шығын - 12%-ға артқан, оттың кесірінен 521 адам көз жұмған»,- деді В.Беккер.

Сонымен қатар, ол өрт саны мемлекеттік өрт бақылауының қадағалауына жатпайтын нысандар арасында жиі кездесетінін атап өтті. 

Бақылаудағы нысандардың 1624-інде өрт шығу оқиғасы тіркелген, бұл жалпы көрсеткіштің 10%-ын ғана құрайды.

Өрттердің жергілікті орналасқан жері бойынша өрт өндірістік ғимараттарда және қойма ғимараттарында жиі орын алған. 

Өрт шығуының басты себептерінің бірі халықтың отты абайсыз пайдалануы және электр жабдықтарын монтаждау мен техникалық пайдалануы кезіндегі мұқиятсыздық болып табылады.

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу