15 Маусым 2026, 21:05
Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткізілген кеңесте Жеңіл өнеркәсіпті дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған кешенді жоспарының жобасына енгізілген кәсіпорындарды жергіліктендіруді арттыру туралы келісімдердің тетігі мен қарсы міндеттемелері қаралды.
7 бөлім мен 30 іс-шарадан тұратын Кешенді жоспар жобасы жеңіл өнеркәсіп кәсіпорынын қолдаудың орта және ұзақ мерзімді шараларын қамтиды.
Негізгі орта мерзімді шара қатарына кәсіпорынды шикізатпен қамтамасыз ету, өткізу нарығын кеңейту, мемлекеттік сатып алу тетігін жетілдіру және отандық өндірушілерге тең бәсекелестік жағдай жасау жатады.
Сатып алу рәсімін жеңіл өнеркәсіп кәсіпорынының өндірістік циклі ерекшелігіне бейімдеуге ерекше назар аударылады. Атап айтқанда, мемлекеттік сатып алудағы өнімді жеткізу мерзімін ұлғайтудың мүмкіндігі пысықталуда.
Ұзақ мерзімді шаралар шеңберінде шикізат пен дайын өнімді толық қадағалау жүйесін, сондай-ақ өндірісті жергіліктендіруді арттыру келісімі тетігін енгізу мәселесі қаралды.
Ұсынылып отырған тетік мемлекет пен саладағы кәсіпорындар арасында келісім жасауды қарастырып, бұл ретте компаниялар қарсы міндеттемелерді өзі қабылдаған кезде қосымша қолдау шарасын ала алады.
Атап айтқанда, келісімде өндіріс көлемін ұлғайту, жергіліктендіру деңгейін арттыру, қызметкерлердің жалақысын арттыру, персоналдың біліктілігін арттыру, жаңа жұмыс орындарын құру және мүгедек адамдарды жұмысқа орналастыру міндеттемелерін бекіту жоспарлануда.
Осындай келісім жасасқан кәсіпорындар үшін арнайы инвестициялық келісімшартты, жеңілдікпен қаржыландыруды және өзге де ынталандыру тетігі секілді мемлекеттік қолдау шараларын алу мүмкіндігі көзделеді.
Талқылауды қорытындылай келе, Серік Жұманғарин мүдделі мемлекеттік органдарға, салалық қауымдастықтар мен бизнес өкілдеріне маусымның соңына дейін ұсынылған тетіктерді пысықтап, келісілген ұсыныстар беріп, оларды Жеңіл өнеркәсіпті дамытудың кешенді жоспары шеңберінде одан әрі іске асыруды тапсырды.



Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу