11 Тамыз 2026, 11:50
Жасанды интеллект қазірдің өзінде әлеуметтік қорғаудың негізгі процестерінде қолданылады. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев мәлімдеді.
Министрлік әлеуметтік-еңбек саласына цифрландыру мен жасанды интеллект технологияларын жүйелі түрде енгізуде. Негізгі мақсат – мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді азаматтар үшін жылдам, жеңіл және қолжетімді деңгейіне жеткізу. Негізгі басымдық өтініш білдіру қағидатынан проактивті модельге көшуге берілді. Бұл модель аясында мемлекет азаматтың қолдауға қажеттілігін алдын ала анықтап, оған қажетті нәтижеге қол жеткізгенге дейін сүйемелдейді.
«Негізгі жобалардың бірі Әлеуметтік қорғаудың бірыңғай цифрлық платформасын енгізу. Жүйе өңірлер бөлінісінде қолдау шараларын тағайындау, шешім қабылдау және қаражат төлеу процестерін біріктіреді. Бұрын азамат мемлекеттік органдарға жүгініп, растайтын құжаттарды жинайтын және олардың тексерілуін күтуге мәжбүр болатын. Енді бір ғана өтініш беру жеткілікті: қажетті мәліметтерді платформа мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алады, содан кейін шешім қалыптастырылып, төлем қамтамасыз етіледі. Биыл маусым айынан бастап платформа еліміздің барлық 20 өңірінде өнеркәсіптік пайдалануға енгізілді. Платформа арқылы жергілікті атқарушы органдар көрсететін 13 қолдау шарасы цифрлық форматта ұсынылады», — деді Асқарбек Ертаев.
Осы жылғы тамыздан бастап жергілікті атқарушы органдар көрсететін мемлекеттік қолдаудың біржолғы шаралары жасанды интеллектінің көмегімен тағайындалады. Жүйе әлеуетті алушыларды алдын ала анықтайды және тағайындау жобасын қалыптастырады. Төлемді жүзеге асыру туралы түпкілікті шешімді жергілікті атқарушы орган қабылдайды. Қыркүйек айында eGovMobile арқылы өтініштер беруді қамтамасыз ету жоспарлануда. Қазан айында мемлекеттік қолдау шараларын атаулылығы мен мұқтаждық деңгейін ескере отырып, нысаналы түрде тағайындау үшін жасанды интеллектіні енгізу жоспарланып отыр.
Министрлік жұмыспен қамту саласында Цифрлық жұмыспен қамту қызметін енгізіп жатыр. Мақсаты – жұмыспен қамтуды проактивті қамтамасыз етуге көшу. Жаңа модельдің негізгі қағидаты: жұмысты адам іздемейді, жұмыс адамды өзі табады.
Бұған дейін азамат порталдан бос жұмыс орындарын өз бетінше іздеп, мансап орталығына баратын. Енді жүйе жұмыс берушілердің өтінімдері негізінде жұмысқа мұқтаж азаматтарды автоматты түрде анықтайды. Содан кейін оларға eGov және Enbek.kz мобильді қосымшалары арқылы немесе 1414 нөмірінен СМС түрінде тиісті хабарламалар жібереді.
Жасанды интеллект азаматтың жеке ерекшеліктерін ескере отырып, өңір ішінде де, одан тыс жерде де, шетелдегі бос жұмыс орындарын қоса алғанда, персоналдандырылған жұмыс орындарын іріктейді. Сонымен қатар азаматтарға оқытк курсынан өту және қайта даярлау, қоныс аудару мүмкіндіктерін ұсынады. Нәтижесінде азаматқа тұрақты жұмысқа орналасқанға дейін сүйемелдеу көрсетіледі. Шілде айында сервис Павлодар облысында енгізілді. Жұмысқа орналастыру бойынша 39 мың СМС-хабарлама жіберілді.
Бұл кезеңде өңірде 962 адам жұмысқа орналасты. Қыркүйек айында сервисті Маңғыстау облысында енгізу жоспарлануда. Жылдың соңына дейін сервис еліміздің барлық 20 өңіріне ауқымды түрде енгізіледі. Осыған ұқсас сервис азаматтарға Aitu мобильді қосымшасы арқылы да қолжетімді болады. ЖИ-көмекші лайықты бос жұмыс орындары мен оқу курстарын іріктеп береді. Жасанды интеллектіні Еңбек министрлігі кәсіптік стандарттарды әзірлеу кезінде де қолдана бастады. Бұған дейін құжат салалық мемлекеттік органдар мен қауымдастықтардың қатысуымен қолмен әзірленіп, оны дайындауға алты айға дейін уақыт кететін. Қазіргі кезде жасанды интеллект-конфигураторы кәсіптік стандарт жобасын қалыптастырып, оның мазмұнын әзірлеуге, аударуға және құжаттың құрылымын тексеруге мүмкіндік береді. Нәтижесінде мұндай жобаларды әзірлеу мерзімі үш күнге дейін қысқарды. Бүгінгі күні конфигураторды пайдалану арқылы 106 кәсіптік стандарт жобасы әзірленді.
Бүгінгі күні жасанды интеллект атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау кезінде де қолданылады. Жасанды интеллект өтініш берушінің тұрғын үй-тұрмыстық жағдайларының фото және бейнематериалдарын талдайды. Атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаж немесе мұқтаж емес екендігі туралы ұсынымдар әзірлейді. Бұл өңірлік учаскелік комиссиялардың жұмысын едәуір жеңілдетеді. Шешім қабылдау кезінде субъективтіліктен алшақтауға мүмкіндік береді.
Мүгедектік тобын белгілеу кезінде жасанды интеллект медициналық деректерді талдайды. Мүгедектік тобын айқындау кезінде медициналық-әлеуметтік сараптаманың тәуелсіз қатысушысы ретінде шешім жобасын қалыптастырады. Бұл объективтілікті қамтамасыз етуге, мүгедектік тобын белгілеудің бірыңғай тәсілін қалыптастыруға және адам факторының ықпалын азайтуға мүмкіндік береді.
Мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді автоматты түрде тағайындау кезінде жүйе алушыны өздігінен анықтайды. Мәліметтерді тексереді және аудандық, облыстық деңгейлерде артық келісу кезеңдерінсіз төлемді тағайындайды. Бұл объективтілікті қамтамасыз етеді. Қолмен өңдеу көлемін азайтады және жекелеген қызметтерді көрсету мерзімін екі күннен 10 минутқа дейін қысқартады. Жүйе іс жүзінде атаулы әлеуметтік көмек бойынша 99 мың өтінішті және мүгедектікті белгілеу бойынша 151 мың өтінішті өңдеді. Биыл шілде айынан бастап 12 мың автоматты түрде жәрдемақы тағайындау жүзеге асырылды.
Осы жылдың соңына дейін жасанды интеллектіні тағы бес бағыт бойынша енгізу жоспарлануда. III тоқсанда Жасанды интеллект:
жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына жолдамалар беру кезінде қолданылады. Жұмыс іздеушінің сәйкестігін автоматты түрде бағалау, қолдау шараларын іріктеу және азаматтың бейіні мен қажеттіліктерін ескере отырып, жеке ұсынымдар қалыптастыру жоспарлануда.
кәсіби еңбекке қабілеттіліктен айырылу дәрежесін айқындауда қолданылады. Медициналық деректерді талдау және еңбекке қабілеттіліктен айырылу дәрежін ескере отырып, шешім жобасын қалыптастыру жоспарлануда.
IV тоқсанда төмендегі бағыттар бойынша цифрлық модельдерді әзірлеу жоспарлануда:
сканерленген еңбек кітапшаларын тану;
жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау кезінде ұсынымдар қалыптастыру;
ел кәсіпорындарындағы қауіпсіздік және еңбек жағдайлары саласындағы еңбек тәуекелдерін анықтау үшін жасанды интеллект негізіндегі талдауды енгізу.
«Біз жекелеген өтініштермен жұмыс істеуден азаматтардың өмірлік жағдайларын сүйемелдеуге біртіндеп көшіп жатырмыз. Негізгі нәтиже рәсімдер саны емес, нақты адамға қажетті көмектің уақтылы және атаулы түрде көрсетілуі маңызды», — деді Асқарбек Ертаев.
Министрлік мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді азаматтар үшін неғұрлым проактивті, атаулы және қолайлы ету мақсатында жасанды интеллектіні енгізу жұмыстарын жалғастырады.
#Жұмысқа орналастыру #Мемлекеттік қызметтер #Цифрландыру #Үкімет отырысы #Әлеуметтік қорғауҚазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу