Жаңа мемлекеттік саясат үш қағидатқа негізделетін болады

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Үкіметтің кезекті отырысын аша отырып, Орталық сайлау комиссиясының алдын ала қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айқын басымдықпен жеңіске жеткенін мәлімдеді. Оның кандидатурасын парламенттік партиялар және ірі қоғамдық ұйымдарды біріктірген Халықтық коалиция ұсынған болатын. Сайлаулар барысында оған Қазақстан халқы жаппай өз қолдауын білдірді.

«Үкіметтің алдағы жеті жыл ішіндегі негізгі міндеті – қайта сайланған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасын сапалы әрі нақты іс жүзіне асыру болмақ. Экономикада, әлеуметтік салада және өңірлік саясаттағы түбегейлі өзгерістер осы сайлауалды бағдарламаның негізі болып табылады», — деп атап өтті Премьер-Министр Әлихан Смайылов.

Ол барлық мемлекеттік органдар мен мекемелер осы мақсатты жүзеге асыру үшін, әділетті Қазақстан құру жолында халықтың мүддесіне сай күш біріктіріп, жұмыла еңбек етуі тиіс деп көрсетті.

«Үкіметтің жұмысы негізінен экономиканы монополиядан арылтуға, кәсіпкерлік қызметті ынталандыруға және азаматтардың табысын арттыруға, білім беру мен денсаулық сақтау жүйелерін жаңғыртуға бағытталатын болады», — деді Премьер-Министр.

Мемлекет басшысы 2022 жылғы 26 қазанда жарияланған сайлауалды бағдарламасы «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін» деп аталатындығын, оның әр тармағын өзі жазғанын және жүрегінен шыққанын атап өткен болатын. Оның айтуынша, басты және бірден-бір мақсат – Әділетті Қазақстан құру.

Қасым-Жомарт Тоқаевты парламенттік партиялар мен ірі қоғамдық ұйымдарды жұмылдырған Халық коалициясы Президенттікке кандидат ретінде ұсынған болатын. Осыған байланысты ол еліміздің алдағы жеті жылдық кезеңдегі даму барысы туралы пайымын ортаға салды.

Мемлекет басшысы ең алдымен экономика, әлеуметтік сала мен өңірлік саясаттағы түбегейлі өзгерістер туралы бастамалар көтерді. Аталған реформалық шаралар халықтың мұң-мұқтажын есепке алумен қатар сыртқы сын-қатерлерге қарсы тұрақтылығымызды күшейтеді деп күтілуде. Қазақстанда әділеттілік орнату ісі өткеннен сабақ алу, өткеннің қателігін түзету, қордаланған мәселелерді шешу арқылы жүзеге асады.

Ұзақ жылдарға созылған халық арманы монополияларды жою, табыстың әділ бөлінуін қамтамасыз ету арқылы орындалады. Қарап отырмаймын, еңбектенем деген әр тұрғын лайықты жұмыс табады. Көмекке зәрулері мемлекет пен қоғамнан қолдау көреді.

Ақырында ауыз су тапшылығы мәселесі біржолата шешімін тауып, азық-түлік қауіпсіздігі күшейтіледі. Мемлекет ауыл тұрғындарын кәсіби медицинамен қамтамасыз етеді.

Мемлекет өскелең ұрпаққа білім алу сапасын көтеру үшін бұл салаға инвестиция құюды жалғастырады. Білім саласының барлық деңгейінде мәселелер шешіліп, бала тәрбиесі мен олардың алаңсыз өмір сүруі билік назарында болады.

Ауыл мен қала арасындағы айырмашылық барынша азаюы үшін ауыл шаруашылығы қайта жандандырылады. Фермерлер экономиканы ілгерілетуші жаңа күш ретінде қайта түлейді.

Ел тұрғындары мен қонаққа келгендер өзін қала мен ауылда бірдей жайлы сезінуі үшін көше қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі.

Қазақстан өз ұлттық мүддесін қорғауға, барлық елдермен өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуды көздейтін, халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған сыртқы саяси бағытты жалғастыра бермек.

Жаңа мемлекеттік саясат Әділетті мемлекет – Әділетті экономика – Әділетті қоғам өзара байланысты үш қағидатқа негізделетін болады.

Қасым-Жомарт Тоқаев шешімдер байсалды, ашық әрі әділ, ең бастысы – қоғам мүддесі мен талабын ескере отырып қабылданатын болады деп уәде берді. Сондықтан бірінші қағидат саяси жаңғыру үдерісін жалғастыруды, мемлекеттік және корпоративтік кәсіби басқаруды енгізуді көздейді. Үкімет, әкімдік, сот, прокуратура мен полиция қызметі азаматтың әл-ауқаты мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету сияқты негізгі міндеттерді шешуге бағытталады.

Екінші қағидат тұрғындар, бизнес және мемлекет мүдделері тоқайласып, ел ресурсын тиімді пайдалануға негізделген экономика құруды білдіреді. Сол үшін қоғамның жұмыспен жоғары деңгейдегі қамтылуын, азаматтардың әлеуметтік ауызбірлігін, сонымен бірге аумақтық дамуды қамтамасыз ететін өнімді еңбек нарығы құрылуы тиіс.

Үшінші қағидат дамыған әлеуметтік инфрақұрылым жасауды және адам әлеуетін іске асыру үшін жан-жақты мүмкіндік беруді көздейді. Елде саламатты, білімді, еңбексүйгіш, әлеуметтік қорғалған және отаншыл қоғам қалыптасады.

Қасым-Жомарт Тоқаев аталған өзгерістің бәрін ұзаққа созбай жүзеге асыруға ниетті. Осы мақсаттарға жетудің басты кепілі халықтың қолдауы болады. Мемлекет басшысы Қазақстан азаматтарының жақсы өмір сүргенін қалайды, сондықтан оны халық қолдап, қоғам мүшелері, азаматтар көзделген өзгерістерді іске асыруға неғұрлым белсенді қатысса, соғұрлым нәтижеге тезірек қол жеткізіледі.

Алддағы жеті жыл ішінде Үкімет алдында еліміздің жаңа тарихи кезеңге аяқ басқанын іс жүзінде көрсету міндеті тұр.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу