Жер қойнауын пайдаланушылар сатып алу қызметін дербес реттей алады — СИМ

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ағымдағы жылғы 26 қаңтарда өткен кеңейтілген Үкімет отырысында берген тапсырмаларын орындау жөніндегі шаралар қаралды. Ішкі және сыртқы сауданы дамыту бойынша тапсырмаларды іске асыру туралы сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов баяндады.

Бірінші, ағымдағы жылы бес жылдық өтпелі кезеңнің аяқталуына байланысты жер қойнауын пайдаланушылардың қазақстандық тауарларды сатып алу міндеттемесі жойылды. Өндірушілерді қолдау ретінде жер қойнауын пайдаланушылардың жергілікті тауарларды сатып алу бойынша Ерікті келісімдер жасасу тетігі енгізілетін болады.

«Бұл ретте, жер қойнауын пайдаланушылар сатып алу қызметін өздері дербес реттей алады. Тиісті заңды түзетулер Парламент Мәжілісінің қаралуында», — деді Б. Сұлтанов. 

Сонымен қатар, жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуына қатысу үшін тауар өндірушілер мен адал жеткізушілердің тізілімін бекіту және  сатып алу процестерінде ұлттық стандарттарды қолдану бойынша қосымша қолдау шаралары пысықталып жатыр.  

Екінші, «Орталық Азия» халықаралық сауда-экономикалық орталығы жобасын іске асыру мақсатында өзбек тарапымен оның орналасатын жері келісілді. 

«Біз жер телімін бөліп, инвестормен келіссөздер жүргізудеміз. Алайда, өзбек тарапының позициясы өзгеруіне байланысты жобаны іске асыру процесі кешіктіріліп жатыр. Осыған орай біз жобаны іске асырудың қосымша нұсқаларын қарастырудамыз. Жалпы, бұл Орталық Өзбекстанмен шекаралық сауданы ұлғайтуға ықпал етеді», — деді Б. Сұлтанов. 

Үшінші, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларын тиімді қалыптастыру министрліктің тұрақты бақылауында.

Министрдің айтуынша, өткен жылғы 11%-дық өсім импортқа тәуелді және экспортқа бағдарланған негізгі 5 тауарға байланысты болды, олардың үлесі  8,9% құрады.

Бағаны түбегейлі тұрақтандыру үшін министрлік бірқатар кешенді шараларды ұсынады:

Біріншіден, әкімдіктер бұл мәселені қатаң бақылауда ұстауы қажет.  

Екіншіден, ауыл шаруашылығы тауарларының өндірісін ұлғайту қажет.

Үшіншіден, сауданы цифрландырумен қатар, Ұлттық тауар өткізу жүйесін іске асыру керек. 

Жалпы, 24 көтерме-тарату орталығы салынады. Оның ішінде 2022 жылы Нұр-Сұлтан, Шымкент, Алматы қалаларында, және Алматы, Жамбыл, Павлодар облыстарында 7 көтерме-тарату орталығы іске қосылады.

Сонымен бірге В2В платформасы енгізіліп, әлеуметтік әмиянмен интеграцияланатын болады.

Төртінші, шекарадағы заңсыз сауда айналымына қарсы іс-қимыл аясында:  

  • техникалық реттеу жүйесін цифрландыру;
  • «Сәйкестікті бағалау туралы» жаңа заңды әзірлеу;
  • шекаралық сынақ зертханаларын құру; 
  • таңбалауға арналған тауарлар тізімін кеңейту ұсынылады. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу