ЖІӨ нақты өсімі 2021 жылы 2,8% деңгейінде болжануда — ҚР ҰЭМ

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Қазақстанның 2021-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы, «ҚР Ұлттық қорынан 2021-2023 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы», «2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР заңдарының жобалары, сондай-ақ «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2021 жылға арналған нысаналы трансферт бөлу туралы» ҚР Президенті Жарлығының жобасы қаралды. ҚР ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов баяндама жасады.

Еліміздің 2021-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы мынадай факторларды ескере отырып әзірленді:

  • 2019 жылғы жалпы ішкі өнім бойынша есептік статистикалық деректер мен осы жылдың қаңтар-шілде айларындағы экономиканың даму қорытындылары;

  • Әлемдік экономиканың өсуі бойынша халықаралық қаржы ұйымдарының жаңартылған болжамдары. Коронавирус пандемиясы аясында биыл әлемдік экономика 4,9%-ға төмендеп, 2021 жылы 5,4%-ға дейін өседі деп күтілуде;

  • Әлемдік тауар нарықтарындағы үрдістер. Халықаралық қаржы ұйымдарының 2021-2022 жылдарға арналған мұнай бағасына консенсус-болжамы бір барреліне тиісінше 45 және 55 долларды құрайды.

Министрдің айтуынша, Қазақстан экономикасының дамуын халықаралық рейтингтік агенттіктер оң бағалауда. Moody's және FitchRatings рейтингтік агенттіктері Қазақстанның рейтингін инвестициялық сенімділік деңгейінде растады.

«Олардың ішінде, жақында, биылғы 21 тамызда FitchRatings агенттігі “тұрақты” болжамымен “BBB” деңгейінде рейтингті растады. FitchRatings пікірінше, Қазақстанның рейтингі экономиканың фискалдық тұрақтылығын, экономиканы қолдаудың тиімді шараларын және ақша-кредит саясатын сәтті жүргізуді көрсетеді», — деді Р. Дәленов.

Ведомство басшысы атап өткендей, сыртқы және ішкі жағдайларды ескере отырып, Қазақстан экономикасын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған 3 ықтимал сценарийі әзірленді. Бұл — базалық, оптимистік және пессимистік сценарий. 

«Консервативті тәсілді ескере отырып, бюджеттік жоспарлау үшін базалық сценарийді пайдалану ұсынылады», — деді Р. Дәленов.

Базалық сценарийде жалпы ішкі өнімнің нақты өсуі 2021 жылы 2,8% деңгейінде болжанып отыр. 2025 жылы ол 4,6%-ға жетеді. Атаулы жалпы ішкі өнім 2021 жылы 76,7 трлн теңгені, ал 2025 жылы 104,8 трлн теңгені құрайды. 2021 жылы мұнай өндіру 86 млн тоннадан 2025 жылы 100,7 млн тоннаға дейін өседі. Барлық базалық салаларда оң өсім күтілуде.

«Өңдеу өнеркәсібі жылына орта есеппен 6,7%-ға өсіп, кен өндіру өнеркәсібіне қарағанда озық қарқынмен өседі. Кен өндіру өнеркәсібіне өсім 2,9% деңгейінде болады. Орташа жылдық өсу қарқыны ауыл шаруашылығында 6,2%, саудада 5,5% құрайды. Тауарлар экспорты 2021 жылы $41,4 млрд құрап, 2025 жылы $51,5 млрд дейін ұлғаю күтілуде. Импорт 2021 жылғы $36,3 млрд-тан 2025 жылы $37,8 млрд-қа дейін өседі», — деді Р. Дәленов.

«Қазақстан-2050» стратегиясының ұзақ мерзімді мақсаттарын ескере отырып, әлеуметтік-экономикалық саясаттың негізгі басымдықтары келесідей болады: 

  • Ынталандырушы макроэкономикалық саясат және қаржы нарығының дамуы; 

  • Салалардың бәсекеге қабілеттілігі және экономиканың өзін-өзі қамтамасыз етуі;

  • Инвестициялық және бизнес ахуалды одан әрі жақсарту;

  • Сапалы адами капитал;

  • Теңгерімді өңірлік даму;

  • Тиімді мемлекеттік сектор;

  • Проактивті сауда саясаты және экспортты ілгерілету.

Р. Дәленовтың айтуынша, 2021-2023 жылдарға арналған үшжылдық бюджетті қалыптастыру кезінде келесі болжамды параметрлер қолданылды: 

  • Жалпы ішкі өнімнің 2021 жылы 2,8%, 2022 жылы 3,7% және 2023 жылы 4,6%-дық нақты өсуі. 

  • 2021-2022 жылдары инфляция — 4-6%, 2023 жылы — 4-5%.

  • Мұнай өндіру көлемінің 2021 жылы 86 млн тонна, 2022 жылы 89,6 млн тонна және 2023 жылы 100,8 млн тонна деңгейінде болуы. 

  • Консервативті тәсілді ескере отрып, 2021-2023 жылдары мұнай бағасының бір барреліне $35 деңгейінде алынды.

Аталған макроэкономикалық көрсеткіштер негізінде келесі бюджет параметрлерінің болжамы қалыптасты. Республикалық бюджеттің кірістері (трансферттерді есепке алмағанда) 2021 жылы 6 926 млрд теңгені, 2022 жылы 8 566 млрд теңгені, 2023 жылы 9 217 млрд теңгені құрайды.

Р. Дәленов кепілдендірілген трансфертті 2021 жылы – 2 700 млрд теңге, 2022 жылы 2 400 млрд теңге және 2023 жылы – 2 200 млрд теңге мөлшерінде айқындау ұсынылатынын атап өтті.

«Кепілдендірілген трансфертті әлеуметтік міндеттемелерді қаржыландыруға бағыттау ұсынылады. Тиісінше, даму бағдарламаларын қаржыландыруды ұлғайту үшін 2021 жылы Ұлттық қордан 1 трлн теңге мөлшерінде нысаналы трансфертті тарту ұсынылады», — деді министр.

Осылайша, болжам бойынша түсімдер 2021 жылы 11,4 трлн теңге, 2022 жылы 11,8 трлн теңге, 2023 жылы 12 трлн теңгені құрайды.

Республикалық бюджеттің шығыстары 2021 жылы 14 049 млрд теңге, 2022 жылы 13 873 млрд тг, 2023 жылы 13 889 млрд теңге көлемінде болжануда.

Жалпы, әлеуметтік-экономикалық даму болжамы макроэкономикалық тұрақтылықты сақтауға, нәтижелі жұмыспен қамтуға, сонымен қатар ұлттық экономиканы тұрақты және сапалы дамытуға бағытталған.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу