Түркістан облысында қуаттылығы жылына 150 мың тонна жүгеріні терең өңдеу зауыты іске қосылды

Түркістан облысының Шардара ауданында «Қазкрахмал» ЖШС жүгеріні терең өңдеу зауыты жұмысын бастады. Жаңа кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 150 мың тонна шикізат. 500 жұмыс орны құрылған.

Зауыт іс жүзінде қалдықсыз өндірісті қамтамасыз ететін заманауи құралдармен жабдықталған: жүгеріні өңдеу тереңдігі 98%-ға жетеді.

Бірінші кезеңде кәсіпорын модификацияланған крахмал, глютен, сығынды, целлюлоза және басқа да өнім түрлерін шығарады. Толық қуатқа шыққан кезде ассортимент 28 атауға дейін кеңейеді, оның ішінде тереңірек қайта өңделген өнімдер – мальтодекстрин, меласса, сироптар және онымен байланысты салаларда сұранысқа ие басқа да өнімдер.

Кәсіпорынды шикізатпен қамтамасыз ету үшін Түркістан облысында жүгері егіс алқаптары кезең-кезеңімен ұлғайтылып, тамшылатып суару жүйелері енгізілуде. Бұл әсіресе су ресурстары шектеулі аймаққа қатысты. Сонымен қатар жүгері күрішпен салыстырғанда суды аз қажет ететін дақыл.

Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин атап өткендей, Қазақстан – астықтың дәстүрлі ірі өндірушісі және экспорттаушысы. Соңғы үш жылда дәнді дақылдың жылдық өнімі 24 млн тоннадан асады. Мұндай көлем ішкі қажеттілікті қамтамасыз етуге және экспорттық позицияларды сақтауға ғана емес, сонымен қатар ел ішінде астық өңдеуді арттыруға мүмкіндік береді.

«Біздің міндетіміз – астықты шикізат ретінде экспорттаумен шектеліп қана қоймай, қосылған құны жоғары өнім өндіруді дамыту. Бүгінде Қазақстанда жалпы қуаттылығы жылына 510 мың тонна астықты терең өңдейтін үш кәсіпорын жұмыс істейді. Биыл Жамбыл облысында қуаттылығы жылына 500 мың тонна жүгеріні өңдейтін Fufeng Group кешенінің бірінші кезегі іске қосылды. Бұдан басқа, төрт ірі инвестициялық жоба пысықталуда және іске асырылуда – екеуі Ақмола облысында және бірі Қостанай, бірі Астанада. Жаңа өндірістік қуаттар ел ішінде астық шикізатын жылына 5,8 млн тоннаға дейін терең өңдеуді қамтамасыз етеді. Бұл қосылған құны жоғары өнім шығаруды кеңейтуге және қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын ұлғайтуға мүмкіндік береді», — деп атап өтті Серік Жұманғарин.

#Серік Жұманғарин #Өңірлер

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу