Жаңа өндірістік компаниялар үшін ҚҚС 2 жыл ішінде төмендетіледі — ҚР ҰЭМ

Жедел шаралар пакеті жаңа инвестициялық циклды қалыптастыру, сондай-ақ іскерлік белсенділікті ынталандыру үшін қосымша ынталандырулар жасауға мүмкіндік береді. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі А. Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев баяндады. Отырыстың күн тәртібі Мемлекет басшысының 2021 жылғы 29 қаңтардағы Реформалар бойынша ҚР Президенті жанындағы Жоғары кеңестің отырысында берген тапсырмаларын орындау болды.

Министр Ә. Ерғалиев атап өткендей, ынталандфру шаралары мыналарды қамтиды:

  • бірыңғай мөлшерлемені белгілей отырып, еңбекке ақы төлеу қорына жүктемені төмендету, бес төлем түрін бірыңғай төлеммен төлеу; 
  • жаңа өндірістік компаниялар үшін 2 жыл ішінде ҚҚС азайту; 
  • қайта инвестициялауға бағытталған табыстың бір бөлігін корпоративтік табыс салығынан босату; 
  • жеке кәсіпкерлер үшін салық міндеттемелерін тіркеуді және орындауды оңтайландыру; 
  • қоғамдық тамақтану саласы үшін 6% мөлшерлеме бойынша бөлшек салық режимін енгізу.

Осы шараларды іске асыру мақсатында бірінші тоқсанда тиісті заң жобасы әзірленіп, Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісіне енгізілетін болады.

Сондай-ақ, ҚР ҰЭМ министрінің айтуынша, инвестициялық келісімдер жасасу үшін қызметтің басым түрлерінің тізбесін кеңейту жөніндегі жұмыс шеңберінде министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, экономика салаларының тізімін кеңейтетін болады. Негізінен бұл өңдеу өнеркәсібі, агроөнеркәсіптік кешен, машина жасау, тамақ, дайын өнім өндіру және терең өңдеу бойынша басқа да салалар.

«Таза парақтан» реттеу шеңберінде бизнес-қоғамдастықпен және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп талаптарды түбегейлі қайта қарау жүзеге асырылады және экономиканың сауда, ауыл шаруашылығы, көлік, тұру және тамақтану жөніндегі қызметтерді қамтитын 4 басым саласында эксперименттік құқықтық режим енгізіледі.

Осы жұмыстың нәтижелері бойынша биылғы 1 маусымға дейін тиісті заң жобасы әзірленіп, Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісіне енгізіледі.

Бұдан басқа, микроқаржы ұйымдарын «Бизнестің жол картасы - 2025» мемлекеттік бағдарламасына қосу қамтамасыз етіледі.

Барлық шаралар бойынша сарапшылар қауымдастығын және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасын тарту арқылы талқылаулар өткізіледі.

Әзірленген жедел шаралар Экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі мемлекеттік комиссияның қарауына шығарылатын болады.

«Ұлттық даму жоспары қазіргі заман талабына сай жағдайында елдің орнықты және сапалы дамуының стратегиялық бағыттарын белгілейді. Барлық институционалдық, экономикалық және әлеуметтік үш блок бойынша ұлттық даму жоспарын тиімді және уақытылы іске асыру қамтамасыз етіледі», — деді ұлттық экономика министрі.

Институционалдық блок шеңберінде заңның нақты үстемдігін қамтамасыз ету, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын толыққанды іске асыра отырып, мемлекеттік басқарудың қазіргі заманғы моделін құру жөніндегі нақты шаралар жүзеге асырылатын болады.

Нәтижесінде 2025 жылға қарай Қазақстан «Қоғамдық тәртіп және қауіпсіздік» рейтингінде топ-30-ға кіреді; мемлекеттік аппарат пен мемлекеттік сектор саны 25%-ға қысқарады; барлық мемлекеттік қызметтерді электрондық форматта алуға болады.

Әлеуметтік блок шеңберінде денсаулық сақтау және білім беру жүйелерін дамыту, сондай-ақ инклюзивті қоғамды қалыптастыру бойынша жұмыс жалғасады.

Жоспарланған іс-шараларды іс жүзінде жүзеге асырудың қорытындысы денсаулық сақтауды қаржыландыруды жалпы ішкі өнімнің 5%-на дейін ұлғайту; 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен жүз пайыз қамту, апаттық және үш ауысымды мектептерді жүз пайызға жою; артықшылығы бар академиялық 20 орталық құру; жыл сайын 700 мың азаматты жұмыспен қамтудың белсенді түрлерімен қамтамасыз ету болады.

Экономикалық блок шеңберінде экономиканың өзіндік жеткіліктілігі мен әртараптандырылуын арттыру, бизнесті ашу және жүргізу үшін қолайлы жағдайлар жасау, жаңа инвестициялық цикл қалыптастыру, сапалы цифрландыру және экспортты белсенді ілгерілету арқылы оның жаңа құрылымын қалыптастыру қамтамасыз етілетін болады.

«Сыртқы нарықтарға бағдарланған өзін-өзі қамтамасыз ететін экономиканы дамыту жөніндегі шараларды іске асыру 2025 жылға қарай өңдеуші өнеркәсіп өнімінің көлемін 1,5 есе, АӨК экспортындағы қайта өңделген өнімнің үлесін 70%-ға дейін ұлғайтуға; 350 мың фермерлік және үй шаруашылықтарын тарта отырып, ауыл шаруашылығы өнімін өндіру және қайта өңдеу жөніндегі 7 ірі экожүйені құруға мүмкіндік береді», — деді министр Ә. Ерғалиев.

Сонымен қатар озық технологияларды экономиканың барлық салаларына терең интеграциялау жөніндегі жұмыс күшейтілетін болады.

Экономика салаларын цифрландыру, жасанды зерде және Big Data элементтерін енгізу жөніндегі шараларды іске асыру жалғасады.

Халықтың 99%-ы сапалы интернетке қол жеткізе алады.

АТ-секторында инвестициялар 6 есеге ұлғайтылады. Бұл АT-саласында 100 мыңға дейін жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.

«Жасыл технологиялардың» трансферті мен бейімделуі, сондай-ақ отандық ғылыми-технологиялық және инновациялық базаны дамыту қамтамасыз етіледі.

Кәсіпкерлік қызметті қолдау және ынталандыру мақсатында шағын және орта бизнестің өсуі мен дамуы үшін мүмкіндіктерді кеңейту, саламатты бәсекелестік ортаны қамтамасыз ету, экономиканы мемлекет иелігінен алу жөніндегі шаралар іске асырылатын болады.

Шағын және орта бизнестің үлесі елдің жалпы ішкі өнімі 35%-ға дейін артады.

Мемлекеттің экономикадағы үлесі 14%-ға дейін қысқартылатын болады.

Іскерлік ортаны одан әрі жетілдіру нәтижесінде Қазақстан әлемде бизнес жүргізудің неғұрлым қолайлы жағдайлары бар 20 елдің қатарына кіреді.

Сыртқы экономикалық саясатта инвестицияларды белсенді және таргеттелген тәсілмен тарту, сондай-ақ қазақстандық экспортты ілгерілету басты басымдық болады.

Жаңа инвестициялық циклды қалыптастыру, сондай-ақ жаңа кезеңдегі жаһандық және аймақтық қосымша құнның тізбектеріне интеграциялау бойынша жұмыстар жүргізілетін болады.

2025 жылға қарай негізгі капиталға салынған инвестициялар деңгейі жалпы ішкі өнімнің 30%-на дейін өседі; тікелей шетелдік инвестициялардың көлемі – жылына $30 млрд дейін өседі.

Шикізаттық емес экспорт екі есеге ұлғаяды, $41 млрд жетеді.

Экономиканың сапалы өсуі салық-бюджет тұрақтылығын сақтау және тиімді монетарлық саясатты іске асыру, сондай-ақ бәсекелі және тиімді қаржы нарығын дамыту есебінен қамтамасыз етілетін болады.

Нәтижесінде инфляция деңгейі 3-4%-ға дейін төмендейді.

Теңгерімді аумақтық дамуды қамтамасыз ету мақсатында өңірлердің әлеуетін ашуға және бәсекеге қабілеттілігін нығайтуға бағытталған жаңа тәсілдер іске асырылатын болады.

Еліміздің барлық тұрғындары сумен жабдықтау қызметтеріне қол жеткізе алады.

Әрбір тірек ауылға дейінгі барлық республикалық және жергілікті жолдар қайта жаңғыртылып, жөнделетін болады.

103 млн шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру және 3,5 мыңнан астам ауылды жаңғырту қамтамасыз етіледі.

Ұлттық экономика министрінің айтуынша, елдің Ұлттық даму жоспарын іс жүзінде іске асырудың нәтижесі 2025 жылға қарай сапалы және тұрақты экономикалық өсудің траекториясына 5%-дан астам деңгейде шығатын болады.

Сатып алу қабілетінің паритеті бойынша жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім $40 мың жетеді.

Жылына 8% деңгейінде еңбек өнімділігінің жоғары өсу қарқыны қамтамасыз етіледі.

Қазақстан Заң үстемдігі және мемлекеттік басқарудың тиімділігі деңгейі бойынша әлемнің алғашқы 50 елінің, сондай-ақ цифрлық бәсекеге қабілеттілік рейтингінің 30 елінің қатарына кіреді.

Негізгі оқу пәндері бойынша білім беру деңгейінде прогреске қол жеткізілетін болады.

Сонымен қатар Министрлік Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігімен бірлесіп, Негізгі көрсеткіштер картасын әзірлейтін болады. Карта жауапты мемлекеттік органдарды бекіте отырып, салалар, өңірлер бойынша бөлшектеп байланыстырылған көрсеткіштердің кеңейтілген тізбесін қамтитын болады.

Ұлттық даму жоспарының басым бағыттарын тиімді іске асыру үшін жобалық тәсіл қолданылатын болады.

Бақылауды, болжауды, сценарийлік талдауды Реформалар мониторингінің ұлттық талдау орталығы жүзеге асыратын болады.

Жоспарды іске асырудың жедел мониторингі Ұлттық жобалық кеңсеге бекітілетін болады.

Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер мен бизнес-процестерді цифрлық қамтамасыз етуді Цифрлық трансформациялау орталығы жүзеге асыратын болады.

Жекешелендірудің жаңа жоспары жалпы құны 5 трлн теңгені құрайтын 736 ұйымды жекешелендіруді көздейді, оның ішінде республикалық және коммуналдық меншіктегі 624 нысан, сондай-ақ «Самұрық-Қазына» қорының 112 компаниясы бар.

Нәтижесінде шағын және орта бизнес жекешелендірілетін компаниялардың қызметтеріне кеңінен қолжетімділік алады және тиімді әрі шағын квазимемлекеттік сектор қалыптастырылатын болады.

«Жекешелендіру жоспарын сапалы және уақытылы орындау мақсатында іске асыру қағидаларын жетілдіру; Yellow Pages қағидаттарын одан әрі қолдануды және сенімгерлік басқару шарттарын түгендеуді қамтамасыз ете отырып, активтерді иеліктен шығаруды мониторингтеу және бақылау жөніндегі Жобалық офисті құру бойынша шаралар жүзеге асырылатын болады», — деді ол.

Тауар нарықтарындағы бәсекелестік жағдайына мониторинг жүргізу арқылы Жекешелендіру жоспарын тұрақты өзектендіру қамтамасыз етіледі.

IPO құралдарын барынша пайдалану мақсатында «Халықтық IPO» жаңа бағдарламасы қалыптастырылатын болады.

Жалпы алғанда, жекешелендіру процесінің транспаренттілігі мен әділдігі қамтамасыз етіледі.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу