Жалпы астық жинаудың болжамды көлемі 15,3 млн тонна деңгейінде күтілуде — Е. Қарашөкеев

3,6 млрд теңге қаржылай көмек Маңғыстау және Қызылорда облыстарындағы құрғақшылықтан зардап шеккендерге үкіметтік резервтен бөлінді. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Ербол Қарашөкеев мәлімдеді.

«Осы жылғы ауа райы жағдайлары ауыл шаруашылығы малын азықпен қамтамасыз етуде белгілі бір қиындықтар туғызды. Жағдайды түзету үшін Үкімет нақты шаралар қабылдауда», — деді Е. Қарашөкеев.

Азық дайындау мәселелері бойынша Жергілікті және орталық атқарушы органдардың қызметін үйлестіру жөніндегі республикалық жедел штаб құрылып, жұмыс істеп жатыр.

Зардап шеккен өңірлерге қаржылай көмек көрсетілуде. Мәселен, құрғақшылықтан ең көп зардап шеккен Маңғыстау және Қызылорда облыстарына азық сатып алуға жұмсалған шығындарды өтеуге Үкімет резервінен 3,6 млрд теңге бөлінді. 

Маңғыстау облысына азық дайындау мақсатына қосымша 5,3 млрд теңге бөлу мәселесі шешімін тапты.

Сонымен қатар азық дайындау проблемаларын шешуге жергілікті бюджеттен 9,1 млрд теңге бөлінді, қосымша тағы 4,5 млрд теңге бөлу күтілуде.

Зардап шеккен өңірлердің ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің кредиттері бойынша қарыздарын ұзарту және қайта қарау туралы шешім қабылданып, өтінімдерді қабылдау басталды.

Облыстарда азық дайындау көлемін барынша арттыру бойынша шаралар кешені іске асырылуда. 

Өңірлерге азық дайындау мақсатында қосымша 43,1 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Өңірлер арасында азықты белгіленген бағамен өзара жеткізу және зардап шеккен шаруашылықтарға шөп шабу үшін 130 мың гектарға жуық шабындық жер бөлу туралы шарттар мен меморандумдар жасалды. Сондай-ақ табиғи резерваттың 211 мың гектарында шөп шабуға рұқсат етілді. 

«Бұл жұмысқа волонтерлік ұйымдар да қосылды және олар зардап шеккен өңірлерге шамамен 150 вагон азық жеткізді. Бұл ресурстарды жергілікті жерлерде бөлу қоғамдық кеңестердің белсене қатысуымен жүргізіледі. Осы көмекті ұйымдастырғаны үшін еліміздің барлық еріктілеріне және бұл іске бей-жай қарамайтын азаматтарға үлкен алғысымды білдіргім келеді», — деді министрдің м. а.

Азық-түлік корпорациясы арқылы жемдік астықпен қамтамасыз ету шаралары қабылдануда, атап айтқанда, зардап шеккен өңірлердің субъектілеріне нарықтық бағадан 17%-ға төмен бағамен 1,2 мың тонна жемдік арпа сатылды. Қазіргі уақытта Азық-түлік келісім-шарт корпорациясына 200 мың тонна көлемінде жемдік астықтың қосымша резервін құруға 20 млрд теңге бөлу қарастырылуда.

Бұған қоса, «ҚазақстанТемірЖолы» АҚ тамыз айының соңына дейін азық тасымалдауға жеңілдікті тарифтерді нарықтағыдан 77%-ға төмен деңгейде сақтау туралы шешім қабылдады.

Сондай-ақ осы жылғы 23 тамызда ірі азықты республикадан әкетуге уақытша тыйым салуды енгізу туралы шешім күшіне енеді, 1 қыркүйектен бастап жемдік астықты  экспорттауға квоталау енгізіледі.

Сонымен қатар Жедел штаб жергілікті атқарушы органдарға зардап шеккен аймақтарға көмек көрсету қорларын құру, сабан дайындау және жемдік астық пен кебек резервін құру жұмыстарын ұйымдастыру тапсырылды. Жеке қосалқы шаруашылықтарды азықпен қамтамасыз ету мәселелерін ерекше бақылауға алу, өз мүмкіндіктерімен өздерін азықпен қамтамасыз ете алмайтындарға ұйымдасқан шаруашылықтарды бекіту ұсынылды. Сонымен қатар қолданыстағы заңнамалық заң аясында жем бағасын бақылауды күшейту, бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу үшін қажетті шаралар қабылдау қажеттілігіне ерекше назар аударылды. 

«Осы шаралардың барлығы жағдайды едәуір тұрақтандыруға және жем-шөп дайындау маусымы басталғанға дейін қоғамдағы алғашқы шиеленісті азайтуға мүмкіндік берді», — деді министрдің м.а.

Малдың қыстан ойдағыдай шығуы үшін облыстардың әкімдіктерімен бірлесіп, азық дайындау жоспарлары белгіленді. Мысалы, шөп дайындау жоспары запастағыларды ескере отырып, 23,7 млн тоннаны құрайды. Іс жүзінде 19,7 млн тонна шөп немесе 83% дайындалды.  Алматы, Жамбыл және Қостанай облыстарында жоспардың шамамен 90%-ы көлемінде шөп дайындалды. 

Ұйымдастырылған шаруашылықтар 989 мың тонна пішендеме әзірледі, бұл жоспардың 62%-ын құрайды. Сондай-ақ сүрлем дайындауға кірісті, жоспар 2 млн тоннадан асады. 4,8 млн тонна сабан және 6 млн тонна құнарлы азық дайындау бойынша жоспарлар айқындалды.

Солтүстік өңірлер үшін пішен бойынша ғана емес, басқа өңірлерде шөп жетіспеген жағдайда, сабан дайындау бойынша да жоспарлар ұлғайтылды. 15 қазанға дейін ірі азық дайындау аяқталады деп күтілуде.

Сонымен қатар, Министрлік мал шаруашылығын дамытудың тұрақтылығын арттыруға бағытталған жүйелі сипаттағы бірқатар шараларды іске асыруды жоспарлап отыр.

Бірінші. Бұл – егіншілікте нақты әртараптандыруға қол жеткізу, жерді пайдаланушылардың жалға алу шарты шеңберінде алған, ауыспалы егісте азық дақылдарының болуы көзделген ғылыми негізделген ауыспалы егісті сақтау жөніндегі міндеттемелерін орындауына назар аудару. 

«Қазіргі уақытта бізде азықтық дақылдармен небәрі 3 млн га қамтылған, дегенмен 1991 жылы бұл көрсеткіш республика бойынша 11,5 млн га деңгейінде болды немесе егістіктің жалпы алаңындағы азықтық дақылдардың үлесі шамамен 33%-ға жетті», — деді Е. Қарашөкеев. 

Бұл процесті бақылау үшін ғарыштық мониторинг және Жерді қашықтықтан зондтау бойынша заманауи технологиялардың мүмкіндіктері барынша пайдаланылатын болады. 

Климаттың өзгеруі су ресурстарының өсіп келе жатқан тапшылығына әкелді. Нәтижесінде суармалы жерлердің алаңы соңғы 30 жылда 2 еседен астамға – 3 млн га-дан 1,4 млн га-ға дейін қысқарды, сондықтан қазіргі заманғы су үнемдеу технологияларына көшу, әртараптандыру шеңберінде ылғалды көп қажет ететін дақылдар алаңдарын қысқарту, су ресурстарының жаңа көздерін іздеу есебінен суаратын суды ұтымды пайдалану негізгі шешімдер саналады. 

Екінші. Бұл – азықтық дақылдардың тұқым шаруашылығы жүйесін дамыту. Қазіргі уақытта елімізде азықтық дақылдар бойынша тұқым шаруашылығының 59 субъектісі бар. Алайда, олардың тұқым өндіру мүмкіндіктері толық пайдаланылмайды. 

«Өткен жылы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер 1 мың тоннадан астам азықтық дақылдардың тұқымын сатып алды, дегенмен ғылыми нормалар бойынша елдің азық өндірісін тұқыммен толық қамтамасыз ету үшін шамамен 300 мың тонна тұқым қажет. Біз егіншілікті әртараптандыру, ғылыми негізделген ауыспалы егісті сақтау процесі азықтық дақылдардың тұқымына тұрақты сұраныс туғызуы тиіс деп жоспарлап отырмыз», — деді ҚР АШМ басшысының м.а.

Үшінші. Бұл – пайдаланылатын жайылымдық жерлердің өнімділігін арттыру және олардың шекараларын кеңейту. Жайылым айналымын сақтау әрбір жер пайдаланушының тікелей міндеті. Бұл жерде мәселе тиісті әдістеменің жоқтығынан бақылау механизміне келіп тіреледі. Бұл қажетті қолданбалы ғылыми зерттеулер жүргізуді қажет етеді.

Пайдаланылатын жайылымдардың шекараларын кеңейту мәселелеріне келетін болсақ, мұнда негізгі проблема — оларды суландыру. Осы уақытқа дейін Министрлік бұл мәселені шешу үшін жүргізген жұмыс тек жандандыруды ғана емес, сонымен қатар оны бюджет қаражатын тиімді және ұтымды пайдалануға мүмкіндік беретін жаңа тұжырымдамалық негізге ауыстыруды қажет етеді. 

«Жайылымдар туралы айтқанда, олардың жеке қосалқы шаруашылықтарды малмен қамтамасыз ету проблемасын айналып өту мүмкін емес. Бұл проблеманы шешудің қолданыстағы тетіктері бөлінген жерлердің не шығыны жоғары не елді мекендерден алыс орналасуына байланысты қолайсыз екенін түсіну керек. Бүгінгі таңда бұл – мәселені шешуге кедергі келтіріп отырған негізгі фактор.  Бұл жағдайдан шығудың бір нұсқасын біз жеке қосалқы шаруашылықтар кооперациясында көріп отырмыз. Бұл жұмысты Үкіметтің Жамбыл облысының тәжірибесін кеңейту жөніндегі тапсырмаларын орындау шеңберінде және еліміздің басқа өңірлеріндегі кооперация бойынша қолда бар оң мысалдарды негізге ала отырып жүргізетін боламыз», — деді Е. Қарашөкеев.

Енді егін жинау науқанына дайындық мәселесі туралы айта отырып, биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы егіс алаңы 23 млн гектарды құрады, бұл 2020 жылмен салыстырғанда 322 мың гектарға көп.

Дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар 15,9 млн га, майлы дақылдар - 3,1 млн га, көкөністер мен бақша дақылдары және картоп - 473,8 мың га, мақта - 109,7 мың га, қант қызылшасы - 21,7 мың га, азықтық дақылдар - 3,2 млн га алаңда орналасқан.

Егіс науқаны сапалы тұқымдарды қолдана отырып, оңтайлы мерзімдерде жүргізілгенін атап өткен жөн. Фермерлер тыңайтқыштарды уақытында қолданды, егістіктерде арамшөптер мен ауруларға қарсы химиялық өңдеуді дер кезінде жүргізді.

Сонымен қатар осы жылғы топырақтағы және атмосферадағы қалыптан тыс құрғақшылыққа байланысты дәнді дақылдар егістерінің жай-күйі айтарлықтай нашарлады және бұл Қазақстанда ғана орын алып тұрған жайт емес.

Егістіктердің нашарлау тенденциясы бүкіл әлемнің астық егетін көптеген елдеріне әсер етті.

Мысалы, Америка Құрама Штаттары Ауыл шаруашылығы министрлігінің және Халықаралық астық кеңесінің мәліметі бойынша Канадада бидайдың жалпы түсімі өткен жылмен салыстырғанда 31,6%-ға,  Америка Құрама Штаттарында 4,4%-ға,  көршілес Ресей Федерациясында 15%-ға төмендеуі болжануда.

Облыстар әкімдіктерінің деректері бойынша бүгінгі таңда дәнді дақылдар егістіктерінің жай-күйі былай бағалануда:

  • 13,2 млн гектарда немесе дәнді дақылдардың жалпы егіс көлемінің 85,2%-ында жақсы және қанағаттанарлық күйде;
  • 2,1 млн гектарда немесе 13,7%-ында нашар күйде;
  • 178,3 мың гектарда немесе 1,1%-ында егістер жойылған.

Алда әлемдік азық-түлік бағасының өсуі мен жалғасып жатқан Covid-19 коронавирус пандемиясы жағдайында елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша маңызды міндет тұр.

Облыстар әкімдіктерінің деректері бойынша астықтың жалпы жиналымының болжамды көлемі 15,3 млн тонна деңгейінде болады деп күтілуде.

Бұдан басқа, республикада 3,5 млн тонна көлемінде ауыспалы астық қалдығы бар.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында биыл Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы ауыл шаруашылығы өнімдерін форвардтық сатып алуды жүзеге асырды, соның арқасында Азық-түлік келісімшарт корпорациясының ресурстарына 769,5 мың тонна көлемінде астық жеткізуге келісімшарт жасалынды.

Бұл ретте Азық-түлік келісімшарт корпорациясында 448 мың тонна көлемінде резервтік астық қоры бар.

Көрсетілген астық көлемі қажет болған жағдайда, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оны тұрақтандыру үшін ішкі нарыққа бағытталатын болады.

Ауыспалы қалдықтарды ескере отырып, жалпы жиналатын астықтың күтілетін көлемі республиканың ішкі қажеттіліктерін толық қамтамасыз етуге, сондай-ақ астықтың белгілі бір көлемін экспорттауға жеткілікті.

күтіліп отырған өндірілетін астық көлемі елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп ғана қоймай, Қазақстанның экспорттық нарықтардағы позициясын сақтап тұруға да мүмкіндік береді.

«Биылғы егін жинау науқаны уақытында басталды және бүгінгі күні республика бойынша барлығы 1,5 млн гектарға жуық дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар немесе көрсетілген облыстардағы жалпы егін жинау алаңының 14%-ы жиналды», — деді министрдің м. а.

Орташа түсімділік гектарына 10,1 центнер құрап, 1,5 млн тонна астық бастырылды.

Астық егумен айналысатын негізгі аймақтар жаппай егін жинауды осы айдың үшінші онкүндігінен бастайды.

Жаппай егін жинау жұмыстарының басталуына ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер барлық қажетті техниканы дайындады.

Жалпы республикада егін жинау жұмыстары үшін 141,7 мың трактор, 73 мың трактор тіркемесі, 37 мың астық жинайтын комбайн, 12,8 мың егін орағы бар.

Жұмыстың ұзақ уақыт тоқтап тұруын болдырмау үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер жөндеу бригадаларын құрды. Сервистік компаниялармен олардың далалық қызметін күшейту, сонымен қатар қоймаларды қажетті қосалқы бөлшектермен толықтыру бойынша тиісті жұмыстар жүргізілді.

Егін жинау жұмыстарын уақытылы жүргізу үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 396,5 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінді. Энергетика министрлігімен бірлесіп облыстардың операторларын мұнай өңдеу зауыттарына бекітіп беру графигі бекітілді. Шілдедегі көлемдерді өңірлер толығымен алды. Қазіргі уақытта тамыз айының көлемдері жөнелтілуде.

Егін жинау кезеңінде облыстар әкімдіктері шаруаларға жанармайдың уақытылы жөнелтілуі бойынша операторлардың жұмысына тұрақты бақылау жүргізулері қажет.

Министрлік элеваторлардың жаңа түсімді қабылдауға дайындығына тұрақты мониторинг жүргізіп отырады.

Республикадағы астық сақталатын жалпы сыйымдылық 

27,5 млн тоннаны, оның ішінде астық қабылдау кәсіпорындарында 12 млн тоннаны, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерде 15,5 млн тоннаны құрайды. Көрсетілген сақтау сыйымдылығы өткен жылдардағы ауыспалы қалдық көлемін ескерсек, болжамды түсімді сақтау үшін жеткілікті.

«Қазiргi кездегi басты мiндет – өсiрiлген өнiмдi ысырапсыз жинау. Қазгидромет болжамы бойынша күзде республиканың басым бөлігінде жауын-шашын қалыпты мөлшерде болады, солтүстік-шығыста қалыптыдан жоғары мөлшерде күтілетінін ескеру қажет», — деді Е. Қарашөкеев.

Осыған байланысты әрбір қолайлы күнді тиімді пайдалану, жұмысты тоқтатпау, мүмкін болса, егін жинайтын техниканың екі ауысымдық жұмысын ұйымдастыру арқылы өнімділікті жоғарылату шараларын қолдану қажет.

Маңғыстау облысында қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы малы үшін қысқы кезеңге жем дайындау жұмыстары жүргізілуде. Бұл туралы облыс әкімі Серікбай Трұмов мәлімдеді.

«Жалпы облыс бойынша осы жылға және қыс мезгілінен өту үшін – 77 мың тонна шөп және 53 мың тонна жем қажет. Шөп мәселесіне тоқталар болсақ, жыл басынан бастап қазіргі күнге дейін тасымалданып дайындалған шөптің көлемі – 35 мың тоннаны құрады», — деді ол.

Сондай-ақ, өзге облыстардан көмек ретінде келген 2,8 тонна тегін шөптер облыстың қуаңшылық салдарынан зардап шеккен шаруа қожалықтарына таратылды.

Бұл ретте, С. Трұмов Маңғыстау облысының тұрғындары атынан Түркістан, Алматы, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Жамбыл облыстарының және Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларының еріктілер тобына, әкімдіктеріне, Nur Otan партиясының депутаттарына және «Қазақстан темір жолы» АҚ ұйымына алғыс білдірді.

Сонымен қатар, бюджеттен қайтарымды қаражат ретінде мал азығына 5,3 млрд теңге қаржы бөлінді. Оның ішінде 1,9 млрд теңге қаражатқа жыл соңына дейін «Каспий» ӘКК арқылы 42 мың тонна шөп сатып алынатын болады. Сондай-ақ, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарымен өңірге шөп жеткізу мәселелері пысықталып, өзара меморандум жасақталды.

Жемге қатысты тоқталатын болсақ, жалпы облысқа қыс мезгіліне норматив бойынша 53 мың тонна жем қажет. Бүгінгі күні оның 19 мың тоннасы өзге облыстардан тасымалданды. Қалған 34 мың тонна жемді сатып алуға толық қаражат бар. 

«Бұл ретте, “Каспий” ӘКК арқылы арнайы операторлар белгіленетін болады. Осыған байланысты “Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы” ҰК” АҚ тарапынан Маңғыстау облысы үшін басқа облыстардан халыққа қолжетімді бағамен 34 мың тонна кебек дайындауға жәрдемдесу қажет», — деді облыс әкімі.

ҚР Үкіметі резервінен өңірдің ауыл шаруашылығы жануарларының аналық басы үшін мал азығына жұмсалған шығындарын ішінара өтеуге 1,9 млрд теңге мөлшерінде қаражат бөлінген болатын. Қазіргі таңда бөлінген қаражат бойынша 2 800-ге жуық жеке қосалқы үй шаруа қожалықтарына 350 млн теңге және 93 шаруа қожалығына 80 млн теңге қаржылай мемлекеттік қолдау көрсетілді. Қалған қаражат қазан айына дейін толықтай таратылатын болады. 

Қызылорда облысында әкім Гүлшара Әбдіқалықованың айтуынша, биыл 188 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Оның ішінде облыстың негізгі дақылы –  күріш егісінің көлемі 83,6 мың гектарды құрады. Өткен жылмен салыстырғанда 6 мың гектарға күріш көлемі қысқартылып, орнына барлығы 9,8 мың гектар болатын суды аз қажет ететін майлы және мал азықтық дақылдармен қатар көкөніс, бақшаның егіс көлемдері артты. Қазіргі таңда облыста егін жинау жұмыстары белгіленген кестеге сәйкес жүргізілуде.

«Күрішке орақ салу жұмыстары тамыз айының үшінші онкүндігінде басталады. Егін жинау жұмыстарына қатысатын қолда бар ауыл шаруашылығы техникаларының 98% дайын», — деді облыс әкімі. 

Жанар-жағар маймен қамтамасыз ету жұмыстары кестеге сәйкес жүргізілуде. Егін жинау жұмыстарын 15 қазаннан кешіктірмей толық аяқтау жоспарланып отыр. 

Зоотехникалық нормаларға сәйкес, биыл қысқа түсетін мал басына 770 мың тонна шөп, 8 мың тонна сүрлем және 213 мың тонна құрама жем қажет. Бекітілген жоспарға сәйкес қажетті жем-шөп қоры 220 мың тонна жоңышқа, 8 мың тонна сүрлем, 17 мың тонна астық жемі, 115 мың тонна күріш жемі және 550 мың тонна шабындық шөбі өңірдің өз өндірісі есебінен қамтамасыз етіледі. Бұдан басқа, 170 мың тонна күріш сабанын дайындау жоспарлануда. Ал, қалған жетіспейтін құрама жем көлемі «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» АҚ арқылы және нарықтан сатып алынатын болады.   

Облыста мал азығын дайындау үшін 114 бригада құрылып, 1000-нан астам адам және 170-тен астам ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылды. Мал азығын дайындау жұмыстарын ұйымдастыруға қосымша 3,8 мың тонна дизель отыны бөлінді. Облыс бойынша бүгінгі күнге барлығы 497 мың тонна шөп дайындалып, жоспар 65%-ға орындалды.

Қазіргі таңда қуаңшылықтан зардап шеккен Арал ауданына жем-шөп жеткізу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бүгінгі күнге дейін Арал ауданына  облыстың басқа аудандарынан және басқа облыстардан 15,1 мың тонна шөп және 845,4 тонна жем жеткізілді.

Арал ауданында орын алған құрғақшылық зардабын төмендету мақсатында төтенше жағдай жарияланды. Облыстың резерв қорынан 250 млн теңге бөлінді. 

Оның ішінде жем-шөп тасымалдауға 49,5 млн теңге және жайылымдықтар мен шабындықтарды, көлдер жүйесін суландыруға және мал суару құрылғыларына 200 млн теңге бөлінді. «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы облысқа құрама жем жеткізу мақсатында 100 млн теңге қарастырылды. 

Сонымен қатар облыс бойынша қайырымдылық көмек көрсету жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күнге дейін Арал ауданының 3287 аз қамтылған отбасыларына 860 тонна шөп және 740 тоннадан астам құрама жем жеткізіліп, көмек көрсетілді.

Үкімет резервінен тауар өндірушілердің жем-шөп сатып алу шығындарын ішінара субсидиялауға 1,7 млрд теңге қаржы бөлінді. Бекітілген қаржыландыру жоспарына сәйкес қаражатты тамыз айының соңы мен қыркүйектің басына дейін игеру жоспарлануда.

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың айтуынша, биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының алқабы 4,3 млн га құрады.

«Жаздың құрғақ күндері айтарлықтай түзетулер енгізіп, дақылдардың бастапқы жағдайына әсер етті. Алайда, шілденің жауындары мен  заманауи технология егісті қалыпқа келтірді. Қажетті агрохимиялық шаралар толық жүргізілді», — деді ол.  

130 мың тонна минералдық тыңайтқыш енгізілді.  Жыл соңына дейін тағы 30 мың тонна себіледі.  Бүгінгі күні диқаншылар егін оруға кірісуде.

Техниканың дайындығы – 100%. Жанар-жағар маймен 80% қамтылды. Астық сақтайтын қоймалар жеткілікті.

СҚО әкімі атап өткендей, жалпы күтіліп отырған астық көлемі облыстың ішкі қажеттілігін толық қамтамасыз етуге, сондай-ақ экспортқа астықтың белгілі бір көлемін шығаруға жеткілікті. 

Форвардтық сатып алу бағдарламасы бойынша 18 млрд теңгеге 89 өтінім берілді. Қолайлы ауа-райы болса, орақ науқаны белгіленген мерзімде өтпек. 

Ақмола облысында егіс науқаны оңтайлы агротехникалық мерзімде жүргізілді. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Малғаждар Тәткеев мәлімдеді.

«Соның нәтижесінде, жаздық егістің жалпы ауданы 5 млн гектарды құрады, ол өткен жылғы деңгейден 180 мың гектарға көп, оның ішінде: астық және бұршақ дәнді дақылдар 4,5 млн гектарға себілді», — деді ол.

Қазіргі уақытта облыс диқаншыларымен егістік алқаптарды арам шөптен, зиянкестер мен аурулардан қорғау бойынша іс-шаралардың барша кешені жүргізілді. Бүгінгі таңда астық жинау комбайндарының, механикалық қырмандар мен астық кептіргіштердің дайындығы 100% қамтамасыз етілді. Егін жинауға 8,5 мың астық жинау комбайны тартылатын болады.

Барлық астық қабылдау кәсіпорындары алдағы өнімді қабылдауға дайын. Шаруашылықтардағы астық қоймаларын ескере отырып, 6,5 млн тонна астықты сақтау үшін қосымша мүмкіншілік құрылды. Егін жинау жұмыстарын жүргізу үшін, өңір арзандатылған дизель отынының қажетті көлемімен қамтамасыз етілді.

Облыс бойынша астық дақылдарын жинау басталды. 57 мың гектар шабылды. Астық және бұршақ дәнді дақылдарды жаппай жинауға 20 тамыздан кейін кіріседі. Қолайлы ауа райы жағдайында және жұмыс жоспарына сәйкес оны 26 күнде өткізу жоспарланған.

«Биыл шамамен 70 млрд теңге сомасына мемлекеттік қолдау көрсетілді», — деді М. Тәткеев.

Облыста жем-шөп дайындау бойынша кешенді жұмыс жүргізілуде. 1 млн тоннадан астам шөп немесе қажеттіліктен 87% дайындалды. Сонымен қатар шамамен 105 мың тонна пішендеме немесе жоспардан 43% дайындалды. Қатты және жас жем-шөп дайындау жұмысы жалғасуда.

Жалпы, өңірде барлық қажетті шаралар қолданылуда, ол облыстың агроөнеркәсіп кешенінің алдына қойылған міндеттерді орындауға мүмкіндік береді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу